Құтымбетов: QazCovid-in – ең қауіпсіз вакциналардың бірі

11 Сәуір 2021, 10:01
3498
Бөлісу:
Құтымбетов: QazCovid-in – ең қауіпсіз вакциналардың бірі
PHOTO

 

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан ғалымдары жеңісінің шарықтау шегі коронавирусқа қарсы вакцина болды десек артық болмас. Әлі де соңына дейін зерттелмеген вирусқа қарсы отандық вакцинаның тиімділігі 98 пайызды құрап отыр. Отандық вакцинаның 50 мың дозасы 25 сәуір «СҚ-Фармация» қоймаларына жеткізіледі. Вакцина әзірлеуші ғалымдардың бірі, профессор Леспек Құтымбетов ғылыми жолы мен қазақстандық вакцинаның артықшылығы туралы айтып берді.

Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының аса қауіпті инфекциялар зертханасының меңгерушісі Леспек Құтымбетов вирусология саласына қалай келгенін айтты.

Мен мектеп бітірген соң Алматының зооветеринарлық институтында 1975-1980 жылдары білім алдым. Ол жерден мал дәрігері маманы болып шықтым. Оқу орнын тәмамдаған соң осы институтта жұмыс істеуге шақырту алдым. 1980 жылы зерттеу институтына келіп, вирусология мамандығы бойынша машықтандым. Одан кейін Алматыда, кейін Ресейдің Владимир қаласындағы вирусология институтында екі жыл істедім. Тәжірибе жинақтаған соң институтқа оралдым, - деді Құтымбетов. 

Ғалым Түркістан облысы Шымкент қаласында дүниеге келген. Отбасылы, екі қызы мен бір ұлы бар. 

Балалардың барлығы есейген соң Алматыға кетті. Жарым да осы институтта вирусолог болып жұмыс істейді. Біз балаларымызға анда-санда барып тұратын едік. Қазір ондай мүмкіндік жоқ. Себебі жұмысты демалыссыз, кешкі тоғызға, түнгі үшке дейін қалып істейміз, - дейді Құтымбетов. 

Сондай-ақ, ғалым қазіргі қазақстандық ғылымның деңгейіне қатысты өз пікірін білдірді. 

Жалпы Қазақстан ғылымына баға беру қиын. Қазір коронавирустың салдарынан мектеп пен университеттер онлайн форматта білім алып жатыр. Әрине, онлайн білім алу қиын. Сондықтан вакцинаны шығарып, оны пайдалану арқылы пандемиядан құтылып, дәстүрлі білім алуға тезірек көшеміз деген ойдамын, - деді маман. 

Леспек Құтымбетов қазақстандық вакцина COVID-19 вирусынан әзірленгенін айтты.

Құтымбетов: QazCovid-in – ең қауіпсіз вакциналардың бірі


 

Вирусқа адъювант қосылды. Сондықтан оның иммуногендік қасиеті басқа вакциналарға қарағанда жоғары болады. Вирус химиялық жолмен өлтірілген, оны ағзаға салған кезде көбеймейді. Оның құрамындағы заттар иммунитетті көтереді. Біздің институт вирусология бағытында құрылған. Мен 40 жылдан бері осы салада жұмыс істеймін. Кез келген вируспен жұмыс істеу біздің қолымыздан келеді. Коронавирус пайда болған кезде жаңа вирус деп одан шошынған жоқпыз. Себебі коронавирусқа ұқсайтын вирустар малдарда да кездеседі. Оларға қарсы вацинаны әзірлеп жүрміз, - деді профессор. 

Маман айтқандай, отандық вакцина зертханалық жануарларда сыналған соң, әзірлеуші ғалымдар өздері де салып алған. 

Бұл - біздің қауіпсіздігіміз. Себебі күнде сол вируспен жұмыс істедік. Ғалымдар ауырған жағдайда жұмыс тоқтап қалатын еді. Вакцина халыққа шығатындықтан, оның қауіпсіздігін тексеру үшін де өзімізге бірінші салдық. Вакцинаның құрамында қандай заттар бар екенін білген соң, қорықпай ектірдік, - деді Құтымбетов. 

Ол атағандай, шетелде дайындалып жатқан вакциналарда генетикалық өзгерген вирустар бар. 

Бір вирустың құрамына екінші COVID-19 вирусының геномын салады. Оның нәтижесінде ол ГМО болып шыға келеді. Ал содан әзірленген вакцина дене жасушасына кіргенде не болады деген қауіптер бар. Ондай вакциналар өндіріске енді кіріп жатыр. Кең таралған жоқ. Оның қауіпсіздігі туралы ешкім айта алмайды, - деді ол. 

Ғалым отандық вакцина Қытай әзірлеген вакцинаға ұқсас екенін айтты. 

Қытай әскері мен халқына қазір оны егіп жатыр. Ресейдің Чумаков институты да өлтірілген вирустан вакцина жасады. Біздің институтта 5 вакцина дайындайтын болсақ, оның бірі осы инактивті. Сосын ақуыздық вакцина, ол вирус сыртындағы ақуыз қабатын алу арқылы дайындалады. Ондай вакцина Ресейде де бар, - деді ол. 

Құтымбетов ресейлік Sputnik-V векторлық вакцинасы сияқты екі вакцина әзірленіп жатқанын айтты. 

Оның бірі тұмауға байланысты болса, екіншісі оспалық дертке қарсы вакцина болмақ, - деді ол. 

Ғалым отандық вакцина қауіпсіз екенін айтып, халықты екпеден қашпауға шақырды.

Құтымбетов: QazCovid-in – ең қауіпсіз вакциналардың бірі


 

Вакциналардың ішіндегі ең қауіпсізі – өлтірілген вакцина. Қытай, Ресей болсын, біздікі болсын ең қауіпсіз вакцина болып табылады. Халыққа айтарым, вакцинадан қорқудың қажеті жоқ, - деді ол. 

Фото: Мұхтар Холдорбеков 

 

 

Өзгелердің жаңалығы