Үлкен қауіптің алдын алған сарбаз

9 Мамыр 2019, 10:14
3134
Бөлісу:
Үлкен қауіптің алдын алған сарбаз

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Құсмұрын ауылында бес адамды өрттен құтқарған қостанайлық сарбаз Медет Балабиев Отан қорғаушылар күніне орай, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Ерлігі үшін» медалін алған болатын. ҚР Ұлттық ұланы Орталық өңірлік қолбасшылығына қарасты 66 97 әскери бөлімінде марапат иесімен кездесу өтті.

Кездесуге қорғаныс саласының ардагерлері мен жауынгерлер, сондай-ақ, Құсмұрын ауылындағы тілсіз жаудан аман қалған отбасы мүшелері қатысты. Жиын барысында сөз сөйлеген 66 97 әскери бөлімінің штаб бастығы, подполковник Ғалымжан Кибаев өрт кезінде тез шешім қабылдап, батылдық көрсеткен сарбазды мақтан тұтатынын, оның ерлігін жас буынға үлгі ету керектігін айтты. 

Үлкен қауіптің алдын алған сарбаз
«Бұл медаль – біздің әскери бөлімнің жарты ғасырлық тарихындағы мемлекет басшысы қолынан алынған тұңғыш марапат», - деді подполковник Ғалымжан Кибаев.
Анастасия Калашникова анасы мен үш баласын өрт ортасынан аман алып шыққан сарбазға алғыс жаудырды.
«Егер ас үйдегі газ баллоны жарылғанда біздің үй ғана емес, көршілеріміз де зардап, қайғы-қасірет шегер еді. Осындай жағдайдың алдын алған жауынгерге басымызды иіп, ауылдастар атынан рақмет айтамыз», - дейді Анастасия Калашникова.
Еске сала кетейік, сарбаз ерлік көрсеткен оқиға 2019 жылы 9 қаңтар күні Әулиекөл ауданының Құсмұрын ауылында көпқабатты үйлердің бірінде болған. Көмекке шақырған дауысты естіп, бірінші жеткен сержант жалын шарпыған пәтердің ас бөлмесіне кіріп, дереу жанып жатқан баллонды сыртқа алып шыққан. Сөйтіп, үлкен қауіптің алдын алады.
Медет Балабиевтің өзі бұл әрекетін үлкен ерлік деп санамайды.
«Мен борышымды атқардым, мұндай сәтте әр азамат дұрыс әрекет етуі керек», - дейді ол

Өзгелердің жаңалығы