Қызылорда облысы үшін мал азығын арзандатуға 1,7 млрд теңге бөлінді

29 Шілде 2021, 23:25
2237
Бөлісу:
Қызылорда облысы үшін мал азығын арзандатуға 1,7 млрд теңге бөлінді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қуаңшылықтан зардап шеккен шаруаларға мал азығын арзандатып беру үшін Үкімет резервінен 1,7 миллиард теңге бөлінді. Бұл туралы Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барған ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев мәлімдеді. 

Ең алдымен төтенше жағдай жарияланған Арал ауданының тұрғындары және шаруашылық басшыларымен кездескен ведомство басшысы мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектерге тоқталып, аймақтағы мал азығы мәселесінің шешілу жолдарын пысықтады. 

«Азық-түлік келісімшарт» корпорациясы 490 тонна арпаны нарықтан төмен бағамен жеткізеді. Жалпы биылғы жылы жемдік астық қорын 370 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен шаруалардың жем-шөп дайындауына арзандатылған жанар-жағармай жеткізіледі. Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, Экология министрлігімен табиғи резерват жерлеріне мал жаю және шөп шабу жөнінде келісім бар. Осыған байланысты қорықтар аумағынан шөп шабу және мал жаю мәселесі шешілді. Сонымен қатар фермерлердің несие төлемдерін кейінге шегеру жөнінде шаралар қабылданады. 

1,7 млрд теңге Үкіметтің резервінен бөлініп отыр. Сол ақша мал азығын арзандатуға қожалықтарға арналған ақша. Қаржы министрлігінен бөлініп ауыл шаруашылығы министрлігі шешімді жедел дайындауға атсалыстық, көмектестік. Ең алғашқы мақсат жергілікті әкімшіліктің, атқарушы органдардың мақсаты соны созбай, тамыздың ішіне шаруашылықтарға жеткізу,  – дейді ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев.

Ертең Ербол Қарашөкеев бастаған топ Жалағаш, Сырдария, Шиелі және Жаңақорған аудандарын аралап, агротауар өндірушілердің тыныс-тіршілігімен танысады.

Өзгелердің жаңалығы