Солтүстік Қазақстан, BAQ.KZ тілшісі. Қызылжарлық шебер Ерғали Сәткенов ортағасырлық қазақ батырының сауытын жасап шығарды. Ұста салмағы 10 келіге жақын бұйымды әзірлеуге 9 ай уақытын жұмсаған.
Көбе сауыт – Ерғали Шәмілұлының қолынан шыққан алғашқы әскери киім емес. Бұған дейін ол теріден, темір шығыршықтардан қазақ батырының сауытын жасаған еді. Мұндай істі қолға алмас бұрын шебер сауыттың шығу тарихын, жасалу технологиясын терең зерттеген.
«Тарихта алғашқы темір сауыттар Х-ХІ ғасырларда Еуропада жасалғандығы айтылады. Археологиялық қазбалар кезінде табылған кейбір деректер, шамамен біздің дәуіріміздің ІІІ-ІҮ ғасырында Алтай тауларында авар тайпалары жасап шығарғанын дәлелдейді. Сауыттардың түрлері өте көп. Біздің ата-бабаларымыздың әрқайсысы өзіне қажет сауытты өздері жасап алатындай шеберлігі болған», - дейді Ерғали Сәткенов.
Сауыт пен дуылғаны жасауға 1 шаршы метр жұқа темір жұмсалған. Шебер 560 пластина ойып, қолымен қиып шыққан. Олардың әрқайсысы бір-біріне бекітіліп байланған. Қалыңдығы 4 миллиметрді құрайтын сауыт денеге қылыш өткізбесі анық.
«Біздің бала кезімізде теледидар, ұялы телефон, ноутбук сынды дүниелер болған жоқ. Сондықтан көбіне далада ойнаймыз. Ұлдар қолымызға ұзын таяқтарды ұстап алып, қылыштасамыз. Сол кезде шыбық денеме қаттырақ батып кеткен кезде «менде батырлардың сауыты болса ғой» деген балалық арман жылт ете қалатын. Сол оймен 10 жыл ішінде 7 сауыт жасап шығардым», - дейді Ерғали Шәмілұлы.
Қазір шебердің өзінде 7 сауыттың үшеуі ғана бар. Қалғандары түрлі көшпенді көрмелер мен өзгелердің қолында кеткен екен. Сақталған 2 сауыттың бірі былғарыдан, екіншісі темір шығыршықтардан жасалған. Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің Өнер пәнінің мұғалімі білген-түйгенін балаларға үйретіп жүр.
«Бүгін мен Ерғали Шәмілұлының шебеханасына келіп, көп мәлімет білдім. Салмағы 10 келіген жақын сауытты екі сағат бойы киіп тұрдым. Иыққа салмақ түспегенмен, ауырлықты аяқ қатты сезінеді екен. Тізем талып кетті. Осдан біздің батыр бабаларымыздың қаншалықты мықты болғанын ұғындым», - дейді Темірхан Хәкімов.
Сауыт, дуылғамен қатар шебердің қолынан шыққан түрлі қылыштар да баршылық. Сегіз қырлы, бір сырлы жан ағаш пен сүйектен де түрлі бұйымдар жасаумен айналысады. Ерали Шәмілұлының шеберханасында сүйектен жасалған түрлі вазалар мен әшекей бұйымдарды да көруге болады.