Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Жаңа реформалар кейде байырғыға қайта оралу арқылы ұлттың жадын, санасын қалыптастыруға негізделеді. Бұл қағидат қазір қолданысымызға дендеп еніп жатқан жаңа қазақ әліпбиіне де қатысты.
Бұл туралы Жамбыл облыстық тілдерді оқыту орталығы директорының орынбасары Хафиза Ахметова айтып берді. Ол қазақ елінің кириллица қаріпін пайдаланбас бұрын, сол латын графикасына негізделген таңбалармен жазғанын еске салды. Отарлшыл қоғам ұлтымызға үстемдігін жүргізуді әліпбиімізді ауыстырумен бастады. Мұның біздің ұлттық кодымыз бен тілдік ерекшеліктерімізге нұқсан келтіргені тарихымыздан мәлім.
Қазіргі ғалымдар аталған идеологияның бүгінгі буынға белгілі бір деңгейде кері әсер еткенін айтып та жүр. Иә, қазақ әліпбиі бір емес, бірнеше рет өзгертуге түсті, түрлі кедергілерден, сынақтардан соң, ұлттық әліпби деңгейіне жетіп отыр. 1929 жылға дейін ата-бабаларымыз араб жазуын пайдаланды. Өткен жүзжылдықтың басында ғана қазақ фонетикасының ерекшеліктері ескеріле отырып жасалған, араб әріптеріне жақын «төте жазу» пайдаланылды. 1929-40 жылдардың ішінде латын графикасына негізделген әліпбиді жазу жүйесіне енгізіп, 1940 жылдан бері кирилл әріптерін қолданып келеміз, - деді ол.Тіл маманы посткеңестік бірқатар мемлекеттердің тәуелсіздіктерін алғаннан кейін бірден латын графикасына көшуді мақұл көргенін алға тартты. Демек, уақытты көпке созбай, ә дегеннен іске кіріскен елдер де жетіп артылады. Алайда олар өз қадамдарын жеті рет өлшеп бір рет кеспеудің салдарынан көптеген қателіктерге бой алдырған. Ал алмағайып уақыт, өтпелі кезең саналған тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында біздің билік «алдымен – экономика, содан кейін – саясат» ұстанымын ұстанғаны белгілі. Сол арқылы Қазақстан билігі алдымен әлеуметтің ахуалын көтеруге назар аударды.
Бұл өте дұрыс қадам болғанына ешкімнің таласы жоқ шығар. Қалай десек те, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев латын графикасына көшу мәселесін сан мәрте айтып, ғалымдарды ұдайы құлақтандырып келгені баршамыздың жадымызда сайрап тұр. Нұрсұлтан Әбішұлы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында бұл жұмысты нақты қолға алып, нәтижелі аяқтау қажеттігін шегелеп тапсырғаны ғалымдардың да, қарапайым халықтың да санасында кәдімгідей серпіліс тудырғаны ақиқат, - деді Х.Ахметова.Оның пайымынша, латын графикасы – әлемдік өркениеттің көзі һәм өзі. Жаһандағы ең танымал жазу үлгісі де осы графика болып есептеледі. Егемендігіміздің арқасында Қазақстан жаңа дәуірді, әліпби тұрғысынан да тың реформалауды басынан өткеру үстінде. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының негізінде жаңа қазақ әліпбиіне кезең-кезеңімен көшу жұмыстары қолға алына бастағанына да біршама уақыт өтті. Әлбетте, талқылау жұмыстарының салдарынан бұл жұмыстар бірде баяуласа, бірде қарқынды түрде іске асырылуда. Ең бастысы, 2025 жылға дейін осы бағыттағы тірліктер толыққанды аяқталуы, түйінделуі тиіс.
«Тұңғыш Президенттің бағдарламалық мақаласында латыншаға көшудің терең логикасы бар екенін айтты. «Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдың ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты» деді. Демек, латын әліпбиіне көшу - мемлекетіміздің барлық саласы үшін аса қажетті, саяси-әлеуметтік мәні бар қадамның белгісі. Бұл ретте біз – жергілікті әкімдіктің тілдерді оқыту орталығы облыс көлемінде барлық сала қызметкерлеріне, ересек тұрғындарға курстар ұйымдастыру арқылы үш тілді – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін ақысыз негізде оқытудамыз. Бүгінде өңірдегі 8 ауданда – Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі, Сарысу, Талас және Шу аудандарында оқыту бөлімшелеріміз жұмыс істейді» - деген ол 2016 жылдан бері тірек ауданы ретінде Т.Рысқұлов пен Мойынқұм аудандарында да үш тілде оқыту курстарын штаттан тыс қызметкерлер жүргізіп келе жатқанын жеткізді.
Осы орайда, қол жеткізген нәтижелер де жоқ емес көрінеді. Былтыр латыннегізді қазақ әліпбиіне көшу жұмыстары бойынша әліпбидің жаңа нұсқасын 2 рет ашық талқылау өткізіп, 3 сынама сабақ ұйымдастырылған екен. Жетілдірілген әліпби жобасы бойынша диакритикалық таңбалардың тиімділігі немесе тиімсіздігі сынақтан өтіп, Тіл саясаты комитетіне филолог ғалымдар мен мектеп мұғалімдерінің қорытынды ұсыныстары жолданған. Үш рет ұйымдастырылған ашық талқылауға барлығы 160 адам белсенді түрде қатысыпты. Жалпы, сол талқылауларда ғалымдар өздерінің ұтымды ұсыныстарын жеткізген. Оның барлығы – болашақ ұрпақтың қамы үшін жасалған қадам.
Бір белгілісі, аудандар мен Тараз қаласында латын әліпбиіндегі емлені түсіндіру бойынша семинар-тренингтер үздіксіз өткізілді. Нақтылай айтқанда, 160 семинар-тренинг, 1 облыстық конференция, 3 байқау, сонымен қатар филолог ғалымдармен тікелей эфирде 4 сұхбат өтіп, барлығы 2 736 адам қамтылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, жаңа әліпбиді халыққа жан-жақты түсіндіруге бағытталған кешенді ақпараттық жұмыс жүргізу мақсатында 19 ақпан мен 5 наурыз аралығында «Латын сағаты» онлайн ашық есік күндерін өткізгенімізді де көзі қарақты жұрт жақсы біледі. Бұл онлайн ашық есік акциясына орта мектептер мен колледждердің мұғалімдері, балабақша, кітапхана қызметкерлері қатысып, 28 қаңтар күні Үкімет жанындағы Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссияның кезекті отырысында мақұлданған, жетілдірілген әліпби жобасымен танысты. Сол шарада диакритикалық таңбаларға түсініктеме бердік. Өз кезектерінде қатысушылар жаңа әліпби бойынша ойларын ортаға салып, латын графикасында мәтіндер оқып, оқу дағдыларын қалыптастыруға ден қойды, - деді тіл маманы.
Биылғы 25 ақпаны күні «Жаңа әліпбидің артықшылығы» тақырыбында Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының жетекші ғылыми қызметкері, Ұлттық комиссия жанынан құрылған орфографиялық топтың мүшесі Гүлфар Мамырбекпен сұхбат өткені есімізде. Сол тікелей эфирдегі сұхбатқа Жамбыл облысынан қатысушы адамдардың саны елуге жеткен. Сұхбат til.taraz инстаграм парақшасында ұйымдастырылды. Онда мамандар тарапынан ұтымды ойлар да айтылған.
Жалпы алып қарайтын болсақ, латын графикасына көшу, ең алдымен біздің қазіргі жаһандану жағдайында әлем елдерімен графикалық тұрғыдан үндесуімізге мүмкіндік беретінін бір кісідей түсінуіміз керек. Біле білсек, бұл әліпбиге өзге түркі тектес халықтардың барлығы дерлік өткен. Олардың іс-тәжірибиесі, әріпті өзгерту үдерісінің ерекшелігі ескеріліп, талданып, таразыланып үлкен дайындықпен өтіп жатқан тарихи мәселе оң шешілетініне халық та, біз де бек сенімдіміз. Неге десеңіз, біз көптеген мемлекеттердің жіберген қателіктерін сараладық, сараптадық. Олардың мүлт кеткен тұстарынан сабақ алғанымыз рас. Бұл біздің елдің үлкен табысы екенін аңғартады, - деген орталық директорының орынбасары латын графикасына көшу һәм әліпби ауыстыру – заңдылық екенін де айтты.
Оның сөзінше, егер әліпби ауыстырылмай, дамудың аймақтық деңгейінде қалып қойсақ, ол ұрпаққа жасаған қиянат болып саналады. Сондықтан ертеңгі ұрпақ үшін жасалып отырған бұл қадам қазақ мемлекеттігін дамытудың үлкен белесі болып отыр. Тәуелсіздігіміздің шешуші кезеңі, әлемдік өркениетке ұмтылудың, ілесудің негізгі шарттарының бірі де осы әліпби реформасы екені ақиқат.
Хафиза Ахметова мемлекетіміз таңдап алған әліпбидің жаңа нұсқасында оны дайындаушылар тек қана ғылыми принциптерге сүйенгенін мәлімдеді. Әліпбидің ғылыми негізділігі оның қазақ тілінің төл табиғатын сақтауға да, әліпби түзудің халықаралық принциптеріне сүйенуге де мүмкіндік беріп отыр.
Жауапты маманның айтуына қарағанда, әліпби жасаудағы осындай ұстанымның 3 маңызды жағы бар. Біріншіден, бұл әліпби қолданысқа енгенде қазақ тілінің табиғи байлығы мен бейнелілігі толық сақталады. Өйткені, әліпбиде «бір дыбыс – бір таңба» принципі негізге алынған. Екіншіден, әліпби халықаралық тәжірибелерді, оның ішінде Халықаралық фонетикалық әліпбидің таңбалық базасына құрылғандықтан, оның әлемдегі танымалдылығы жоғары. Сондықтан да әліпбидің бұл нұсқасы әлемнің елуге жуық мемлекетінде тұратын қазақтардың пайдалануына қолайлы болады. Соның нәтижесінде, бұл әліпбиді дүниежүзі қазақтарының ортақ әліпбиі деуге негіз бар. Үшіншіден, жетілдірілген әліпби нұсқасы ІТ технологияларға толық сәйкес келеді.
Жалпы қалай алып қарасақ та, таңдалып отырған әліпбидің соңғы нұсқасы біздің болмысымызға, тілдік ерекшелігімізге сай екендігіне ешкім дау айта алмайды. Себебі, жаңа әліпбиді ғалымдар әбден ой елегінен өткізгені шындық. Әсіресе әліпбидің жаңа нұсқасы «бір дыбыс – бір таңба» қағидасына негізделіп отырғандығы көңіл тоғайтады. Әліпби реформасын халықтың санасына сіңіру – қай кезде де маңызды. Біз оны жақсы білеміз, жан жүрегімізбен түсінеміз. Алдағы күндері «Латын әліпбиі: сананың жаңғыруы және заманауи қажеттілік» тақырыбында республикалық конференция өткізу жоспарлануда. Бұл конференция латын графикасының жаңа нұсқасын халыққа түсіндіру мақсатында қолға алынған іс-шаралардың бастамасы ғана, - деді Х.Ахметова.