ҚР ЕХӘҚМ қызметінің барлық бағытын қамтитын жобалық кеңсе құрылды

28 Тамыз 2019, 23:45
1825
Бөлісу:
ҚР ЕХӘҚМ қызметінің барлық бағытын қамтитын жобалық кеңсе құрылды
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ жаңа құрылымдық бөлімшесін акционерлік қоғамның президенті Тамара Дүйсенова Нұр-Сұлтанда өткен салалық біліктілік шеңберлері мен кәсіби стандарттарды әзірлеу бойынша Біліктілік жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында таныстырды.

Іс-шараға ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, Ұлттық кеңеске мүше бірқатар министрліктердің вице-министрлері, «Атамекен» ҰКП өкілдері, қоғамдық бірлестіктер мен компаниялар қатысты.

ЕРДО жаңа құрылымдық бөлімшесін таныстыра келе, Тамара Дүйсенова қазіргі уақытта ЕРДО базасында цифрландыру, экономиканы жаңғырту жобалары мен ұлттық біліктілік жүйесін дамыту бойынша 3 жеке жобалық кеңсе және АӘК көрсету жөнінде, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мәселелері бойынша жобалық топтар жұмыс істейтінін айтты.

"Осы бағыттардың барлығы өзара байланысты және бірыңғай нәтиже алу үшін жұмыс істейтініне қарамастан, олар бойынша жеке-жеке жұмыстар жүргізілуде. Міндеттердің қайталануы да кездеседі, ал кейбір жерлерде оларды іске асыру алгоритмдерінде қарама-қайшылық байқалады. Бір сөзбен айтқанда, бірыңғай тәсілдер жоқ", - деді ЕРДО Президенті.

Тамара Дүйсенова алға қойған міндеттердің күрделілігі мен әртүрлілігі жұмысты ұйымдастыруда жоғары талаптарды және барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жауапкершілік деңгейін арттыруды қажет ететінін атап өтті.

«Мәселелерді тиімді шешу үшін біз жобалық басқару тетігін енгізудеміз. Еңбек ресурстарын дамыту орталығы базасында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұлттық біліктілік жүйесі, нәтижелі жұмыспен қамту, атаулы әлеуметтік көмек, әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру сияқты төрт негізгі бағыты бойынша әлеуметтік-еңбек саласын дамыту жөнінде бірыңғай жобалық офис құрылды», - деді Дүйсенова.

ЕРДО Президенті ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жобаларының бүкіл портфелін бірыңғай Жобалық кеңседе жүзеге асыру көптеген ұйымдастырушылық және әдістемелік мәселелерді шешетініне сенімді. Атап айтқанда: әр бағытта нақты мақсаттар мен міндеттері айқындалған жобалар тобын басқарудың құрылымын құру; Жобалық кеңсе мен жобаларды іске асыруға қатысатын мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл процестерін реттеу; Жобалық кеңсеге жүйелік жоспарлау, іске асыру, бақылау, үйлестіру, түзету және аяқтау үшін басқару құжаттарының тиісті пакетімен қамтамасыз ету; Жобалық топ мүшелері мен тиісті мемлекеттік органдар арасындағы дербес жауапкершілікті күшейту.

«Жобалық менеджментті қолдана отырып жасалған дәл осы тәсіл барлық қатысушылар арасындағы өзара іс-қимылдың нақты жүйесін құруға, сондай-ақ барлық бағыттарда туындаған мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік берері сөзсіз», - деді Дүйсенова.

Сөз соңында ЕРДО Президенті ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың басшылығымен Ұлттық кеңес шеңберінде Ұлттық экономика, білім және ғылым министрліктерінің, сондай-ақ "Атамекен"ҰКП өкілдерін қоса отырып, Басқарушы комитет құруды ұсынды.

Басқарушы комитет жобалық кеңсенің барлық қатысушылары арасындағы өзара іс-қимылды үйлестіруді қамтамасыз етеді және жүйелік басқару шешімдерін қабылдайды, сондай-ақ, жобаларды іске асыруды тежейтін мәселелерді жедел жойып отырады.

Өзгелердің жаңалығы