Лифтіні пайдалану қауіпті: Сенатор мәселе көтерді

29 Маусым 2023, 14:35
1184
Бөлісу:
Лифтіні пайдалану қауіпті: Сенатор мәселе көтерді
Фото: Сенат баспасөз қызметі

Депутат Бекбол Орынбасаров Сенаттың жалпы отырысында еліміздегі лифт шаруашылығындағы мәселелерді көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, қазіргі уақытта жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік билік органдары арасында газ және лифт шаруашылығы саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі нормативтік құжаттар деңгейінде бірқатар реттелмеген мәселелер бар.

Қазір осы салада көптеген жинақталған проблемалар бар екендігін көріп отырмыз. Мысалы лифтілердегі ескірген көтергіштердің үстемдігі және пайдалану компаниялары тарапынан тиісті қызмет көрсетудің жоқтығы. Қолданыстағы лифттердің нормативтік мерзімі 25 жыл болса, қазіргі кезде қолданыстан шығаруға тиіс лифтілердің көбеюі сынды мәселелер туындады, - деді сенатор Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында.

Сенатор қазіргі уақытта әкімдіктер тұрғын үйлер мен әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінде орналасқан тұрмыстық баллондар мен газ тұтыну жүйесін ғана бақылап отырғандығын алға тартты.

Кәсіпорындарда бұл жағдайдың алдын алу үшін дабыл қағатын құралмен қамтамасыз етілген. Ал, қарапайым халықта мұндай құрылғы мүлдем жоқ. Осы мәселелер нақты шешімін таппаған кейін, түрлі оқиғаларға әкеліп соқтырып жатыр. Мысал ретінде, ағымдағы жылдың 17 сәуірінде Жаңаөзен қаласындағы екі қабатты тұрғын үйде орын алған қайғылы оқиғаны айтуға болады. Одоризациялық қондырғылардың режимдік жұмысы бақылаусыз және қадағалаусыз қалып отырғаннан кейін, болашақта тағы бір жағдай орын алмауына ешқандай кепіл жоқ, - деді депутат.

Бекбол Орынбасаров осыған байланысты Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа газ және газбен жабдықтау саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін қайта қарауды, сондай-ақ қауіпті жүк көтергіш механизмі бар лифтті пайдалану мәселелерін Төтенше жағдайлар министрлігінің қарауына беруді қарастыруды ұсынды.

Өзгелердің жаңалығы