Лауазымды тұлғалардың табысынан айыппұлдары көп

30 Сәуір 2020, 01:42
1719
Бөлісу:
Лауазымды тұлғалардың табысынан айыппұлдары көп

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбылда лауазымды тұлғаларға бір жыл ішінде жылдық еңбекақысы жетпейтін айыппұлдар салынған. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның отырысында айтылды.

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті (бұдан әрі – Департамент) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықты алдын алу мақсатында мемлекеттік сатып алу саласындағы заңсыздықтарға мониторинг жасады.

Айта кетерлігі, 2019 жылы департаменттің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтау және тергеу бағытында атқарылған жұмыстармен сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыс жасағаны үшін 90 тұлға жауаптылыққа тартылған. Оның ішінде 19  тұлғаның құқық бұзушылығы мемлекеттік сатып алу саласына қатысты болды.

Сонымен қатар, ішкі мемлекеттік аудит департаментінің ақпаратына сәйкес, мемлекеттік сатып алу барысындағы бұзушылықтар бойынша әкімшілік тәжірибесі негізінде бірқатар мемлекеттік орган немесе мекеме басшыларының жүйелі түрде заң бұзушылықтарға жол бергені үшін үлкен мөлшерде айыппұл салынғандығы анықталды.

Атап айтқанда:

- Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қарасты "Жасыл Ел Тараз" ЖШС директорына – 2019 жылы 7 070 000 теңгеге әкімшілік айыппұл салынған.

- Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысына – 2019 жылы 631 250 теңге, 2020 жылы 937 477 теңгеге әкімшілік айыппұл салынған.

Сонымен қатар, бұрыңғы жұмыс орны Шу ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшы лауазымын атқару барысында 9 433 399 теңге әкімшілік айыппұл салынған.

- Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысына – 2019 жылы 4 355 625 теңге, 2020 жылы 530 200 теңгеге әкімшілік айыппұл салынған.

- Талас ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысына – 2019 жылы 3 282 500 теңгеге әкімшілік айыппұл салынған.

Көрсетілген лауазымды тұлғалардың орташа еңбекақы көлемі 160 000 теңгеден аспайтындығын ескерсек, онда салынған айыппұлды төлеуге қаражатты қайдан алатындығы туралы сұрақ туындап отыр. Бұл мәселеге дер кезінде мән бермесек, кейін ол сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылыққа әкелуі мүмкін.

Жоғарыдағылар негізінде, Жамбыл облысы әкіміне жергілікті атқарушы органдарының лауазымды тұлғаларының әрбір мемлекеттік сатып алу барысында заңсыздықтарға жол беріп үлкен мөлшерде әкімшілік айыппұл төлеу фактісін арнайы бақылауға алу туралы ұсыныс берілді.
Өзгелердің жаңалығы