Қылмыстық жолмен алынған қаржыны заңдастыратын заң жобасы дайындалып жатыр

26 Қыркүйек 2019, 16:38
2019
Бөлісу:
Қылмыстық жолмен алынған қаржыны заңдастыратын заң жобасы дайындалып жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мәжілісте ҚР қаржы вице-министрі Қанат Байеділов «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырды.

«Қазақстан басқа да елдер сияқты қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстатумен, терроризмді қаржыландырумен және жаппай қырып жою қаруының таралуымен күресуге тиіс. Бұл ретте қаржы мониторингі ұлттық жүйесінің халықаралық стандарттарға сәйкес келуі маңызды. Осы ретте сәйкес келе ме, жоқ па? Бұл сұраққа 2021-2022 жылдары еліміз өтуге тиісті қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топтың (ЕАТ) Қазақстан Республикасын өзара бағалау нәтижесі бойынша жауап ала аламыз. Біз үшін бағалаудың оң нәтижелерін алудың зор маңызы бар», - дейді Қанат Байеділов.
 
Оның айтуынша, бұл мақсатта енгізілген заң жобасын қабылдау қажеттігі туындайды.  

«ЕАТ-тың өзара бағалауынан сәтті өту мақсатында Қазақстан Республикасы қазіргі сәтте ұлттық заңнамада іске асырылмаған бірқатар жаңа стандарттарды, оның ішінде  бағалаудың өткен раунды нәтижесінде алынған ұсынымдарды заңнамалық тұрғыда бекітуі қажет. Бағалаудан өту кезінде еліміз ұлттық заңнаманың ФАТФ-тың халықаралық стандарттарына сәйкес келетінін көрсетуі тиіс», - дейді вице-министр.

Сонымен заң жобасында мына мәселелер қарастырылған:

1. Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің қарарлары негізінде жаппай қырып-жоятын қаруды таратуды қаржыландыруға (ЖҚҚТҚ) қатысы бар ұйымдар мен тұлғалардың тізбесін жасау бойынша қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органның құзыретін белгілеу;

2. осы тізбені ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операцияларды тоқтату жөнінде шаралар қабылдау үшін тиісті мемлекеттік органдарға және қаржы мониторингі субъектілеріне дейін жеткізу;

3. экспорттық бақылау аясындағы құжаттар мен ақпаратты қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органның алуы саласындағы ведомствоаралық өзара іс-қимыл;

4. бұл тізбеге енгізілген тұлғалардың мемлекеттік шекараны кесіп өтуі туралы Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің комитеттеріне хабарламалар жіберу көзделген.

Өзгелердің жаңалығы