Курстан өткен мұғалімдерге жақсы нәтиже көрсетсе ғана сертификат беру қажет – Аймағамбетов

26 Сәуір 2022, 13:05
11719
Бөлісу:
Курстан өткен мұғалімдерге жақсы нәтиже көрсетсе ғана сертификат беру қажет – Аймағамбетов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрлігінің аппарат жиналысында ведомство басшысы Асхат Аймағамбетов курстан өткен мұғалімдерге тек жақсы нәтиже көрсетсе ғана сертификат беру керегін айтты.

Біз биыл келісілгендей пәндік білімдерді жетілдіру бойынша курстар өткіземіз. Яғни бұл курстар басты назарда болады. Сондай-ақ курстан кейінгі қолдау мен мониторинг жүргізу де өте маңызды. Тек қана курсты өткізіп, ертең не болатынын байқамай, оған мониторинг жүргізбесек және қолдау көрсетпесек, онда мұғалімдерге алған білімін қолдану кезінде үлкен қиындықтар туындауы сөзсіз. Сол себепті курстан кейінгі қолдау мен мониторинг жүргізуді қамтамасыз ету қажет, - деді білім басшысы.

Министр «кімге қандай курс керек?» деген сұраққа жауап беру үшін Ұлттық біліктілік тесті сияқты басқа да әдістемелердің нәтижелерін қолдану керегін айтты. Мысалы, математика бойынша курс өткізілді делік. Енді бұл курста университетте 4 жылда алатын білімін қысқа мерзімде оқыту мүмкін емес.

Сол себепті нақты қай тақырып бойынша мұғалімдерге біліктілік арттыру керегін анықтап, топтарға бөлу үшін осындай құралдарды кеңінен қолдану керек. Тағы бір маңызды мәселе бар. Курстарға келгендердің басым көпшілігі, тіпті 90%-ы міндетті түрде сертификат алып шығады. Менің ойымша, бұл жерде «Өрлеу» орталығы курсты нақты кім аяқтап, жақсы нәтижелерге қол жеткізді, соған тиісті сертификатты беруі керек. Егер нақты нәтиже көрсетпесе, онда не үшін барлығына сертификат беруіміз қажет? Мүмкін емтиханды қайта келіп тапсыруы қажет болар? Сондықтан оның берекесін қашырмай, нақты нәтижеге жұмыс істеу керек деп санаймын, - деп айтты еліміздің бас ұстазы Асхат Аймағамбетов жиналыста.

БҒМ басшысы әріптестеріне университеттермен және өңірлердегі Білім басқармаларымен жұмысты жүргізуді тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы