Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 1 қазан – Халықаралық қарттар күні. Қазақ «Қариясы бар ел – қазынасы бар ел» дейді. Жыл сайын қарттарға құрмет көрсетуді игі дәстүрге айналдырған Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ұжымы мен ҚАЖ ардагерлері бүгінде қазыналы қарттарды мерекемен құттықтады.
ҚАЖ департаментінің бастығы әділет подполковнигі Шаймерден Тәжіқұлұлы «Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығындағы» қарияларды мерекемен құттықтап, сый-құрмет көрсетті.
Бүгін орталықта жүзден астам ақсақал мен ақжаулықты әжеге құрмет көрсетіліп, «Қарты бар елдің, қазынасы бар!» атты мерекелік шара өтті. Шарада сөз алған Шаймерден Тәжіқұлұлы қоғамның дамуына сүбелі үлес қосқан асыл жандарға мықты денсаулық, отбасыларына береке-бірлік, таусылмас күш-қуат тіледі.
Бүгінгі мерекеге орай орталықта қариялардың белсенді өмір сүруі сапасын арттыру, дене қозғалысының ширақ та шымыр болып салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында спорт алаңы ашылуына орай, қарияларымыз спортты серік етсін деген ниетпен ҚАЖ департаменті ұжымы үстел теннисін сыйға тартты.
Асыл қазынамыз – қарттарымызды мереке сайын құттықтап, демеушілік көрсетіп жүрген департамент ұжымына орталық директоры Л. Карибаева өз ризашылығын білдіріп, департамент бастығы Шаймерден Тәжіқұлұлын Алғыс хатпен марапаттады.