Квазимемлекеттік сектордағы сатып алулар бір заңмен реттелетін болды

27 Мамыр 2021, 12:24
19278
Бөлісу:
Квазимемлекеттік сектордағы сатып алулар бір заңмен реттелетін болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Парламент Сенатының жалпы отырысында «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы» заң жобасы қабылданды.

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, қазіргі уақытта квазимемлекеттік сектордың сатып алулары әртүрлі нормативтік құқықтық актілермен реттеліп келеді.

Мәселен, «Самұрық-Қазына» қорының сатып алулары «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» заңмен және қордың директорлар кеңесі бекіткен сатып алу қағидаларымен реттеледі. «Самұрық-Қазына» қорының құрамына кірмейтін «Бәйтерек», «Зерде» сияқты ұлттық компаниялардың сатып алулары «Мемлекеттік мүлік туралы» заңмен және Қаржы министрлігі бекіткен сатып алу қағидаларымен реттеледі. Орталық және жергілікті атқарушы органдардың жанында жұмыс істейтін квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алулары «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңмен және мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларымен реттеледі, - деді  Ерұлан Жамаубаев.

Ал тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі есебінен дәрілік заттарды сатып алатын медициналық ұйымдардың және бірыңғай дистрибьютер СҚ-Фармацияның сатып алулары денсаулық туралы кодекспен және дәрілік заттарды сатып алу қағидаларымен реттеледі. 

Әзірленген заң жобасымен Самұрық-Қазына шорының және өзге де ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың сатып алуларын реттеу ұсынылады. Осылайша, заң жобасы сатып алулары шамамен 3,4 трлн теңге сомасындағы 250-ден аса ұлттық компанияны олардың еншілес ұйымдарымен бірге қамтитын болады,- деді министр. 

Заң жобасында мынадай негізгі тәсілдер көзделген: 

Біріншіден, квазимемлекеттік сектор субъектілері үшін бірыңғай болып саналатын, заңның қолдану аясына, қағидаттарға, шектеулерге, тәсілдерге, бақылауға және шағымдануға қатысты базалық ережелер заң деңгейінде бекітіледі. Мемлекеттік сатып алуға ұқсас тендерлік құжаттаманы алдын ала талқылау, сондай-ақ шағымдану кезеңінде келісімшарт жасасуды тоқтата тұру механизмдері ұсынылады. 

Екіншіден, сатып алу процесін нақтылайтын нормаларды ережелер деңгейінде регламенттеу көзделіп отыр. Осы жерде «Самұрық-Қазына» қорының сатып алу ережелерін бекітуді уәкілетті органның (Қаржы министрлігі) келісімі бойынша қордың қарамағында қалдыру ұсынылады. Бұл қор қызметінің ерекшелігі мен оның мәртебесіне, сондай-ақ ІРО өткізу және жекешелендірудің өзге де түрлері кезінде қор компанияларының инвестициялық тартымдылығын сақтау қажеттігіне байланысты. 

Негізгі заң жобасы 19 баптан тұрады. Жалпы, құжатты қабылдау – квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алуының ашықтығын, тиімділігін арттыруға және осы саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді,- дейді Жамаубаев.
Өзгелердің жаңалығы