Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алаяқтар карантин кезеңінде адамдарды алдаудың жаңа жолын тапқандай. Ал әлеуметтік желі жұртты арбаудың ең оңай ортасына айналып отыр. Осылайша, алаяқтар танымал адамдардың жақындары мен оқырмандарынан ақша сұрауды шығарыпты.
Сондай-ақ олар пайдаланушыларға танымал банктер мен ірі компаниялар атынан түрлі акциялар, бірегей қаржылық қызметтер, жүлделер ұтысы және тағы басқасы ақпараты бар электрондық хаттарды белсенді түрде жіберуі мүмкін. Киберқылмыскерлер пайдаланушыларға қайырымдылық жасауды және коронавирустан зардап шеккендер үшін ақша аударымын жасауды ұсынады. Бұл фишинг деп аталады. Фишинг – интернет-алаяқтықтың түрі, қаскөйлер пайдаланушылардың конфиденциалды деректерін "сұрайды".
Мәселен, танымал блогер Әлішер Елікбаев алаяқтардың белсенді бола түскенін айтқан еді.
Телеграмдағы менің атымнан ақша сұрап хат жаза бастады. Кейбіреулері таңғы 5-те де жазған. Құдайға шүкір, менің оқырмандарымның көпшілігі адекватты және менің "брат" сөзін айтпайтынымды біледі. Менің бір оқырманым ауылда мұғалім болып істейді екен, оған да менің атымнан осындай хат келіпті. Ол болса маған "менен қарызға алатын күніңіз тумасын деп жазып жіберіпті, - деді блогер.Елікбаев оқырмандарын оның атынан ақша сұрап келетін sms-терге алданбауларын сұрады.
Мына жазбамды таратуларыңызды сұраймын. Себебі сіздің жақындарыңыз бен туыстарыңызға менің атымнан ақша сұрап жазуы әбден мүмкін. Бұл алаяқтық туралы барлығы біледі, алайда алданып қалатындар да шығуы мүмкін. Сол үшін барынша ақпараттандырайық, - деді ол.
Танымал саясаттанушы Саясат Нұрбек те алаяқтар оның атынан шығып ақша сұрап жатқанын жазды.
Қадірлі достар. Алаяқтар! Сақ болыңыздар! Мен үйдемін, ауруханадан шықтым, Аллаға шүкір. Менің атымнан шығып жатыр ақша сұрап, жексұрындар, - деп жазды Саясат Нұрбек.Қаржы нарығын реттеу және және дамыту агенттігі осындай алаяқтарға алданып қалмаудың жолдарын ұсынған еді. Тағы да естеріңізге саламыз.
Не істеу керек? Кибергигиенаны сақтаңыз.
1. Төлемдерді растау үшін қолданылатын парольдерді, кодтар немесе өзге де конфиденциалды деректерді ешқашан ешкімге айтпаңыз. Заманауи қауіпсіздік жүйелерін жасау кезінде парольдер мен кодтардың басқа адамдарға берілмеуі қарастырылған.
2. URL-мекен жайларын тексеріңіз. Әсіресе, бейтаныс жөнелтушілерден алынған сілтемелерді тексеріңіз. Көп жағдайларда қаскүнемдер жазылуы ұқсас домендерді қолданады.
3. Конфиденциалды ақпаратты, мысалы, пароль енгізу қажет сайттарда HTTPS:// префиксінің болуын тексеріңіз.
4. Заманауи браузерлердің басым бөлігінде жаппай фишинг-шабуылдарға қарсы кіріктірілген механизмдер болады. Браузердің қауіп-қатерлер туралы хабарларына назар аударып отыру қажет.
5. Егер ұйымның сайты немесе парағы сізде жалған сайт (фейк) деген күдік туғызатын болса, сол ұйыммен байланысып, әсіресе, интернет-банкинг жүйесінде төлем жасағыңыз келсе, ақпаратты нақтылап алыңыз. Ең дұрысы, банкке телефон соғып, ақпаратты тексеру қажет. Және де, есіңізде болсын, банк менеджерлері клиентке бірінші болып хабарласпайды, сондықтан, егер сіздің шотыңыздағы түсініксіз транзакцияларды бұғаттау үшін сізге телефон соғып, SMS-пен келген кодты сұраса, сөйлесуді доғарып, менеджерге хабарласыңыз.
6. Егер сіз күдікті сайтта тіркелген болсаңыз, онда өзіңіздің дербес деректеріңізді қорғау үшін электрондық поштаңызды ауыстырған дұрыс.
Осы қарапайым, алайда, тиімді қағидаларды сақтау ақшаңызды қаскүнемдерден сақтап қалуға мүмкіндік береді.