Латын әліпбиіне тез арада көшеміз деп, көптеген өрескел қате жібердік - Президент

12 Сәуір 2023, 15:34
1682
Бөлісу:
Латын әліпбиіне тез арада көшеміз деп, көптеген өрескел қате жібердік - Президент
Фото: turkystan.kz

Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Тағы бір өте маңызды мәселе. Бұл қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуіне қатысты. Бұл мәселе бүкіл қоғамның ықыласын тудырғаны белгілі. Мен бұрын бұл мәселе бойынша талай рет айттым: біз, ең алдымен, осы сәтті пайдалана отырып, қазақ тіліне реформа жасауымыз керек. Мәселе кирилл әліпбиінен латын әліпбиіне механикалық түрде көшуде емес. Біз латын әліпбиіне тез арада көшуіміз керек деп, көптеген өрескел қате жібердік. Мысалы, латын қарпімен жазылған билбордтарға қараңыздар! Бұл – қазақ тілі емес, тіліміздің табиғатына жат, бұрмаланған мәтіндер. Сондықтан бұл жұмысты Ғылым академиясының басшылығымен асығыстыққа жол бермей, жан-жақты ойластыра отырып, жалғастыру керек. Тағы да қателесуге құқымыз жоқ. Бір мысал келтірейін. Мен бұл мәселе бойынша Құрылтай отырысында айттым. Кириллицада көптеген сөзде «ы» деген әріп бар. Мысалы, «ырымшыл» деген сөзде үш «ы». Біз оны автоматты түрде «у» деп жазатын болдық. Сонда «ырымшыл» деген сөзді латын әліпбиінде жазатын болсақ, үш игрек болады. Бұл қазақ тілі ме? Оны кім оқи алады? Ақырында, тіліміз кирилл әліпбиімен де, тіпті, латын әліпбиімен де жағымсыз көрінетін болды. Осындай мысалдар аз емес. Сондықтан ғалымдарымыз басқа елдердің озық тәжірибесін мұқият зерттеп, ұтымды тұстарын пайдалануы керек, - деді ол.

Ол ғылымның жаңа үлгісі мемлекет пен бизнестің әріптестігіне негізделуге тиіс екенін айтты.

Ғылым академиясы Қазақстанды тұрақты әрі жан-жақты дамытуға мол үлес қосады деп сенемін. Елімізді ғылыми-технологиялық жағынан дамытуға қатысты менің негізгі пайымдарым – осы. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: ғылымның жаңа үлгісі мемлекет пен бизнестің әріптестігіне негізделуге тиіс. Осы тәсіл әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге мүмкіндік береді деп ойлаймын. Бұл біздің Әділетті Қазақстанды құру жолындағы стратегиялық бағдарымызға толық сай келеді. Елімізде Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан сияқты ғұламалардың жолын қуған ғалымдардың жаңа буыны шығатынына нық сенімдімін, - деді Мемлекет басшысы.

Өзгелердің жаңалығы