Ләззат Қалтаева АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасарымен кездесті

12 Сәуір 2022, 11:12
1645
Бөлісу:
Ләззат Қалтаева АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасарымен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенатор Ләззат Қалтаева қазақстандық парламентшілер делегациясы құрамында Америка Құрама Штаттары Мемлекеттік хатшысының орынбасары Узра Зеямен кездесті. 

Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесуде Қазақстан мен АҚШ арасындағы түрлі салалардағы ынтымақтастық, соның ішінде парламентаралық өзара іс-қимылды кеңейту мәселелері талқыланды.

Ләззат Қалтаева мүгедектігі бар адамдарға тең мүмкіндіктер жасау жөніндегі мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шаралар және олардың құқықтарын қорғау мәселелері туралы айтып берді. Депутаттың айтуынша, біздің мемлекет мүгедек адамдардың құқықтарын қорғау саласында кедергісіз орта құру, инклюзивті білім беруді дамыту, әлеуметтік қамсыздандыру және мүгедек адамдардың сайлау құқығын іске асыру мәселелерін шешуге ерекше назар аударып келеді.

Көру, есту және ұтқырлық қабілеті бұзылған адамдарға сайлау учаскелерінің қолжетімділігі, ақпаратқа және сайлау процесіне қол жеткізу мәселелері азаматтық қоғамда көтерілді және шешілді. Пассивті сайлау құқығын іске асыру және мүгедек адамдарға биліктің өкілді органдарында квота сияқты уақытша оң кемсітушілік нормасын енгізу мәселесі де ерекше болды. 2021 жылғы желтоқсанда мұндай ереже Қазақстан заңнамасында пайда болды. Бірақ 2016 жылдан бастап жергілікті деңгейде мүгедектігі бар адамдар арасынан депутаттар саны өсіп келе жатқанын айтқым келеді, - деді сенатор.

Ләззат Қалтаева мүгедектігі бар адамдар үшін қолайлы өмір сүру жағдайларын жасау тұрғысынан АҚШ пен Қазақстан арасында тәжірибе алмасуға қатысты мәселелерге де тоқталды. Сенатор қоғамды дамытуда тәжірибе алмасу өте тиімді екенін атап өтті.

Көру, есту және сөйлеу қабілеті бұзылған адамдар үшін, әсіресе, цифрлық технологиялар саласында ақпаратқа қол жеткізу мәселелері маңызды болып табылады. Covid-19 пандемиясы осы санаттағы адамдарға аса маңызды әрі уақтылы ақпарат алу мен мемлекеттік қызмет көрсетудегі бүкіл әлемде орын алған проблемаларды айқын көрсетті. Easy-to-Read сипатындағы ақыл-ойы бұзылған адамдарға арналып  әлемде және біздің елімізде таратылатын ақпаратқа қол жеткізу мәселесін бөлек атап өткім келеді. Бұл салада сараптамалық қолдау да өте пайдалы болар еді, - деді сенатор.

Депутат сондай-ақ мүгедек адамдарды кәсіпкерлік қызметіне қолдау көрсету және елімізде инклюзивті бизнес моделін одан әрі дамыту мәселелеріне назар аударды.

Өзгелердің жаңалығы