Қызылорда облысында оттегі өндіретін бірнеше цех салынуы мүмкін

7 Қараша 2020, 22:48
1728
Бөлісу:
Қызылорда облысында оттегі өндіретін бірнеше цех салынуы мүмкін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Індеттің алғашқы толқынында Қызылорда облысындағы ауруханаларды оттегімен қамту мәселесі туындағаны белгілі. 

24.kz арнасының жазуына қарағанда, енді қауіпті вирус қайта өршіген жағдайда бұл түйткіл қалай шешімін таппақ? Шалғай аудандарға оттегін жеткізуде іркіліс болмай ма? 

Гүлди Әблезованың ақ халаттыларға алғыс жаудыратындай-ақ жөні бар. Ол маусым айында қауіпті вирус жұқтырып, жаны қысылғанда дәрігерлер қолдан келген көмекті көрсетті. 4 баланың анасы сол жаны қиналған сәттерді қорқынышпен еске алады. 

Оттегі баллоны тапшы болды. Алдағы уақытта сол оттегін жеткізіп берсе болады деп ойлаймын. Маған да қажет болды. Қиындықтан дәрігерлердің арқасында шықтым - дейді Арал қаласының тұрғыны Гүлди Әблезова. 

Бүгінде Арал ауданында коронавирус немесе пневманияға шалдыққандар жоқ. Дегенмен ауруханалар тас-түйін дайындыққа кіріскен. 100 карантиндік, 100 провизорлық және 40 инфекциялық төсек орын дайын тұр.  

Сонымен қатар бүгінгі таңда оттегін желдендіретін 17 аппарат болды. 55 оттегі концентраты алынды. 145 оттегі баллоны бар - дейді Арал аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Лаура Әділбаева.

Індеттің алғашқы толқынында облыс орталығынан 400-500 шақырымдай шалғай орналасқан Қазалы, Арал аудандарына оттегі баллондары Қызылорда және Байқоңыр қалаларынан тасымалданған. Алдағы уақытта айтулы келеңсіздік қайталанбас үшін іргелес қоныстанған екі ауданға ортақ бір оттегі өндіретін цех салынбақ. 

Бізде оттегі цехы ашылады. Қазір дайын. Қазақстанның шекарасына келді. Оны Қытайдан алдырып жатыр - дейді Қазалы аудандық ауруханасының бас дәрігері Бақыткүл Әлішова.

Биыл Қызылорда облысында барлығы 3 оттегін өндіретін цех салу жоспарда бар. Оның екеуі жақын күндері Қызылорда қаласы мен Шиелі ауданында іске қосылуы тиіс. 

Айта кетейік, өңірде коронавирус инфекциясының болжамды екінші толқынына дайындық аясында 350 миллион теңгеге дәрі-дәрмек сатып алынды. Жағдай күрделене түссе, 21 ауруханада 3 мың төсек-орын жабдықталған. Сондай-ақ үй жағдайында ем алатындар үшін 161 мобильді топ құрылыпты. Індетке қарсы күреске тартылатын үш жарым мыңдай медицина маманына 2 айға жететін қорғаныш құралдарының қоры бар. Өкпені желдететін 191 аппарат дайын.

Өзгелердің жаңалығы