Лионель Месси Ламин Ямальды жаңа буынның үздік ойыншысы деп атады

Жас футболшы алдағы жылдары әлем футболының басты тұлғаларының біріне айналуы мүмкін.

 pixabay.com Бүгiн 2026, 10:16
Бүгiн 2026, 10:16
166
Фото: pixabay.com

Аргентиналық аңыз футболшы Лионель Месси «Барселона» клубының вингері Ламин Ямальдың талантына жоғары баға беріп, оны әлем футболындағы жаңа буынның басты өкілдерінің бірі деп атады, деп хабарлайды BAQ.KZ Sports24.kz-ке сілтеме жасап.

Adidas ұйымдастырған іс-шара барысында Месси 18 жастағы испаниялық футболшының қазірдің өзінде өте жоғары деңгейде ойнап жүргенін және үлкен әлеуетке ие екенін айтты. Оның сөзінше, Ямаль оған мансабының басындағы өзін еске салады.

Қазір алда ұзақ жылдары бар өте мықты футболшылардың жаңа буыны өсіп келеді. Бірақ егер біреуін таңдау керек болса – жасы, қазірдің өзінде көрсетіп жүрген ойыны және болашағы тұрғысынан бұл – Ламин. Менің еш күмәнім жоқ – мен үшін ол ең үздік, – деді Месси.

Аргентиналық футболшы жас ойыншының алдағы жылдары әлем футболындағы негізгі тұлғалардың біріне айналуға қажет барлық қасиетке ие екенін де атап өтті.

Ламин Ямаль қазірдің өзінде қазіргі футболдың ең болашағы зор ойыншыларының бірі саналады. «Барселонаның» түлегі клуб сапында да, Испания құрамасында да жас ерекшелігіне қатысты бірнеше рекорд орнатқан. Сарапшылар оны жиі Мессимен салыстырады.

2025/26 жылғы маусымда Ямаль барлық турнирде 45 матч өткізіп, 24 гол соғып, 18 нәтижелі пас берген.

Наверх