Күзгі каникулды қалай өткізу керек? - Бас ұстаздан оқушыларға кеңес

30 Қазан 2023, 11:20
2333
Бөлісу:
Күзгі каникулды қалай өткізу керек? - Бас ұстаздан оқушыларға кеңес
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев күзгі каникулға шыққан оқушыларға демалысты қалай пайдалы өткізуге болатыны жайлы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Күзгі каникул кезінде айтатын бір ғана ақылымыз бар. Әлемдік бәсекеге қабілетті азаматтар болу үшін көп оқуымыз керек. Біз оқуға құштар мемлекетке айналуымыз керек. Ендеше әр бос уақытты кітап оқуға арнасақ, бұл әрине құба-құп болар еді, - деп кеңесін айтты бас ұстаз.

Ол сонымен бірге кітап оқып қана қоймай, таза ауада серуендеуді де ұмытпау керегін ескертті.

Күзгі ауа райы да жаман емес. Сондықтан далада серуендеп, таза ауа жұту, денсаулыққа көңіл бөлу де қажетті ақыл-кеңестердің бірі, - дейді Ғани Бейсембаев.

Қазақстандық мектептерде күзгі демалыс басталғанын еске сала кетейік. Оқу-ағарту министрлігі демалысты «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында ұйымдастыру бойынша ұсыныстар әзірлеп, өңірлерге жолдады.

Білім беру ұйымдары кітапханаларды, мұражайларды, спорт кешендерін, ғылыми қоғамдастықтар мен балалар бірлестіктерін тарта отырып, мәдени-демалыс, спорттық және шығармашылық бағытындағы іс-шаралар жоспарын әзірлеуі қажет.

I. Оқушылармен кәсіптік бағдар беру жұмысын жасау: кәсіпорындарға экскурсиялар ұйымдастыру, сондай-ақ түрлі кәсіптің үздік өкілдерімен кездесулер өткізу.

II. Өмірдің қиын жағдайына тап болған, үйде оқитын оқушылар үшін мына шараларды: виртуалды экскурсиялар, онлайн жарыстар, психологтармен іс-шаралар, белгілі бір пәндер бойынша кеңестер ұйымдастыру маңызды.

III. Ата-аналармен өзара қарым-қатынас құру барысында: балалармен бірлесіп, мәдени-көпшілік және дене шынықтыру-сауықтыру іс-шараларын, экскурсиялар, интернет-марафондар, ата-аналарға арналған конференциялар мен форумдар өткізу.

IV. Ата-аналарға педагогикалық қолдау көрсету орталықтары: құқық қорғау, денсаулық сақтау, төтенше жағдайлар органдарының өкілдерін шақырумен балаларды тәрбиелеу және зиянды әдеттердің алдын алу бойынша кеңестер ұйымдастыру.

V. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мектептің де, ата-аналардың да басты міндеттерінің бірі. Сондықтан, аталмыш іс-шараларды өткізбес бұрын күзгі демалыс кезінде оқушылар мен олардың ата-аналарына өмір қауіпсіздігі және денсаулықты қорғау туралы нұсқаулық жүргізу маңызды.

Демалыс кезеңінде ұсынылатын барлық іс-шаралардың тізімі ақпараттық стендтерде, білім беру ұйымдарының веб-сайттарында орналастырылып, олар ата-аналарға таныстырылуы қажет.

Биылғы оқу жылында күзгі демалыс 30 қазаннан басталып 5 қарашаны қоса алғанда 7 күнтізбелік күн.

Өзгелердің жаңалығы