Әйелдер, қыздар қаржылай тәуелсіз болып, қалай табыс таба алады? Қаржы сарапшысы Гүлнұр Нұрланқызы қыздарға қалай қаржылай тәуелсіз болуға болатынын айтып, кеңес берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бірінші кезекте айтқым келетіні – қыздар білім алуы керек. Күйеуге шығуға асықпаңыздар. Оқып, диплом алған бір бөлек, оған қоса тұрақты табыс әкеле алатын қабілет болғаны дұрыс. Мысалы, тіл білсе, қосымша жұмыс алып, аудармамен не болмаса біреуге тіл үйретуіне болады. Мүмкін бухгалтерлік есеп жүргізе алатын шығар. Яғни кез келген қыз, ана үйде отырып-ақ табыс таба алатындай қабілетін дамытқаны жақсы. Тіпті тұрмыс құрғанына дейін қыздар пәтер алып қойса, кейін күйеуге тиген соң, оны жалға беріп, қосымша табыс табуға болады, - деп айтты сарапшы.
Гүлнұр Нұрланқызы осындай жағдайларды ойластырып барып, отбасы құруға кеңес берді.
Себебі бойдақ күнде оны істемесең, бала-шағалы болғанда қиынырақ. Әйтсе де қазір бала-шағалы әйелдерге де үйде отырып, онлайн жұмыс істеп, табыс таба алады. Кейін оны дамытса да, өзі біледі. Бастысы, бастап кету ғана. Сондықтан қосымша білім алып, қабілетті дамыту қажет. Қазір әлеуметтік желілердің заманы болғандықтан, уақытты құр босқа біреудің парақшасын қараумен өткізбей, өз парақшаңа көңіл аударып, халыққа не бере алатыныңды ойластыру керек. Осылайша, қыздар өздері табыс таба алады. Ер адамға қарап отырмаған жөн, - дейді ол.
Сарапшы айтқандай, кез келген әйелдің қалтасында өз ақшасының болуы, оны жеке қажеттіліктеріне жұмсай алуы, ешкімнен ақша сұрап отырмау – әйелдерге көп мүмкіндік береді.
Әйел адам ақша таба алса, оны жинап, тиімді басқара алса, ол оны балаларына да үйрете алады. Сондықтан бала тәрбиесімен үйде көбіне ана айналысып отырғандықтан қаржылай да сауатты болуы керек, - деп қоса кетті Гүлнұр Нұрланқызы.
Бұған дейін Гүлнұр Нұрланқызы «Неге несиесіз өмір сүре алмаймыз?» және «Тамақты несиеге алу дұрыс па?» деген сұрақтарға жауап берген болатын.
Сондай-ақ қаржылай сауатты болудың жолдарын да сілтеді.
Сарапшының айтуынша, елімізде бірнеше миллион адам кедейлікте өмір сүріп жатыр.
Сонымен бірге Гүлнұр Нұрланқызы қарыздан құтылудың ең жылдам жолын айтты.
Бүгін сарапшы “ақшаны қалай және қайда жинауға болады?” деген сұраққа жауап берді.