Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Әлеуметтік төлемдермен 4 млн-ға жуық адам қамтылған. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов халық алдындағы есептік кездесуінде айтты.
Министрлік бюджеттің 85 пайызынан астамы тікелей халыққа төленетін төлемдер. 3 трлн 400 млрд теңге тікелей халыққа әлеуметтік төлем жасалады. 4 млн-ға жуық адам қамтылып отыр. Төлемдердің түрі – 39. Оның ішінде 2 млн 200 мыңнан астам зейнеткер, 1 млн 700 мыңнан астам басқа мемлекеттік жәрдемақы алушылар бар, - деді министр.
Министр атағандай, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры да бар.
Қор 5 әлеуметтік төлемнің түрін қамтиды. Оған асыраушысынан, жұмыстан, әйелдердің босануына, жұмыс істеп жүрген әйелдердің баланың бір жасқа дейінгі күтіміне қатысты төлемдер енеді. Осындай төлемді 825 мың адам алып келеді. Әлеуметтік төлемдер ешқандай дағдарысқа қарамастан, оның шығындары қысқартылмайды. Биыл зейнетақы мен жәрдемақылар инфляцияға қатысты көбейді. Былтырғы жылға қарағанда жәрдемақылар 10 пайызға, зейнетақылар 12 пайызға көбейді, - деді Нұрымбетов.
Сондай-ақ, министр жыл басынан бері қордан алатын еңбек ету мүмкіндігінен айырылған адамдардың төлемдер 69 пайызға, асыраушысынан айырылғандар 41 пайызға, жұмысынан айырылғандардың төлемдер 44 пайызға көбейгенін айтты.