Қызылордалық полицейлер жанып жатқан үйдің тұрғындарын құтқарды – ІІМ

24 Мамыр 2021, 11:52
2845
Бөлісу:
Қызылордалық полицейлер жанып жатқан үйдің тұрғындарын құтқарды – ІІМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР ІІМ ресми өкілі Нұрділда Ораз министрліктің Youtube арнасында тікелей эфирде өткен брифингте жеткізді.

Ол ерлік танытқан полицейлердің әрекеті жайында айтты.

Қызылордалық полицейлер жанып жатқан үйдің тұрғындарын құтқарып, кәсібилік пен батылдық танытты. Өрт көпқабатты үйдің екінші қабатында орын алды, - деп атап өтті ІІМ ресми өкілі.

Оның сөзінше, жаяу патрульдеу кезінде полиция қызметкерлеріне қала тұрғыны көрші үйдің пәтерлерінің бірі жанып жатқанын хабарлаған.

Тәртіп сақшылары ең алдымен кіреберістің барлық тұрғындарын көшіруге кіріскен. Сол кезде полиция қызметкерлеріне көршілер жанып жатқан пәтерде жасы үлкен әйел тұратынын айтты. Полиция қызметкерлері олардан балта сұрап алып, есікті бұзып кірген. Сол жерден олар 54 жастағы әйелді ес-түссіз күйінде алып шыққан, - деді ол.

Одан кейін патрульшілер қосымша келген полиция көлігінен екі өрт сөндіргішті алып, көрші пәтерлерге ауысуына жол бермеу үшін өртті сөндіруге тырысты.

Құтқару операциясына қатысқан полицей Бектұр Сатеновтің айтуынша, олар тек өрт болған жерге келгенде жанып жатқан пәтердің бүйірінен шыққан жарылыс пен шуды естіген. Жалын күш алып кеткен екен. Олар бірден азаматтарды эвакуациялауға көшкен. Кіреберісте ештеңе көрінбей, қалың түтін басып кеткен. Олар балаларды шығарып, қарттарға көмектескен, көршілерін оятып, барлығын қауіпсіз жерге шығарған, - деп айтты Нұрділда Ораз брифингте.

Өзгелердің жаңалығы