Қызылорда облысы Жалағаш ауданында 60 жобаға 35 млн теңге қаржы бөлінді

30 Шілде 2021, 19:13
3587
Бөлісу:
Қызылорда облысы Жалағаш ауданында 60 жобаға 35 млн теңге қаржы бөлінді

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысы Жалағаш ауданында «Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 45 жұмыссыз тұрғынның жобасы мақұлданып, қаржылай қолдауға ие болды. Қазіргі таңда бұл кәсіпкерлердің бірқатары сапалы өнім шығарып, халық сұранысына қарай жұмыс істеп жатыр.

Ауданда мемлекеттік бағдарлама арқылы жоба ұсынушылардың дені аграрлық өңірде мал шаруашылығын дамытқысы келеді. Дегенмен жоба қорғаушылар арасында аудан тұрғындарына қажетті кәсіпті қолға алуды көздегендерде жетерлік.

Аталған мемлекеттік бағдарлама бойынша комиссияның соңғы отырысында 15 жоба мақұлданып, оларға 9 млн теңге қаржы бөлінді. Жалпы комиссия мүшелеріне 30-ға жуық жоба ұсынылған болатын.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жобасын қорғаған ауданға қарасты Таң ауылының тұрғыны Нұрболат Жүсіпов мал шаруашылығын дамытуды көздейді.

Бүгінде кәсіпкердің мал шаруашылығын дамытуға арналған жобасы қаржылай қолдауға ие болды.

Жеке кәсіп ашу, өз-өзімді жұмыспен қамтуды көптен ойға алған болатынмын. Облыста ірі қара малын көбейтіп, ет және сүт бағытында табыс табуды жоспарладым. Қазір бұл қаражатқа ауылдағы шаруашылықтардың бірінен бір бұзаулы сиыр мен қашар алуым қажет. Осылайша кәсібімнің алғашқы баспалдағын аттамақпын, - дейді Нұрболат Жүсіпов.

Кәсіп бастаушы алдағы уақытта мал басын көбейту мақсатында шағын несие алуды ойластырған. Келешекте де мемлекеттің қолдауына иек артатын кәсіпкер бүгінде ауыл ішінде де төрт түліктің барлық түріне, ет және сүт өнімдеріне сұраныс көп екенін айтты.

Ауылда мал шаруашылығы көптік етпейді. Керісінше осы салаға көп көңіл бөлген жөн. Ауыл – мал шаруашылығын дамытуға қолайлы мекен екені сөзсіз. Осы оймен мен де мал шаруашылығын дамытуды қолға алып отырмын. Екі сиырмен кәсіпті тез аяққа тұрғызу мүмкін емес. Алайда бұл бастамасы. Алдағы уақытта үлкен шаруашылықты құруға ниетім де жігерім де жеткілікті. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан кәсіпті дамытуға түрлі қолдау көрсетіліп жатыр. Алдағы уақытта шағын несие алуға мүмкіндік бар, - дейді кәсіпкер.

Мақұлданған жобалардың қатарында аудан тұрғыны Әділбек Ағыбайдың да жобасы бар. Жас кәсіпкер Жалағаш кентінен фастфуд, яғни тез дайындалатын тағам өнімдерін өндіруді қолға алады. Ол мемлекеттік бағдарлама бойынша 583 400 теңгені иеленді. Енді кәсіпкер өз ісіне қажетті құрал-жабдықтарды Алматы қаласынан әкеліп, жақын арада жеке асханасын ашып, кәсібін жүргізетін болады. Әділбек Ағыбайдың айтуынша, асханада 6-7 түрлі тез даярланатын тағам түрлері әзірленетін болады.

Мемлекеттік бағдарлама негізінде бөлінген қаражат шотыма түсті. Оған қажетті аппараттарды әкелетін боламын. Бұл қаражатқа 10-ға жуық құрал-жабдық сатып алып, кәсібімді дөңгелетемін. Қазіргі таңда фастфуд өнімдерін үй жағдайында даярлап, пайдаға кенеліп жатқандар да бар. мен де кент орталығынан арнайы асхана ашып, өз тұтынушыларымды қалыптастыруды көздеймін. Жалпы бұл бағдарламаның халыққа берері көп. Әсіресе жұмыссыз жастардың өзін-өзі жұмыспен қамтуына зор мүмкіндік береді. Алдағы уақытта өзге де жобалар бойынша жұмыс бастағым келеді. Әзірге осы істі дөңгелетіп, келешекте асхананы кеңейтіп, жұмыс орындарын ашу да жоспарда бар, - дейді кәсіпкер.

Айта кетейік, биыл Жалағаш ауданы бойынша 60 жоба иесі қайтарымсыз қаржыға ие болған. Оларға мемлекет тарапынан 35 млн теңгеден астам қаржы үлестірілген. Ең бастысы қолдауға ие болған жобалардың біразы аудан халқына қызмет етіп, кәсіпкерлік көкжиегі дамып келеді. Бұл тек аудан тұрғындарының сұранысын қанағаттандырып ғана қоймай, сондай-ақ аудандағы жұмыссыздық мәселесін шешуге атсалысуда.



Өзгелердің жаңалығы