Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Лаура Қарабасова: Жапония үлгісімен жауапты азамат тәрбиелеу керек

Олжас АДАЙ
Бүгiн, 11:55
122
Бөлісу:
 автордан  Олжас Адай
Фото: автордан Олжас Адай

Мектепке дейінгі тәрбиеден бастап жоғары білімге дейінгі жүйеде қауіпсіз орта қалыптастыру мен жастардың жауапкершілігін арттыру маңызды. Бұл туралы Ұлттық құрылтай отырысында Жұбанов университетінің ректоры Лаура Қарабасова айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ең алдымен, мектепке дейінгі тәрбиеде баланы қауіпсіз ортада, өздігінен әрекет етуге және өмірлік маңызы бар дағдыларға баулу маңызды. Осы орайда, Жапония тәжірибесіндегідей мектептерде ұжымдық жауапкершілікті үйрету аса қажет. Мәселен, тазалық апталықтарын өткізу, өз отырған орнын жинау секілді қарапайым дағдыларды қалыптастыру, – деді ректор.

Оның айтуынша, жоғары білім беру саласында студенттің өз елі мен қоғам алдындағы жеке миссиясын қалыптастыруға бағыттау ерекше маңызды. Бұл жұмыс бір реттік сыныптан тыс шаралармен шектелмеуі тиіс, керісінше оқу процесіне интеграцияланған міндетті компонент болуы қажет.

Осыған орай, біздің университетімізде соңғы екі жыл қатарынан жүзеге асып келе жатқан, студенттерге құндылықтық бағдар беретін менторлар институтының жұмысын ерекше атап өткім келеді. Бұл институт жастардың кәсіби, тұлғалық және азаматтық әлеуетін мемлекетшілдік мүддемен ұштастыруға мүмкіндік береді, – деді Лаура Қарабасова.

Сондай-ақ ол аталған тәжірибені барлық жоғары оқу орындарына, соның ішінде техникалық және кәсіптік білім беретін мекемелерге енгізуді ұсынды.

Біз осылайша жауапкершілігі жоғары, саналы, еркін ойлайтын, адал азаматтарды тәрбиелей аламыз деп сенемін, – деді Жұбанов университетінің ректоры.

Еске салайық, бұған дейін Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Ұлттық құрылтай бастамалары аясында 6 заң қабылданғанын және ғылым мен білім саласында жаңа жүйелі өзгерістер басталғанын мәлімдеген еді. 

Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қызылорда қаласында өтіп жатыр.

Жиында Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, Ұлттық құрылтай мүшелері қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты ұсыныстарын ортаға салады.

Ұлттық құрылтайдың бұған дейінгі отырыстары:

2022 жылы – Ұлытауда;

2023 жылы – Түркістанда;

2024 жылы – Атырауда;

2025 жылы – Бурабайда өтті.

Маңызды жиыннан BAQ.KZ тілшілері Гүлжан Раманқұлова мен Мақпал Орынбек онлайн режимде тікелей ақпарат таратады. Құрметті оқырман, басты жаңалықтардан хабардар болу үшін лентамызды қадағалап отырыңыз.

Өзгелердің жаңалығы