Қырғызстан Қазақстаннан шекараны ашуды сұрады

14 Тамыз 2021, 01:21
9319
Бөлісу:
Қырғызстан Қазақстаннан шекараны ашуды сұрады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Қырғызстан СІМ басшысы Руслан Қазақбаевтың Қазақстан елшісі Рәпіл Жошыбаевпен кездесуінде айтылған.

Кездесу 12 тамызда Қазақстан тарапының бастамасы бойынша өтті.

Тараптар Қырғызстан-Қазақстан қатынастарының саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, шекара маңы салаларындағы өзекті мәселелерінің кең ауқымын талқылады. Мемлекет басшылары арасында қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысы, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен өңірлік бірлестіктер шеңберіндегі өзара іс-қимыл мәселелері жөнінде пікір алмасты, – делінген хабарламада.
Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық желісі бойынша қос тарап іскерлік кеңесті жандандыру, ауыл шаруашылығы өндірушілеріне ыңғайлы болу үшін шекара маңындағы аумақтарда бірлескен сауда-логистикалық орталықтар құруды жеделдету, сондай-ақ жүк транзиті мәселелерін талқыға салды.
Қырғыз тарапы екі елдің аумағы арқылы азаматтар мен көлік құралдарының еркін қозғалысы мен транзиті мақсатында Қырғызстан азаматтарының Қазақстанға кіруіне шектеу шараларын алып тастау қажеттігіне ерекше назар аударды, – делінген хабарламада.

Кездесу барысында Қырғызстан СІМ басшысы Руслан Қазақбаев азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету шеңберінде, сондай-ақ коронавирустық инфекция пандемиясының таралуына қарсы күрес бойынша қазақстандық тарап көрсеткен гуманитарлық көмек үшін алғысын білдірді.

Қазақстан елшісі Рәпіл Жошыбаев Қазақстан тарапы гранттық көмек ретінде ағымдағы жылы күздік бидайдың 1000 тонна жоғары өнімді тұқымын беру мәселесін пысықтап жатқанын хабарлады.

Өзгелердің жаңалығы