"Күнделікті табыс" уәдесімен алдаған: "Boxy Wealth" ісі бойынша күдікті қамауға алынды

Алматыда «Boxy Wealth» қаржы пирамидасы әшкереленді. 78 адам 110 млн теңгеден астам қаржы салған, жалпы шығын 170 млн теңгеден асты.

 ©BAQ.KZ архиві/Нұркен Алишев Бүгiн 2026, 10:16
Бүгiн 2026, 10:16
119
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Нұркен Алишев

Алматы қаласы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) департаменті «Boxy Wealth» қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету фактісі бойынша тергеуді аяқтады. Күдікті қамауға алынып, іс сотқа жолданды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Тергеу мәліметінше, күдікті бір жыл бойы Алматы аумағында аталған жобаның құрылымдық бөлімшесін басқарған.

Аталған жоба «www.boxywealth.com» интернет-ресурсы және мессенджерлер арқылы жұмыс істеген. Әсіресе «Күнделікті табыс» чатында бастапқыда халық тұтынатын тауарлар туралы ақпарат таратып, кейін азаматтарды инвестициялық платформаға тарту жүзеге асырылған.

Қатысушыларға түрлі пакеттердің бірін сатып алып, күн сайын жарнамалық материалдарды қарау ұсынылған. Ұйымдастырушылар тәулігіне 5-10% аралығында табыс табуға болады деп уәде берген. Сонымен қатар жаңа қатысушыларды тартқаны үшін бонус қарастырылған рефералдық жүйе де жұмыс істеген, - делінген ҚМА хабарламасында.

Тергеу барысында қаражаттар жеке тұлғалардың (дропперлердің) банк шоттары арқылы қабылданып, кейін P2P операциялар арқылы криптовалютаға аударылғаны анықталды.

Сенім қалыптастыру мақсатында компания ресми түрде тіркеліп, кеңсе ашылған, белсенді жарнама жүргізілген, «табыс» көрсеткіштері көрсетіліп, салымшыларға кеңес беру ұйымдастырылған.

Нәтижесінде 78 азамат қаржы пирамидасына 110 млн теңгеден астам қаражат салған. Ал келтірілген жалпы шығын көлемі 170 млн теңгеден асқан.

Күдікті қамауға алынды. Сот санкциясымен оның Алматы қаласындағы жер учаскесіне тыйым салынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарға инвестициялық жобаларға қаржы салмас бұрын олардың заңдылығын мұқият тексеруге, ұсынылған ақпараттың шынайылығына көз жеткізуге және ұйым қызметінің заңды екеніне назар аударуға кеңес береді.

Еске салсақ, Қазақстанда азаматтардың жеке деректері мен банк қаражатын ұрлаумен айналысқан қылмыстық топтың жолы кесілді. Яғни Beeline мен Halyk атынан SMS тұзағын құрған алаяқтар ұсталды. Олар сағатына 100 мың хабарлама таратқан.

Наверх