Ләззат Асқарова: Буллинг мәселесі мені қоғам белсендісі ретінде ғана емес, ана ретінде де алаңдатады 

9 Қыркүйек 2020, 12:55
2307
Бөлісу:
Ләззат Асқарова: Буллинг мәселесі мені қоғам белсендісі ретінде ғана емес, ана ретінде де алаңдатады 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Expo & Women» Халықаралық ұйымының басқарма төрағасы Ләззат Асқарова ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-брифинг барысында айтты.

Мен талай жыл мектепте балалармен жұмыс істедім. Бұрын буллинг деген түсінік те болмаған еді. Балалар арасында еркелікпен болып тұратын кейбір келіспеушіліктердің шешімін табуға тырысатынбыз. Бірақ соңғы жылдары бұл тақырып өзекті болып келеді. Бұл мүмкін бізде «не істесек те, өзіміз білеміз» деген ойдың пайда болғанынан туындаған болар. Екінші жағынан, құқық дегенді артығымен пайдаланып жүргенге ұқсаймыз. Яғни, сөйлеуге, біреуді ренжітуге, өзіңнен кішіге зорлық көрсетуге, егер өзге біреу өзіңнен аз табыс тапса, нашар оқыса, тіпті, ұялы телефоны сенікіндей керемет маркалы болмаса, оны ренжіте беруге болады деген түсініктің қалыптасқаны да әсер етуі мүмкін. Қазір құндылықтар түсінігі сәл өзгерді. Бұл мәселе мені қоғам белсендісі ретінде ғана емес, ана, әже ретінде де алаңдатады, - деді ол.
Ләззат Асқарова бұл мәселеге Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында ерекше тоқталғаны көңілге сенім ұялатқанын жеткізді.
"Не істесем де өз еркім" деген түсініктің өршуіне интернеттің, технологияның тым дамып кеткенінің әсері бар. Бір қынжылтатыны, мұны өзге никпен, өзге біреудің суретін қойып ойындағысын іске асыратын «тым ақылды» алаяқтардың еркін пайдаланатыны. Олар балаларымызбен онлайн сөйлесу арқылы сеніміне кіріп алады. Тіпті, мұндай жағдайға ересектер де алданып қалып жатады. Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзінің халыққа арнаған Жолдауында балаларға зорлық-зомбылық көрсеткендердің жазасын күшейтуге қатысты мәселеге ерекше тоқталғаны қуантты, - деді ол. 
Айта кетейік, ОКҚ-дегі шара «Өзіңізді және жақындарыңызды буллинг және кибербуллингтен қалай қорғауға болады» тақырыбына арналды.




Өзгелердің жаңалығы