Қызылорда облысында ұжымдық иммунитет қалыптастырушы мекемелер қатары көбейіп келеді

25 Маусым 2021, 20:05
4025
Бөлісу:
Қызылорда облысында ұжымдық иммунитет қалыптастырушы мекемелер қатары көбейіп келеді

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысында вакцина салдырып, ұжымдық иммунитет қалыптастырушы мекемелер қатары көбейіп келеді. 

Вакцина қабылдауда алғашқылардың бірі болып белсенділік танытқан – Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ұжымы. Қазіргі таңда оқу орнының 71 пайызы коронавирус инфекциясына қарсы екпе салдырды. 

Университеттің әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Жандос Базартайдың айтуынша, оқу орнындағы оқытушылардан бөлек, студенттердің 20 пайызы вакцина қабылдаған. 

Оның айтуынша, университет оқытушыларымен қатар студенттердің 20 пайызы екпе салдырған.

Әр адамның өз денсаулығы өз қолында. Тұрғындар әлеуметтік желі мен ел арасындағы жалған ақпараттарға ермей, мамандардың пікіріне құлақ асқан жөн. Жақындарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін екпе салдырып, ұжымдық иммунитет қалыптастыру қажет. Қазіргі таңда облықтық денсаулық сақтау басқармасымен бірігіп студенттерге түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Жаз бойы оқытушылар мен студенттерге вакцина салу жұмысы жалғасатын болады, - дейді Жандос Базартай.   

Қазіргі таңда Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің бас оқу ғимаратында вакцина салуға арналған арнайы орын бар. 

Сонымен қатар аймақтағы «Сыр медиа» ЖШС ұжымының жартысынан көбі «Covid-19» вирусына қарсы вакцина салдырды. Мекеме ұжымы тұрғындардың өз денсаулықтарына немқұрайлылық танытпай, ұжымдық иммунитет қалыптастыру қажет деген пікірді ұстанады. 

«Сыр медиа» ЖШС директорының бірінші орынбасары Марат Аралбаевтың айтуынша, бүгінгі күні мекемедегі 125 қызметкер вакцина салдырған. 

Ең алдымен, мамандардың ақыл-кеңесіне мән берген дұрыс. Бұл індеттің алдын алу үшін әрбір адам екпе салдыруы қажет. Отбасымыздың, айналамыздағы жандардың саулығын ойлағандықтан, қауіпсіздікті бірінші орынға қойғандықтан вакцина салдырдық. Журналистер қоғаммен тығыз байланыс орнатып жұмыс жасайтындықтан екпе салдыруда. Олар жауапкершілікті сезіне біледі. Бүгінде мекемеде 200-ден астам қызметкер бар. Олардың 125-і вакцина қабылдады. «Сыр медиа» қызметкерлері ұжымдық иммунитет қалыптастыруды одан әрі жалғастыра бермек, – дейді Марат Аралбаев. 

Айта кетейік, қазіргі таңда Қызылорда облысында 125 мыңнан астам адам вакцинаның бірінші компонентін алып үлгерді. 


Өзгелердің жаңалығы