Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шымкентте «Мирас» университетінің магистрант түлектері дипломдарына қол жеткізе алмай отыр. Бұған ЖОО-ның лицензиясынан айырылуы себеп.
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлады.
Енді студенттер не істерін білмей отыр. Олардың университет табалдырығын тоздырғанына бір ай уақыт өтіпті. Ал ЖОО ректоры бұл мәселені шешуге тырыспайтын көрінеді.
Магистранттардың бірі Қамалбек Махмұдовтың айтуынша, 176 бітіруші түлек дипломдарын ала алмай отыр.
Күтіңіздер, шыдаңыздар дейді. 176 магистрант бұл жерден диплом алуға үмітті. Күнде оқу орнына келе бастаған соң ғана бізге ЖОО-ның лицензиясынан айырылғаны туралы хабарлама жіберілді. Ал дипломдарымызды басқа ЖОО-мен біріктірілген соң алады екенбіз-мыс, - дейді ол.
Магистрант Нұрғайша Достаева ЖОО қабырғасында барлығы үшін төлеп келгенін айтады. Сессия, рейтинг, тәжірибеден өту, диплом қорғау үшін ақша жинаған дейді.
Бұл жолы магистранттармен кездесуге жекеменшік оқу орнының вице-президенті шықты. Ақмарал Даниярованың сөзінше, ақша жинау фактілері туралы хабарсыз. Алайда диплом беру мәселесін шешуге тырысады. Айтуынша, дипломдар тамыз айының соңында берілуі мүмкін.
5 тамызда «Мирас» университетін лицензиясынан айыруға қатысты істің апелляциялық тыңдалымы өтеді. Сот отырысының нәтижесі бойынша дипломдардың «Мирас» атынан немесе басқа серіктес-ЖОО-лар атынан берілетіні анықталатын болады. Қазір бірнеше ЖОО-мен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Дегенмен біздің білім беру бағдарламаларымызды қамтитын бірде-бір университет табылмай жатыр, - деді «Мирас» университетінің операциялық басқармасының вице-президенті.
Ал ҚР БҒМ білім беру сапасын қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова не себепті бітіруші түлектерге дипломдар берілмей жатқанын түсіндірді.
Лицензиясынан айыру туралы шешім қабылданғандықтан, оған қоса университеттің білім беру қызметінің аккредитациясының болмауы салдарынан ЖОО түлектеріне дипломдарын бере алмады. Осыған орай министрлік тарапынан жұмыс тобы құрылып, түлектер тиісті дипломдарын алу үшін басқа ЖОО-ға ауыстыру жұмыстары қолға алынды, - деді ол.
БҒМ хабарлауынша, бұндай жағдайға тап болмауға болар еді. Себебі осы мәселені шешу үшін ЖОО-ға екі жылдай уақыт берілген екен.