Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қырғызстандағы кедейлік деңгейі 35 пайызға дейін өсуі мүмкін. Бұл туралы Республика ұлттық банкінің төрағасы Навид Накви мәлімдеді, деп хабарлайды 24.kz.
Елде коронавирустың кесірінен халықтын өмір сүру деңгейі айтарлықтай төмендеген. Қырғызстандағы экономикалық ахуал пандемияға дейін де қаржыгерлерді алаңдатқан еді. Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2019 жылы халықтың шамамен 20 пайызы кедейлік шегінен төмен өмір сүрді. Ал әлеуметтік осал топтарға тұрғындардың 60 пайызы кірген екен. Қаржы сарапшылары коронавирус індеті жағдайды одан әрі ұшықтырғанын айтты. Қазір дамушы елдердің экономикасы үлкен «қаржылық апат» алдында тұр.
Карантиннің кесірінен елдің экономикасы тығырыққа тірелді. Көптеген мемлекеттерде жұмысынан айырылған адам саны артты. Бұл еңбек нарығына орасан соққы болды, – дейді кедейлік мәселесі бойынша аға экономист Саида Исмаилахунова.
Қырғызстан экономикасы 2020 жылы 8,6 пайызға төмендеген. Ұлттық валюта арзандап, инфляция деңгейі 10 пайызды құрады. Осы факторлардың барлығы халықтың өмір деңгейіне кері әсерін тигізген. Сарапшылар Қырғызстандағы кедейліктің 31 пайызға артқанын тіркеді. Дүниежүзілік банктің болжамына сәйкес, жұмыссыздық пен азық-түлік бағасының шарықтап кетуіне байланысты бұл көрсеткіш 35 пайызға дейін өсуі мүмкін. Осы тәуекелдерді барынша азайту үшін сарапшылар Қырғызстан үкіметіне ең алдымен халықтың денсаулығын қорғауды ұсынған.
Коронавирус кесірінен шатқаяқтап қалған экономиканы тік тұрғызу үшін ел үкіметі бірқатар шараны қарастыруы керек. Мәселен, екпе егу науқанын уақытында жүргізіп, орта және шағын бизнеске қолдау көрсеткен жөн, – дейді Қырғыз Республикасы Ұлттық банкінің төрағасы Навид Накви.
Дүниежүзілік банктің бағалауынша, 2021 жылы әлемдік экономика шамамен 4 пайызға өседі. Ал Еуропа мен Орталық Азияда 3,5 пайызға артады. Биыл Қырғызстанда да осындай өсім болады деген болжам бар.