Латын графикасындағы әліпбидің жетілдірілген жобасын түсіндіру жұмыстары жалғасуда

25 Шілде 2021, 13:30
2317
Бөлісу:
Латын графикасындағы әліпбидің жетілдірілген жобасын түсіндіру жұмыстары жалғасуда

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекеттік тілдің этносаралық қатынас тілі ретіндегі рөлін күшейту – аса маңызды іс.

Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова айтып берді. Оның сөзінше, бұл бағыттағы тіл үйрету курстарын «Тілдерді оқыту орталығы» жүргізеді. Өткен жылы Қордай ауданында дербес тіл оқыту орталығы ашылған екен. Бұл шаруаның нәтижесінде мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі былтыр жоспардан асып түсіпті.

Жүйелі жұмыс жалғасын тауып жатқандықтан, биылғы көрсеткіш одан да әрі арта түседі деген сенім мол. Мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін, оқитын және жазатын халықтың үлесі 70,5% болуы тиіс. Алайда өзге этнос өкілдерінің тілді меңгеру деңгейі әлі де төмен, нақтылай айтқанда – 57,1%. Орыс тілін меңгерген тұрғындардың үлесі – 93,5%, ағылшын тілін меңгергендердің үлесі – 27,7, үш тілді меңгергендердің қатары – 27,8%. Мектептердің 69,6%-ы қазақ тілінде білім берсе, оқушылардың 76,1%-ы мемлекеттік тілде білім алуда. Мемлекеттік тілде оқитын студенттердің үлесі 75,2%-ды құрайды. Бұл –Тәуелсіздігіміздің орасан зор жетістігі, - деп атап өтті Рахия Сейітбекқызы.

Ол мемлекеттік мекемелердің құжат айналымындағы қазақ тілінің жағдайы үнемі бақылауда екенін де жеткізді. Өңірдегі тілдерді дамыту басқармасы тарапынан тоқсан сайын арнайы мониторинг жүргізіліп отырады екен. Былтыр шығыс құжаттарының мемлекеттік тілдегі үлес салмағы 99,2%-ды құраған. Дегенмен Жамбыл облысы аумағындағы банк жүйесі мен құқық қорғау органдарында іс құжаттарының басым бөлігі орыс тілінде жүргізілетін көрінеді.

Мемлекеттік бағдарламаның ең басты бағыты – тілдерді оқыту шаралары. Өткен жылы мемлекеттік тілді 2 385 адам оқып-үйреніп, бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 920 адамға немесе 62,7%-ға артты. Қамтылғандардың 94%-ы – өзге этностың өкілдері, мемлекеттік және азаматтық қызметшілер, жеке тұлғалар. Биылғы бірінші тоқсанда 62 топ ашылып, 767 тыңдаушы тартылды, 88,4%-ы өзге ұлттардың өкілдері. Ағымдағы жылы бұл көрсеткішті 4 000 адамға жеткізу жоспарлануда. Ол үшін Жол картасы да әзірленген. Карантиндік жағдайға байланысты тұрғындарға уақытты тиімді пайдалану үшін #Бізбіргеміз, #Үйдеболайық хештегтерімен, «QazONLINE» айдарымен қазақ тілін тез үйренуге бағытталған 40 сабақ, ағылшын тілін онлайн үйрену бойынша 50 сабақ әлеуметтік желілерге жарияланды, - деді жауапты маман.

Сонымен қатар аймақтағы тілдерді дамыту басқармасы мен Тілдерді оқыту орталығының әлеуметтік желідегі парақшаларында «EasyEnglish» айдарымен ағылшын тілін тез үйренуге бағытталған 22 сабақ жарияланған екен. Сондай-ақ тіл үйренудің IT жобасы – «QazOnline» мобильдік қосымшасы да әзірленген. Қазақ тілін қарапайым деңгейде үйрететін 16 сабақтан тұратын қосымшаны кез келген ауылдың, қаланың тұрғыны «Play Market» қосымшасы арқылы ұялы телефондарына жүктеп алып, пайдалануына болады.

Біздің негізгі міндеттеріміз – мемлекеттік тілді меңгергендердің үлесін – 91, ағылшын тілін меңгергендердің үлесін – 28, орыс тілін меңгергендер үлесін – 90,2, үш тілді – қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгерген халықтың үлесін – 28%-ға жеткізу, мемлекеттік тіл үйренушілер санын 4 000-ға жеткізу және мемлекеттік тілді меңгерген этнос өкілдерін ынталандыру шараларын қарқынды ұйымдастыру. Халықтың үйде білім алуына неғұрлым беймділігін ескере отырып, әлеуметтік желілерде бейнеоқыту сабақтарын орналастыру, «QazOnline» IT жобасын А2, В1, В2 деңгейлі сабақтармен жетілдіру, қашықтықтан тіл оқыту курстарын ұйымдастыру сынды жұмыстар да үнемі назарымызда, - деді Рахия Сейітбекқызы.

Оның сөзіне қарағанда, аталған ведомство әлеуметтік желіде 3 жобаны жүзеге асыруда – «Tarazlatyn», «Сауаттылық Time» және «Мен қазақша сөйлеймін» челленджі. Алғашқы жоба аясында ақпараттық инста парақшасында латын графикасы емле ережелеріне 153 постер, оқу дағдысын қалыптастыру үшін латын графикасында ғұламалардың қанатты сөздері, #Abai175 хештегімен Абайдың 45 қара сөзі жарияланған. Бұл жарияланымдар бойынша қаралымның 13 664-ке жетуі жұмыстың жүйелілігін көрсетеді. «Сауаттылық Time» жобасы бойынша қазақ тіліндегі терминдер мен сөз тіркестерінің, көне, ескі кітаби сөздердің дұрыс жазылу емлесін көрсететін 280 сөз жарияланса, оны 67 025 адам қарап үлгерген. «Тілге құрмет – елге құрмет» ұранымен өткен әлеуметтік желідегі «Мен қазақша сөйлеймін» челленджі аясында өзге этнос өкілдері қазақ тілін үйрену тарихын баяндап, ұлы ақын Абай шығармаларынан үзінді оқитын 559 бейнеролик орналастырылыпты, олар 219 167 қаралым жинаған.

Мемлекеттік тілді меңгергендер үлесін «Қазтест» жүйесі бойынша тест тапсырту жұмысын ұйымдастыру арқылы айқындап отырамыз. Былтыр тестілеуге 1 105 азамат қатысса, 109-ы сертификат алды. Мемлекеттік қызмет көрсететін ұйымдардың 996 қызметкері диагностикалық тестілеуден өтті. Олардың 61,2%-ы деңгейлерін дәлелдеп шықcа, тест тапсырғандардың 48%-ы мемлекеттік тілді орта және ортадан жоғары деңгейде меңгергендерін көрсетті. Ал мемлекеттік және азаматтық қызметшілер арасында бұл көрсеткіш 62,2%-ды құрады, - деді Тұрмаханбетова.

Жауапты маман Жамбыл облысында тіл мәдениетін көтеру мақсатында жыл басынан түрлі форматта іс-шаралар өткізіліп жатқанын айтып өтті. Бұл ретте өткен жылы 309 іс-шара ұйымдастырылған. Оларда 55 000-ға жуық адам қамтылыпты. Биыл жыл басынан бергі 170 іс-шара 6 000-нан аса адамның қатысуымен өткен.

Латын графикасындағы әліпбидің жетілдірілген жобасымен таныстыру, түсіндіру форматында да жұмыстар жүргізілу үстінде екен. Биыл жаңа әліпби нақты бекітілген соң, дағдыландыру, оқыту жұмыстары қолға алынған. Атап айтқанда, Назарбаев университеті қазақ тілі және түркітану департаментінің ассистент-профессоры, ғылым кандидаты Жазира Ағабекова «Мемлекеттік тілдің қоғамдағы рөлін арттыру мәселелері» тақырыбында онлайн дәрісі, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай «Жамбыл оқулары» байқауы, «Мен Жамбылды оқимын» және «Тілге құрмет – елге құрмет» челлендждері, мемлекеттік тілді меңгерген этнос өкілдеріне қолдау көрсету бағытында «Қазақ тілі – ғажап тіл» атты тіл фестивалі, «Мен қазақша сөйлеймін» акциясы, қазақ тілінің этносаралық қатынас тілі ретіндегі рөлін күшейту мақсатында «Мемлекеттік тілді және ана тілдерін дамытудағы өзекті мәселелер» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы, Жамбыл ауданының Гродеково және Айшабибі ауылдарында этнос өкілдерімен «Тіл – достықтың дәнекері» атты кездесу ұйымдастырылған.

Өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, өзге этностардың мемлекеттік тілге деген қызығушылығын арттыру мақсатында Тараз қаласының тұрғындары арасында Т.Рысқұлов, «Жеңіс» саябақтары, «Magnum» сауда орталығы, «Арбат» тарихи-туристік саябағында «Менімен қазақша сөйлес!» акциясын өткіздік. Сонымен қатар Nur Otan партиясы Жамбыл облыстық филиалымен бірлесіп, белгілі айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақовпен кездесу және «Сөз менеджменті» кітабының тұсаукесерін, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы 5513 әскери бөлімінде өзге ұлт өкілдері арасында «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты байқау, аудандар мен Тараз қаласының тіл мамандары арасында «LATYNŞA OQYP ÜİRENEİIK!» жаңа қазақ әліпбиінде жылдам әрі сауатты оқудан онлайн байқауы өткені де жұмыстың алға жылжығанын көрсетеді, - деді басқарма басшысы.

Өзге этнос өкілдеріне қазақ тілін еркін меңгерту мақсатында ашылған «SÓILE» клубының 25 отырысы өтіп, оған 400-ге жуық адам жиналған. «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында этностар тығыз шоғырланған елді мекендерде тіл саясатын насихаттау, жетілдірілген латыннегізді қазақ тілі әліпбиін түсіндіру бойынша 105 іс-шара ұйымдастырылып, 3 000-ға жуық адам қамтылған. Жетілдірілген латыннегізді қазақ тілі әліпбиінің құрамы мен мазмұнын, емле ережелерін таныстыру үшін Instagram әлеуметтік желісінде «тікелей эфирде» сұхбат, білім беру мекемелерінде «Latynşa oqy, jaz» атты семинар-тренинг, «Ашық есік» күні өтіп, жалпы 96 іс-шараға негіз болған.

Рахия Сейітбекқызы ономастика бағытында да жүзеге асып жатқан оңды істер бар екенін мәлімдеді. Белгіленген тәртіппен жергілікті халықтың пікірін ескере отырып, бірінші кезекте идеологиялық тұрғыда ескірген атауларды ауыстыру жұмыстары жалғастырылуда. Жамбыл облысында 5 708 физикалық-географиялық бірлік және оның құрамдас бөліктері, яғни 372 елді мекен, 5 336 көше бар екен. Былтыр ономастикалық атауларға толық мониторинг жүргізілген. Нәтижесінде елді мекендер мен көшелерді 12%-ға өзгерту қажет екендігі анықталыпты. Өйткені олар топонимикалық жүгі жоқ және аса танымал емес кісі есімдері.

Мысалы, мағынасы жағынан ескірген 7 елді мекен және 563 көше, 13 атауы жоқ жаңа және атауы қайталанатын 20 көше анықталды. 5 336 көше атауының 673-і – жер-су атымен, 1217-сі – дәстүрлі атаулармен, 3 433-і кісі есімімен аталаса, 13 атауы жоқ жаңа көше бар. Кісі есімімен аталатын көшелердің 1 184-і Президент Әкімшілігі ұсынған «Тарихи тұлғалар» тізіміне сәйкес келеді. Идеологиялық тұрғыдан ескірген ономастикалық атауларды қайта атау бойынша Байзақ, Жамбыл, Меркі, Талас, Шу аудандарының әкімдіктері жанындағы ономастика жөніндегі жұмысшы топ мүшелерімен және «Ономастиканың өзекті мәселелері» тақырыбында ауыл тұрғындары және ауылдық округ мамандарымен кездесулер өткізіліп, ономастика жұмысының критерийлері түсіндірілді, - деді спикер.

Ол биылғы бірінші тоқсанда Жамбыл ауданы Бесжылдық ауылы «Шәкен Ниязбеков ауылы» деп аталып, Тараз қаласының 94 көшесіне атау берілгенін мәлімдеді. Қолданыстағы заңнамаларға сәйкес Жамбыл облысында 40 мектепке және Тараз қаласының 30 көшесіне атау беру, қайта атау, Жамбыл ауданының Жалпақтөбе ауылының мәдениет үйіне Шәмші Қалдаяқовтың атын беру туралы жұмыстар жүргізіліп, ұсыныстар Үкімет жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының қарауына жолданған.

Өңірдегі көшелердің жаңа үлгідегі аншлагтармен қамтылуына талдау жасалып, оларды жаңарту, түгендеу жұмыстары да жалғасып жатыр. Өткен жылы әлеуметтік жоба аясында «Қоғамдық тіл инспекциясы» құрылды. Инспекциямен бірлесіп, аудандық, қалалық деңгейдегі рейдтік шаралар өткіздік, 35 991 көрнекі ақпаратқа, сыртқы жарнамаларға сараптама жасалды. Оның 3 177-сі нормаға сәйкес еместігі анықталып, түзетілді. Көрнекі ақпараттарда мемлекеттік тілдің пайдаланылу дәрежесі бойынша нәтижелі көрсеткіші 76%-ды құрады. Бұл жұмыс әлі жалғасатын болады. Биыл рейдтік шаралармен 8 мыңнан астам сыртқы көрнекілік ақпарат құралдары қамтылды. Анықталған кемшіліктер бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, бизнес субьектілерге әдістемелік көмектер көрсетілді, - деп атап өтті тіл маманы.

Рахия Тұрмағанбетова «Сауатты жарнама тіл тазалығының көрінісі» тақырыбында кәсіпкерлердің, жарнама агенттіктерінің өкілдері мен ауылдық округ мамандарының қатысуымен семинар-тренингтер ұйымдастырылғанын сөз етті. Жалпы өткен жылы ономастикаға қатысты барлығы 25 іс-шара өткен. Жарнама мәтіндерін дайындау ісінде әдістемелік көмек көрсету, көрнекі ақпараттардың сапасын арттыру мақсатында «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасымен өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалған. 

Сондай-ақ былтырдан бері «Жедел желі» қызметі жұмыс істейді. Бұл қызмет бойынша 449 кәсіпкерге жарнаманы дұрыс ресімдеуге көмек көрсетілген.

Өзгелердің жаңалығы