Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сыр өңірінде балалар арасында коронавирус инфекциясы дендеп барады. Қазіргі таңда облыстық балалар ауруханасында 46 бала ем алып жатыр.
Оның ішінде 1 жасқа толмаған 13 сәби бар. Ал 3 жасөспірім жансақтау бөлімінде жатыр деп жазады «Хабар-24».
Облыстық балалар ауруханасына сәуір айынан бастап 158 бала індет жұқтырып түссе, оның 82-сі толық емделіп шыққан. Дәрігерлердің айтуынша, індет жас талғамайды. Сондықтан балалармен көпшілік жерге баруды азайтып, иммундық жүйені жақсарту үшін пайдалы тағамдарды көп тұтынған абзал.
Мектепте жұмыс істейтін мұғалімдердің барлығы 100 процент вакцинациямен қамтамасыз етілуі керек. Сол кезде ғана жұмысқа қосылатын болады. Ата-аналар мектепке кіргізілмейді. Сыныпта бір оқушы ауырса, онда сынып толық карантинге жабылады. Бір ауысымда 30 процент аурушаңдық тіркелсе, ол кезде бүкіл сол ауысым 14 күнге карантинге жабылады, - деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенова.