Күні кеше Сенатта Қазақстан аумағында ЛГБТ насихатына толықтай тыйым салатын заң қабылданды. Екі оқылымда қаралып, мақұлданған құжат "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі және құқыққа қайшы контенттің таралуын шектеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" деп аталады.
ЛГБТ насихатын шектеуге қатысты қабылданған заң жобасының мәні мен мақсаттары туралы BAQ.KZ тілшісі зерделеп көрді.
Баланың мүддесі мен ақпараттық қауіпсіздік
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, бұл бастама Парламент Мәжілісінде көтеріліп, «Архив ісі туралы» заң аясында қаралған.
Нақтырақ айтқанда, ЛГБТ насихатын шектеу нормалары әзірленген заң жобасының ішінде 9 заңға енгізілген түзетулер пакеті ретінде қарастырылды. Жұмыс барысында уәкілетті мемлекеттік органдар, салалық мамандар және құқық қолдану тәжірибесін білетін сарапшылардың ұсыныстары ескерілді, - деп атап өтті депутат.
Депутаттың сөзінше, заң қабылдауға түрткі болған басты себеп – балалардың ақпараттық қауіпсіздігіне қатысты қоғамдық сұраныстың күшеюі. Соңғы жылдары интернет пен әлеуметтік желілер арқылы жасөспірімдерге ықпал ететін контент көлемі артқан. Ал қолданыстағы құқықтық тетіктер кей жағдайларда кәмелетке толмағандарды толық қорғауға жеткіліксіз болған. Осыған байланысты заң баланың мүддесін басым қоюға бағытталған қорғаныс шарасы ретінде қабылданған.
Еділ Жаңбыршин бұл құжаттың басты мақсатын бір сөйлеммен былай сипаттайды:
Бұл заңның басты мақсаты – балаларды зиянды ақпараттық ықпалдан қорғау және отбасы институтын нығайту.
Заң адамдарға емес, насихатқа қатысты
Сонымен қатар депутат бұл заң белгілі бір топқа қарсы бағытталмағанын атап өтті. Оның түсіндіруінше, құжат адамдардың өзіне емес, қоғамдық кеңістікте насихат сипатында таралатын ақпаратқа қатысты. Заңның өзегі – кәмелетке толмағандарға әсер ететін контентті шектеу және ақпараттық ортада баланы қорғау. Яғни жеке өмірге қол сұғылмайды, азаматтардың негізгі құқықтары заң аясында сақталады.
Сонымен қоса депутат заңды қолдану кезінде оны асыра пайдалану немесе субъективті түсіндіру қаупі бар-жоғына қатысты депутат кез келген реттеу тетігінде мұндай тәуекел болатынын жасырмайды.
Мұндай тәуекел кез келген реттеу кезінде болуы мүмкін. Сондықтан оны азайту үшін нақты құқықтық анықтамалар, уәкілетті органдардың құзыреті, рәсімдік тәртіп және сот арқылы даулауға болатын механизмдер маңызды. Яғни норманы қолдану дәлелге, процедураға және құқықтық бақылауға сүйенуге тиіс, - деді Еділ Жаңбыршин.
Халықаралық тәжірибе және егемен шешім
Жаңбыршиннің айтуынша, балаларды қорғауға бағытталған осындай шектеулер бірқатар елдерде бар. Мысалы, Ресей, Венгрия және Литвада балаларға зиянды ақпараттарды насихаттауға тыйым салатын заңдар қабылданған.
Ал АҚШ президенті Дональд Трамп бір жынысты некелерге шектеу қойып, АҚШ-та тек әйел және ер жынысы болатыны жөнінде жарлық шығарды. Қазақстан ұстанған тәсіл – ақпараттық қауіпсіздік және кәмелетке толмағандарды қорғау логикасына негізделген модель: яғни қоғамның құндылықтарын сақтай отырып, әсіресе балалар аудиториясына бағытталған насихатты шектеу, - дейді ол.
Батыс елдері немесе халықаралық ұйымдар тарапынан қысым мен санкция қаупіне қатысты депутат пікірталастар болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды, бірақ бұл автоматты түрде санкцияға әкеледі дегенді білдірмейді дейді. Қазақстан бұл заңды ішкі қоғамдық сұраныс, баланың мүддесі және ұлттық қауіпсіздікпен қатар қарастырылатын ақпараттық қауіпсіздік қағидаты тұрғысынан түсіндіреді. Көптеген мемлекеттер өз құндылықтары мен балаларды қорғау саясатын дербес жүргізеді, бұл – егемен елдің құқығы.
«Баланың мүддесі – басым қағида»
Депутаттың пайымынша, халықаралық міндеттемелер мен адам құқықтары жөніндегі конвенциялар аясында да Қазақстан бұл норманы БҰҰ жүйесінде бекітілген «баланың мүддесі – басым қағида» ұстанымымен байланыстырады. Мемлекет балаларды зиянды ақпараттық әсерден қорғауға міндетті, ал ақпараттық кеңістікті реттеу – көптеген елдерде қолданылатын тәжірибе.
Сондай-ақ депутат Қазақстанның 2022 жылдың қарашасында Geneva Consensus Declaration on Promoting Women’s Health and Strengthening the Family декларациясына 37-мемлекет болып қосылғанын еске салды. Бұл құжат отбасының қоғамдағы рөлін және мемлекеттердің ұлттық саясат арқылы отбасы мен балаларды қорғау құқығын айқындайды.
Осы тұрғыда, Жаңбыршиннің пікірінше, қабылданған заң Қазақстанның халықаралық имиджіне кері әсер етпейді. Керісінше, бұл елдің балалар қауіпсіздігі мен отбасы институтына жауапкершілікпен қарайтынын көрсететін ұстаным ретінде ұсынылады.
"Жат құбылыстан қорғау, отбасы институтын нығайту"
Сенат депутаты Амангелді Есбай жат ағымды насихаттауға тыйым салатын заң жобасын осылай сипаттады.
Дәстүрлі емес жыныстық бағдарды насихаттауды шектеуге бағытталған нормалар жас ұрпақты қоғамға жат құбылыстардан қорғауға, отбасы институтын нығайтуға, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге және адамгершілік-рухани тәрбиені қамтамасыз етуге жағдай жасайды, - дейді сенатор.
"Әкелер одағы": Баланың санасына әсер ететін насихатқа шек қою керек
«Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбеттің айтуынша, ұйым бірнеше жылдан бері ЛГБТ мәселесін тұрақты түрде көтеріп келеді. Бұған мектептерде, қоғамдық ұйымдарда, әсіресе балаларға арналған кітаптар мен мультфильмдерде ЛГБТ насихатының көбейіп кетуі себеп болған.
Оның сөзінше, тек биылдың өзінде ЛГБТ-ны насихаттайтын 1559 түрлі материал тіркелген. Осыған байланысты «Әкелер одағы» Мәжілісте қолдау тауып, кеше Сенатта мақұлданған ЛГБТ-ға тыйым салатын заң жобасына Президенттің қол қоюын құптайды. Мақсұтбек Айтмағанбет бұл бастама кезінде 50 мыңнан астам адам қол қойған петициямен де үндес екенін атап өтті. Аталған петицияға «Әкелер одағы» да қол қойған.
Ұйым төрағасының айтуынша, басты мәселе – балаларды қорғау. Оның пікірінше, 18 жасқа толмаған бала ақ пен қараны толық ажырата алмайды, психологиялық тұрғыда әлі қалыптасу кезеңінде болады. Сондықтан балалар арасында ЛГБТ-ны насихаттауға жол бермеу қажет.
Бұл жерде біздің мақсатымыз – балаларға мұны жақсы, дұрыс нәрсе ретінде көрсетуге қарсы тұру. Өйткені кейбір елдерде бірінші ата-ана, екі ана, екі әке сияқты жағдайлар көбейіп кетті. Соның алдын алу үшін қазірден бастап ел болып, халық болып шектеуіміз керек, – деді одақ басшысы.
Сонымен қатар Мақсұтбек Айтмағанбет бала құқықтарын алға тартып, бұл заңға қарсы шығып жатқан ұйымдар бар екенін де айтты. Алайда ол ЛГБТ-ға қатысы жоқ, басым көпшіліктің құқығын қорғау маңызды екенін алға тартады.
ЛГБТ-ны насихаттауға, оны кино әлеміне алып келуге, балаларға бағыттауға тыйым салатын уақыт келді, – деді «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы.
Заң бұзғандар қалай жазаланады?
Сенатор Руслан Рүстемовтің айтуынша, қабылданған жаңа нормалар Қазақстан аумағында қолжетімді болғанымен, шетелде өндірілген медиаконтентке де қолданылады. Атап айтқанда, бұл талаптар фильмдерге, сериалдарға және түрлі онлайн-платформаларға қатысты болады. Мұндай контентке байланысты реттеу жұмыстарын тиісті салалық ведомство жүзеге асырады.
Оның сөзінше, Мәдениет және ақпарат министрлігі Қазақстан аумағында жұмыс істейтін әлеуметтік желілердің, онлайн-платформалардың және халықаралық ұйымдардың өкілдерімен бірлесіп, заң нормаларын түсіндіру бағытында толыққанды жұмыс жүргізеді.
Заң талаптары алғаш рет бұзылған жағдайда 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу көзделген. Ал бір жыл ішінде құқықбұзушылық қайта тіркелсе, айыппұл көлемі ұлғайтылуы немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу шарасы қолданылуы мүмкін.
Сенатордың айтуынша, бұл норма автоматты түрде емес, өтініш беру тәртібімен іске асады. Яғни міндетті түрде өтініш түсуі қажет, тек содан кейін ғана бағалау және тексеру рәсімі басталады.
Аталған бап бойынша құқық қолдану үдерісі өтініш негізінде жүзеге асырылады. Өтініш әртүрлі жолмен берілуі мүмкін: e-Otinish платформасы арқылы, өзге форматтағы шағым ретінде немесе полиция органдарына жолданған арыз түрінде. Негізгі қағида – өтініштің болуы. Алдымен өтініш тіркеледі, содан кейін ғана осы бап аясында нақты жұмыс жүргізіледі.
Сонымен қатар Руслан Рүстемов мониторинг жұмыстары тәулік бойы, яғни 24/7 режимінде жүргізіліп отырғанын айтты. Бұл ретте жалпы статистика қалыптастырылып, осындай сипаттағы контенттің шамамен қандай көлемде болуы мүмкін екені есепке алынады.