Әл-Фараби мұрасы Оксфордтағы ғылыми симпозиумның басты назарында болды

19 Шілде 2020, 17:46
1416
Бөлісу:
Әл-Фараби мұрасы Оксфордтағы ғылыми симпозиумның басты назарында болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Оксфорд университетінің базасында Шығыстың ұлы ғалымы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығын мерекелеуге арналған "Әл-Фараби: өмірі мен мұрасы" атты халықаралық ғылыми симпозиумы өтті.


Онлайн-симпозиумға Ұлыбритания, Қазақстан, АҚШ және Германиядан әл-Фараби мұрасын зерттеуші ғалымдар қатысты. Виртуалды режимде 100-ден астам ғылыми-академиялық және қоғамдық топтардың өкілдері қатысқан іс-шараны Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігі Оксфорд Ислам зерттеулер орталығымен бірлесіп ұйымдастырды.

Симпозиумның ашылуында сөз сөйлеген Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысов әл-Фараби әлемдік деңгейдегі ғалым екенін атап өтті. Бұған дәлел ағымдағы жылы ЮНЕСКО да оның мерейтойын атап өтіп жатыр.

Е.Ыдырысов, сондай-ақ, әл-Фарабидің рухани мұрасына жүгіну Қазақстан ішіндегі қоғамдық сананы жаңғырту және өскелең ұрпақтың құндылықтық бағдарларын қалыптастыру үрдістері контекстінде ғана емес, әлемдік ауқымда да, соның ішінде пандемия және экономикадағы, саясат пен адамдардың санасындағы жаһандық өзгерістер жағдайында да маңызды екенін атап өтті.

Оксфорд Ислам зерттеулер орталығының директоры Фархан Низами әл-Фарабидің қазіргі әлем үшін өзектілігіне тоқтады.
Орталықтың басты академиялық мақсаттарының бірі – Ислам және Батыс білім әлемдері арасындағы әріптестікке жәрдемдесу – әл-Фарабидің өмірі мен мұрасында ерекше бейнеленген идея. Әл-Фараби, біз білетіндей, Орталық Азия, Таяу Шығыс және Солтүстік Африкада көп саяхат жасады. Оны әлем Аристотельден кейін "Екінші ұстаз" деп таниды. Оның ықпалы орасан, ал маңыздылығы – өлшеусіз, – деді ол.

Ф.Низами, сондай-ақ, іс-шараның Қазақстанмен, атап айтқанда, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен (Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) ұзақ мерзімді ғылыми ынтымақтастықты жолға қоюға түрткі болатынына сенім білдірді.

Өз кезегінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ректоры Ғалымқайыр Мұтанов симпозиумның бас спикері ретінде сөз сөйледі. Ол өз баяндамасында әл-Фарабидің рухани және гуманитарлық мұрасының әлемдік өркениет үшін, атап айтқанда, қазақстандықтар үшін тарихи құндылығын атап өтті.

Әл-Фараби оқуларын басшылыққа ала отырып және БҰҰ "Академиялық ықпалдастық" бағдарламасының Глобалды Хабы ретінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ "Al-Farabi University Smart City" жобасын ендіруде. Жоба аясында жаңа буын университеті – Университет 4.0 моделі енгізілді.
Бұл модельдің басты мақсаты - заманауи университеттердің жаһандық миссиясы жоғары кәсіби білікті мамандарды дайындаумен шектеліп қана қоймай, бұдан да маңыздырақ мүддені көздейтінін анық көрсету, яғни жоғары рухани-адамгершілікті, қазіргі қоғамның тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін өз үлесін қосуға қабілетті, тек өзінің жеке тағдырына ғана емес, бүкіл адамзаттың тағдырына жауапты әлем азаматтарын қалыптастыру, – деп атап өтті Ғ.Мұтанов.
Кеш антикалық және араб философиясы саласындағы сарапшы, Людвиг және Максимилиан атындағы Мюнхен университетінің профессоры Питер Адамсон аудиторияның назарына әл-Фарабидің ізгі қала туралы трактатының жалпы шолуын ұсынды. Әл-Фарабидің пікірінше, барлық басқа органдарды басқаратын және онсыз ағза өмір сүре алмайтын жүрек басты рөл атқаратын адам ағзасының үлгісі бойынша ізгі қалада бұл рөлді өзінің даналығын, әділдігін және мейірімділігін қаланың барлық тұрғындарына тарататын философ-билеуші атқарады.

Симпозиум аясында әл-Фарабидің музыка туралы ілімге қосқан үлесіне де назар аударылды.Этнограф және Орталық Азия музыкасының тарихшысы, араб музыкасының теориясы бойынша маманы, Уэслиан университетінің профессоры Саида Дәукеева өзінің баяндамасында Батыс және Орталық Азиядағы музыкатану мен музыканы дамытудағы әл-Фарабидің маңызды рөлі туралы айтып берді.



Өзгелердің жаңалығы