Әлеуметтік бастамаларды ілгерілету міндеті тұр – Латифша Асанов

22 Сәуір 2019, 19:44
3621
Бөлісу:
Әлеуметтік бастамаларды ілгерілету міндеті тұр – Латифша Асанов
Фото: автордан

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкент қалалық түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Латифша Асанов сәуірдің соңына белгіленген Ассамблеяның кезекті сессиясын неліктен асыға күтетінін айтып берді.

"29 сәуірде Нұр-Сұлтанда өтетін ҚХА XXVII сессиясын асыға күтіп жүрміз. Өйткені, Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтетін алқалы басқосуда еліміздегі әлеуметтік-саяси, мәдени-рухани салаларына қатысты маңызды міндеттер сөз болады", - деді Латифша Асанов. 

 Оның айтуынша, еліміздегі баянды бастамалар тұрақтылық пен келісімнің бұдан әрі нығаюына, еліміздің жан-жақты дамуына өз септігін тигізіп келеді.

"Биыл 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында өтетін сессия да барша қазақстандықтар үшін жағымды жаңалықтарымен ерекшеленетініне сенеміз. Бейбітшілік пен келісім формуласы: әлеуметтік бірлік және жаңғырту» тақырыбында өтетін сессияда Ассамблея мүшелері алдында бірлік пен келісімді нығайту, әлеуметтік бағыттағы жұмыстарды жандандыру жұмыстарына ерекше назар аударылады деген ойдамыз. Өйткені, әлемде болып жатқан үдерістерге көз салар болсақ, дағдарыс қаржылық, экономикалық салалармен ғана шектелмей, әлеуметтік, этносаралық және дінаралық мәселелердің ушығуына себепкер болуы мүмкін. Осыған орай, елімізде дағдарысқа қарсы кешенді шаралар қолға алынды. Мұндай шаралар тек қана экономика және әлеуметтік салалармен қатар, идеологиялық бағытта да кідіріссіз жұмыс істеуде. Алдымызда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуі және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы аясындағы бастамаларды ілгерілету міндеттері тұр", - дейді Латифша Асанов. 

Қазақстан халқы Ассамблеясының қайырымдылық саласында ауқымды жұмыс жүргізіп келеді. Өткен жылдың ІV тоқсанында Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен қала аумағында 19 қайырымдылық іс-шарасы ұйымдастырылыпты. 122 азаматқа 1,8 млн теңгенің көлемінде көмек көрсетілген. Биыл ҚХА-ның «Қайырымдылық керуені» акциясы аясында ай сайын «Сарқыт», «Сыбаға», «Шашу», «Асар» сынды айдарлармен қайырымдылық іс-шаралары өткізіліп, қала аумағындағы көмекке мұқтаж 100-ден астам азаматқа 2 млн теңге сомасында көмек берілген. Этномәдени бірлестіктердің көп балалы аналарға сый-құрмет көрсету, балалар үйлеріндегі қайырымдылық бағыттағы түрлі шаралары тұрақты жалғасып келеді. 

"Мемлекетте қоғамдық-саяси тұрақтылық болмай, экономикалық салада жетістік болмайтыны мәлім. Сондықтан, халқымыздың бірлігін бұдан әрі нығайту міндеті тұр. Қашанда еліміздегі маңызды бастамаларды іске асыруда алдыңғы қатарда жүрген ассамблея мүшелері алдағы уақытта да бір шаңырақ астында бір үйдің баласындай белсенділік танытамыз", - деді бірлестік төрағасы.

Өзгелердің жаңалығы