Қызылордада 23 мыңға жуық тал көшеті отырғызылды

24 Сәуір 2021, 16:32
1892
Бөлісу:
Қызылордада 23 мыңға жуық тал көшеті отырғызылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін «Тағзым» мемориалында бірқатар ел ағасы және ардагермен бірге қала әкімі Ғанибек Қазантаев тал көшеттерін отырғызды, деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Бұл күні «Тағзым» алаңы 200-ден аса тал көшетімен толықты. Қаланың таза әрі жасыл желекке оранып, әсем кейіпке енуі әрбір адамның сүйіспеншілігі мен жанашырлығын қажет етеді деген ел ағалары көгалдандыру, тазалық жұмыстарын жүргізу санитарлық талап қана емес мәдениет пен талғамның белгісі екендігін атап өтті.

Бір кездері Қызылорда жайнаған жасыл желекке толы болатын. Қазір сол қалпына қайтып келе жатыр. Қала сәулеті ажарланды, - деді Мемлекет және қоғам қайраткері Қорғанбек Қайруллаұлы.
Алаңда тал егудің мақсаты тек экологиялық акцияға үлес қосу ғана емес.
Отан үшін отқа түсіп, кеудесін оққа тосқан батыр ерлердің есімі жазылған алаңда тал егудің мақсаты тек экологиялық акцияға үлес қосу емес, арда азаматтарымызды еске алып, рухына тағзым ету деп білемін, - деді Мемлекет және қоғам қайраткері, «Ұрпақтан ұрпаққа» ҚБ төрайымы Алмагүл Божанова.

Қала әкімі бабалар еккен шынарды балалары саялайтынын айтты.  

Айналамызды таза ұстап, қаланы гүлдендіру ортақ іс. Тал егу науқандық шара болғанымен тазалық күн сайын көңіл бөлуді қажет етеді, - деп қала тұрғындарын экологиялық акцияға белсене қатысуға және тазалық мәселесіне бей-жай қарамауға шақырды қала әкімі Ғанибек Қонысбекұлы.

Сонымен қатар тал егуден оны күтіп-баптаған маңыздырақ екендігін атап өткен шаһар басшысы аталған жұмыстарды жүйелі ұйымдастыруды жауаптыларға тапсырды.

Айта кетейік, бұған дейін қала аумағында «Таза қала, Таза Қазақстан» акциясы аясында 22 мың 500 түп дана ағаш көшеті отырғызылған.

Ағымдағы жылы қаламызды көркейту-көгалдандыру жұмыстары жоғары қарқында жалғасатын болады. 

Қала аумағында орналасқан 51 сквер мен аллеялардың 54 мың шаршы метр аумағына гүлдер мен газондар және көше бойларына ағаш көшеттерін отырғызуға жергілікті бюджеттен қаржы қаралған.

Өзгелердің жаңалығы