Логика қайда? – Депутат ұшақтағы ақылы орынның бағасына шағымданды

11 Мамыр 2022, 11:56
1251
Бөлісу:
Логика қайда? – Депутат ұшақтағы ақылы орынның бағасына шағымданды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев елдегі әуе тасымалының сапасы мәселесін көтеріп, Үкіметке сауал жолдады.

Депутат еліміздегі рейстердің кешігуі мен кешігу кезінде көрсетілетін қызметтердің сапасына байланысты халық арасында наразылықтың бар екенін мойындау керегін айтты. 

Мысалы, 2020 жылдың қорытындысы бойынша 51 мыңға жуық рейстің 6 735 рейсі кешіктірілген, яғни шамамен әрбір 8-ші рейс кешігіп ұшқан. Ал 2021 жылы ұшқан 68,7 мың рейстің 12,8 мыңы кешіктіріліп, әрбір жүйелі рейстің бесіншісі уақытында ұшпағандығы анықталып отыр. Яғни ұшу рейстері айтарлықтай көбеймесе де, борттардың кешігу себептері шамамен екі есеге көбейген, - деді Елнұр Бейсенбаев.

Оның айтуынша, мұндай жағдайда әуе компаниялардың жауабы «ауа райының қолайсыздығына» байланысты деп қысқа қайыратыны бар. Бірақ 2021 жылдың қорытындысы бойынша 12,8 мың кешіккен рейстің 9045-і борттың кешігіп келуіне байланысты болып отыр. Оның ішінде «SCAT», «Qazaq Air» әуекомпанияларының әрбір төртінші рейсі кешіктіріліп отыр. Ал ең қызығы ауа айының қолайсыздығына байланысты деген тармақ бойынша небәрі 912 рейс кешіккен. 

Өздеріңіз білетіндей, ішкі рейстердің жиілігін көбейту мен халықтың ұшақпен пайдалану деңгейін арттыру мақсатында, Үкімет тарапынан 2022 жылы 24 бағыттағы рейстерді субсидиялауға 5,9 млрд қаржы бөлінгенін білесіздер. Ал оның ішінде 16 бағыт бойынша 5 млрд теңге «SCAT», «Qazaq Air» компанияларына бөлінетінін ескерсек, осы компаниялардың қандай сапалы қызметіне осыншама қаржы бөлінуі тиіс?! Біле білсеңіздер, рейстің кешігуі бойынша смс-хабарламаны арнайы қызмет ретінде ақылы пайдаланамыз. Ал Қазақстан Республикасының «Әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» заңының баптарына сәйкес, авиакомпанияның кінәсінен рейстерді кешіктіру немесе олардың болмауы кезінде ұсынуға міндетті ыстық тамақ, қонақ үйге орналастыру, көлік трансферті сияқты қызметтерін ішкі рейстерде сапалы ұйымдастырғанын естімеппіз. Тек, БАҚ-ның араласуының арқасында қоғамдық резонанс туындатып ғана тұтынушылар қол жеткізіп жатады, - деп айтты депутат.

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев жауапты министрлік кешігуді қалыпты жағдай ретінде қабылдамай, керісінше қызмет сапасын көтеруге бағытталған жұмыстарды реттеу қажет екенін ескертті.

Сондай-ақ әуекомпаниялардың онлайн тіркеу қызметін көрсетудегі арнаулы ақылы орындардың бағасы бойынша шағымдар жиілеп келеді. Біріншіден, лоукостердегі тегін орындардың өзі автоматты түрде таңдалады. Екіншіден, Air Astana  компаниясының эконом санаттағы ақылы орындары 15 мың, ал лоукестер саналатын Fly Arystan компаниясында 6,5 мың теңгеге дейін жетеді. Ыңғайлылық үшін билет құнының жартысын төлеу қаншалықты әділетті?! Бұл ішкі рейстердегі ыңғайлы орынның құны, ал өзге елден ұшатын уақытта арнаулы орынның бағасы екі есеге артады. Мысалы, Түркиядан Air Astana компаниясының ақылы орын қызметі 25 мың теңгені құрайды. Логика қайда?! – дейді мәжілісмен.

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Склярға жолдаған депутаттық сауалында қазақ әуеиндустриясының ахуалын еуропалық стандарттарға сай реттеу қажеттігін ұсынды. Ол алдағы жазғы демалыс күндерінде елдің сапар байланысын уақыттында сапалы қамтамасыз ету үшін рейстердің кешігу жиілігін реттеуді қолға алуды сұрады.

Өзгелердің жаңалығы