Күнжамал Егізбаева: Қарақағаз келмесе екен деп тіледік

9 Мамыр 2023, 09:25
1373
Бөлісу:
Күнжамал Егізбаева: Қарақағаз келмесе екен деп тіледік
Фото: автордан

Бұл күнде 98 жасқа келген Күнжамал Егізбаева апамыз сол бір сұрапыл соғыс жылдарының ауыртпалығын әлі де болса үреймен еске алады, деп хабарлайды Қостанай өңіріндегі BAQ.KZ тілшісі.

Жасы ғасырға таяған кейуана Меңдіқара ауданы, Шиелі ауылында дүниеге келіпті. Еңбек жолы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген әжей бастарынан өткізген қиыншылықтарын еске алуға қорқады. Бұл күндегі тыл ардагері болашақ ұрпағы мұндай қатігездікті ешқашан көрмесе екен деп шын жүректен тілейді.

Айта кетерлігі, жүзге жақындаған әжейдің құлағы естімейді, немерелерінің есімдерін шатастырып отырады. Дегенмен, соғыс жылдарындағы көрген тауһыметін кешегі күндей еске сақтаған.

Мен соғыс жылдарында сауыншы да, бұзау бағушы да, есепші де, тіптен тракторшы болып жұмыс істедім. Бізді қайда жіберсе сонда бел жазбай жұмыс істедік. Себебі, біздің тылдағы жұмысымыз алдағы жеңістің тамшыдай үлесі екенін ерте сезіндік. Біздің түннің бір уағына дейін жұмыс істеп, бір-екі сағат ұйықтап, қайтадан жұмысқа кірісетін кезіміз де болды. Ол кездегі уақыт қиын болды. Өндіріп жатқан тағамдарымыздың дәмін де көрмедік. Барлық өнімдердің майданға жіберілетінін, жауынгерлерге қажет екенін түсіндік, - дейді тыл ардагері Күнжамал Егізбаева.

Күнжамал Егізбаева: Қарақағаз келмесе екен деп тіледік

Күнжамал апаны уақыт ерте есейтті он төрт жасында ұзатылған әжеміз, он бес жасында тұңғышын дүниеге әкелген. Тыл ардагері Күнжамал апа - он үш құрсақ көтерген батыр ана. Өкінішке орай, бұл күнде сол он төрт баланың сегізін анамыз қара жер қойнына тапсырыпты. Апамыздың жылдар бойы тартқан азабы мен арқалаған қиындықтарын естігенде төбе шашың тік тұрады. Күнжамал апа соғыстан оралмаған алғашқы жұбайын ерекше тебіреніспен еске алады.

Майдандағы күйеуім екеуіміз үнемі хат жазысып отырдық. Сұм соғыс аяқталуға небәрі алты ай қалған кез еді. 1944 жылдың желтоқсан айында мен күйеуімнен кезекті хат алдым. Онда ол соғыс жақында аяқталып, көп ұзамай қайта үйге ораламын деп жазды. Бірақ, амал қанша бізді сұм соғыс мәңгілікке жолықтырмады. Күйеуім майдан даласында қаза тапты. Расын айтқанда, соғысқа не күйеуін, не әкесін аттандырған қыз-келіншектердің басты арманы қарақағаз келмесе екен деп тіледік. Өкінішке орай, сол жаманаттың жаршысы соғыс бітер сәтте біздің де шаңырақты айналып өтпеді,- деп еске алады апамыз.

Кейіпкеріміздің өмірі қиындықтарға, азап пен тоқшылыққа толы болыпты. Бірақ ол ешқашан басқа адамдарға жамандық жасамаған. Керісінше, ол мұқтаж адамдарға қолда бар соңғы нанын бөліп берген кездері көп болыпты.

Мен өз үйімді мүлдем бейтаныс адамдармен бірге тұруға мәжбүр болдым. Кішігірім бөлмеде көп адамдар бірге тіршілік еттік. Бір үзім нанды бірнеше адамға бөліскеніміз есімде. Күн ұзақ жұмыстан соң тіске басар бір түйір тамақ тапсақ, бір үйлі жан қореқ еттік. Бірақ ешкімнің наласына қалғаным жоқ, - деп өз қиындықтарымен бөлісті Күнжамал апа.

Ол соғыстың аяқталуы мен Жеңіс күнін ерекше атап өтпейтінін айтады. Себебі, осы соғыс алғашқы құдай қосқан қосағынан айырғанын өкінішпен еске алады.

Біз бәріміз туыстарымыз бен жақындарымызды күттік, бірақ көбісі оралмады. Сол кезде бәрі қатты жылағаны есімде, бұл үлкен қайғы болды, - дейді кейіпкеріміз.

Қазақта әйел қырық шырақты деп бекер айтпаған ғой. Соғыс бітіп бейбітшілік орнаған соң Күнжамал апамыз екінші рет тұрмыс құрады. Осылайша батыр ана өмірге он төрт нәресте әкеліпті.

Өзгелердің жаңалығы