Қызылжарлық "Сегіз сері" оркестрінің 54-маусымы жабылды

21 Мамыр 2019, 17:34
2604
Бөлісу:
Қызылжарлық "Сегіз сері" оркестрінің 54-маусымы жабылды
PHOTO
Фото: автордан

Солтүстік Қазақстан, BAQ.KZ тілшісі. Қызылжарлық Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің 54-маусымы жабылды. Өнер ұжымы көрерменіне «Ұлы дала әуендері» атты концертті тарту етті. 

Лық толы залды ән мен жырға бөлеген концерт Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына орайластырылды. Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі дирижері, ҚР мәдениет қайраткері Қайырлы Ғафуров биылғы шығармашылық маусым табысты өткенін тілге тиек етті.

Қызылжарлық "Сегіз сері" оркестрінің 54-маусымы жабылды

«Бүгінгі кешті өткізудегі мақсатымыз – көрерменді, әсіресе келешек ұрпақты қазақ халқының аспаптарымен, ән-күй, жыр-термелерімен, олардың шығу тарихымен тереңірек таныстыру. Биылғы маусымда көптеген концерттерімізді көрерменге ұсындық. Оның ішінде елімізге белгілі әнші Ерлан Рысқалимен жеке концерт ұйымдастырдық. Жылдағы дәстүрге сай, облыстың аудандарында да мәдени шаралар өткіздік. Өткен маусымның тағы бір елеулі жаңалығы – кішкентай көрермендерімізге арнап сахналанған «Алдар көсе» музыкалық спектаклі болды», - дейді ол. 

Кеште солтүстікқазақстандық ақын, композитор Дәстен Баймұқановтың «Дәуір» күйінің тұсауы кесілді. Көрермен сиясы кеуіп үлгермеген шығарманы ерекше ілтипатпен қабылдады. 

«Біздің музыканттарымыздың кәсіби деңгейі өте жоғары екенін атап өткім келеді. Бүгінгідей шаралар әр көрерменнің бойына рух сыйлайтыны анық. Мен үшін ұлттық аспаптар – теңдессіз дүние. Оның тыңдаудан ешқашан жалықпаймын», - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Бибігүл Еламанова. 

Қызылжарлық "Сегіз сері" оркестрінің 54-маусымы жабылды

Халық аспаптар оркестрінің құрамында 45 өнерпаз еңбек етіп жүр. Сахна төрінен қазақ халқының домбыра, жетіген, сазсырнай, қылқобыз, шертер сынды музыкалық аспаптарының әуені төгілді. Көрерменге әр аспаптың шығу тарихы жайында мағлұмат берілді. Лекция түрінде ұйымдастырылған концерттен халық мол рухани байлық алды. Әдемі кеш қазақ өнерінің дамуына үлес қосып жүрген өнерпаздарды марапаттау рәсімімен түйінделді. Шығармашылық ұжым келесі, 55-маусымда көрерменіне тағы да тың дүниелер тарту ететінін жеткізді. 

Өзгелердің жаңалығы