Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл мәселеге қатысты "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КеАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Айдар Сейітқазиновқа бірер сауал тастаған едік.
Елімізде Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосылды. 2020 жылдың 1 сәуіріне дейін барлық азаматтар шартты түрде сақтандырылған болып есептелді. Бұл жеңілдік кезеңі тұрғындардың емханаларға тіркеліп, өз мәртебесін анықтауы үшін берілген. Алайда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елде төтенше жағдай режимін енгізуге байланысты, сақтандырылмаған азаматтардың МӘМС жүйесінде медициналық көмек алу құқығын 2020 жылдың 1 шілдесіне дейін ұзарту тапсырылған болатын.
Шілде айында МСҚ қандай қызмет тарифтерін өсірді? Бұл айда COVID-19 оң көрсеткіші бар бір адамды емдеу шығыны қанша? Осы және өзге де сауалдарды «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Айдар Сейітқазиновқа қойған едік.
- Айдар Кенжетайұлы, қазір тұрғындарда медицина саласына, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына қатысты сұрақ көп. Жалпы, Қор медицина ұйымдарының қандай шығындарын төлейді?
- Өткен жылдың соңында – 2020 жылдың басында Қор медицина ұйымдарымен ТМККК/МӘМС пакеттері бойынша көрсетілетін қызмет түрлері бойынша келісімшартқа отырған болатын.
МӘМС пакетіне енген жоспарлы медициналық көмек - стационар, стационарды алмастыратын қызметтер, жоғары технологиялық медициналық қызметтер, консультациялық-диагностикалық қызметтер, медициналық оңалту қызметтері медицина ұйымдарында 2020 жылдың І тоқсанында басталды. Бірақ, карантин енгізілуіне байланысты оңалту және стационарды алмастыратын қызметтер көлемі азайды.
Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне (ТМККК) келетін болсақ, оған жедел жәрдем, бастапқы медициналық-санитарлық көмек (БМСК), консультациялық-диагностикалық көмек, жоғары технологиялық медициналық қызметтер кіреді. Аталған екі пакетте де амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, паллиативтік көмек, патоанатомиялық зерттеу қызметтері бар.
2020 жылға келісімшарт жасалған барлық қызмет түрлері қалады. Карантин шаралары төмендеп, медицина ұйымдары келісімшарт аясындағы қызметтерін орындаған жағдайда, келісімшарт міндеттемелеріне сәйкес, Қор төлем жүргізеді.
Ал, төтенше жағдай кезіндегі іс-шаралардың төлемақысына келетін болсақ, коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында, осы лот аясында біз үш негізгі бағыт бойынша медицина ұйымдарымен келісімшарт жасадық: емдеу жағдайы бойынша көрсетілген медициналық қызметтер, КВИ бойынша эпидемияға қарсы шараларға тартылған денсаулық сақтау субъектілерінің қызметкерлеріне үстемеақы төлеу, КВИ анықтау үшін диагностикалық зерттеулер.
- COVID-19 оң көрсеткіші бар бір адамды емдеу шығыны қанша?
- Медициналық көмек сапасын жақсарту үшін шілде айында КВИ емдеу қызметтерін көрсететін медицина ұйымдары үшін тарифтер өсті. Тарифтер бойынша, мысалы: егер бұрын провизорлық стационарда КВИ емдеу 11 000 теңге болса, енді 21 000 теңгені құрайтын болады, мұнда жеке қорғаныс заттарының құны қосылған. Егер тәуліктік стационарды алатын болсақ, КВИ емдеу тарифы бұрын 15 000 теңге болса, енді жеке қорғаныс заттарының құны ескеріліп, 32 000 теңгені құрайтын болады. Егер пациент жансақтау бөлімінде болса, онда, жеке қорғаныс заттары мен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шығындарын ескергендегі, 1 күндік төсек-орын құны 70 000 теңгені құрайды. Сәйкесінше, емдеу шараларын стационарда болған төсек-күніне көбейте отырып, медицина ұйымы пациент үшін қанша алатынын білуге болады.
Сондай-ақ, осы айдан бастап емханалар жанынан пациенттерге амбулаториялық қызмет көрсететін мобильді бригадалар болады. 1 мобильді бригада шақыру құны – 5 492 теңге. Медицина ұйымдары барлық деректерін Ақпарат жүйесіне енгізуіне болады, сәйкесінше Қор жүйе арқылы жүргізілген жұмыстарды көре алады және ақы төлейді. Қазір біз мобильді бригада қызметі бойынша шығатын бұйрықты күтіп отырмыз.
- Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласы бойынша COVID-19 диагнозымен емделген пациенттер бойынша медицина ұйымдарына қанша төлем жасалды?
- Медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы (емделген жағдайлар бойынша) 1 млрд 411 млн теңге шамасында 18 мың емделген жағдай үшін төлем жасады, бұл – провизорлық және инфекциялық стационарларда, сондай-ақ карантиндік стационарларда емделген барлық пациенттер.
Үстемеақы бойынша: Қор КВИ бойынша эпидемияға қарсы шараларға тартылған барлық елордалық медицина ұйымдарының (стационарлардың, емханалардың және жедел жәрдем станциясының) қызметкерлеріне, 4,9 млрд теңгеден аса үстемақы төледі.
ПТР-зерттеулер бойынша: Нұр-Сұлтан қаласындағы емханаларда жасалған ПТР-зерттеулер үшін 140 млн теңге көлемінде төлем жүргізілді.
- COVID-19 диагнозы бар пациенттерді емдеуге Қордың қаржысы жетпеуі мүмкін деген қауіп бар ма?
- Ондай қауіп жоқ. Біз қазір 17 млрд теңге көлемінде қосымша қаражат сұрап отырмыз. Егер лоттарға бөліп айтар болсақ: КВИ емдеуге – 6,8 млрд теңге, ПТР-зерттеулер бойынша – 445 млн теңге шамасында, үстемеақы бойынша –10 млрд теңгеден аса қаржы керек. Бұл – шілде, тамыз, қыркүйек айларындағы аралық үшін. Осы үш ай үшін төсек санын, пациенттердің ауруханаға түсу қарқынын, тартылатын медицина қызметкерлерін ескере отырып, есеп жүргізілді.
Біз жергілікті денсаулық сақтау басқармасымен тығыз байланыстамыз. Медициналық мекемелер өздеріне жүгінген әрбір тұрғынға барынша көмектесуге тырысуда. Қор тарапынан медициналық қызмет жеткізушілерімізге тұрғындарға көрсеткен қызметтерінің ақысы уақытылы төленеді және олардың қызметі бақылауда. Айта кетейін, Қордың 1406 байланыс орталығы төтенше жағдай кезінде коронавирус бойынша жедел желі ретінде жарияланды. Желіге медициналық қызмет көрсету сапасын мониторингтеу бөлімінің мамандары тартылған, олар аймақтағы медицина ұйымдарымен бірлесе отырып, жұмыс істейді. Сондай-ақ, Qoldau-24/7 мобильді қосымшасы арқылы да өтініш қалдыруға болады.
- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге алғыс білдіреміз!