Қырғыз-тәжік шекарасында тағы да қақтығыс болды

2 Желтоқсан 2021, 09:30
1198
Бөлісу:
Қырғыз-тәжік шекарасында тағы да қақтығыс болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің шекара қызметі қырғыз-тәжік шекарасындағы Дахма аймағында оқ атылғанын хабарлады.

Ресми хабарға сәйкес, 1 желтоқсанда кешкі сағат 9-дан өткенде мемлекеттік шекараның шартты учаскесінде Тәжікстан тараптан белгісіз адамдар аңшы мылтығымен 7-8 рет оқ атқан.

Азаттықтың мәліметіне қарағанда, оқиға болған жерге Қырғызстан және Тәжікстанның шекара бекеттерінің қызметкерлері келіп, оқ атқандарды шұғыл іздеуге келіскен.

Шекара бойынша Баткен және Соғды облыстарының өкілдері де телефон арқылы сөйлескен.

Қырғыз тарап түнгі сағат 22:30-ге қарата жағдай тынышталғанын хабарлады. Тәжікстан тарабы әзірге ресми пікір білдірмеді.

Қырғыз тарабының ақпаратына қарағанда, сол күні Баткен ауданының Көк-Таш ауылының тұрғынын көрші елдің азаматтары сабап, ол ауруханаға түскен. Қырғызстандықтар бір тәжік азаматын ұстап, кейін босатқанын мәлімдеген.

Қырғыз-тәжік шекарасында жиі қақтығыстар болып тұрады. Биыл көктемде қарулы қақтығыс болып, екі тараптан да ондаған адам қайтыс болып, біраз адам жарақатпен ауруханаға түскен.

Өзгелердің жаңалығы