Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Күйік пен көгерген іздер: Шымкентте балаларды анасының қолынан алып қойды

Бөлісу:
 ©BAQ.KZ/ жасанды интеллект
Фото: ©BAQ.KZ/ жасанды интеллект

Шымкент қаласында әлеуметтік желілерде әртүрлі жастағы балалардың күйік шалғаны және көптеген дене жарақаттары бейнеленген видео тарағаннан кейін кәмелетке толмаған балалар отбасынан алынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Балалар 29 жастағы анасынан 9 және 11 жастағы екі баланың мектепке бармай қойғаны анықталған соң алынды. Оқушылардың сабаққа келмегенін алғаш байқаған мұғалімдер жағдай туралы уәкілетті органдарға хабар берген.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Әйел уақытша ұстау изоляторына қамалды. Істің барлық мән-жайын анықтау мақсатында кешенді тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта кәмелетке толмағандар дәрігерлердің бақылауымен ауруханада, ал жас балалар Сәбилер үйінде орналастырылды. Сонымен қатар әйелді ата-ана құқықтарынан айыру рәсімін бастау үшін тиісті органдарға материалдар жолданды, – деп хабарлады Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Жақында ғана осыған ұқсас жағдай Жетісу облысында да болған еді. Жаркентте 28 жастағы анасы өз баласын аяусыз соққыға жыққанын хабарлаған болатынбыз. Аталған оқиға әлеуметтік желіде тез тарап, резонанс тудырды.

Жетісу облысының Полиция департаменті кішкентай баласын соққылап, тепкілеп, қолынан тартып, бұрап, аяусыз ұрып-соққан ана қамалғанын хабарлады.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева осы факті бойынша пікір білдірді. Сондай-ақ Панфилов аудандық әкімдігінде жас әйелді ана құқығынан айыру мәселесі қаралып жатқаны хабарланды.

Баласын азаптаған әйелге 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төніп тұр. Бұған дейін аталған жантүршігерлік оқиғаны бүлдіршіннің әкесі видеоға түсірген деген ақпарат тараған еді. Белгілі болғандай, бейнежазбаны үй иесінің құрбысы түсірген.

Өзгелердің жаңалығы