Бас прокуратура Мәжіліс депутатының «Күнделік» жүйесін тексеруге қатысты депутаттық сауалына жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров оқушылар мен мұғалімдер қолданатын «Күнделіктің» жұмысын сынға алып, Бас прокурорға сауал жолдаған болатын.
Бас прокурор Берік Асылов мәжіліменнің сауалына жауап берді.
Бас прокурор жарнаманы тарату, ақылы қызмет көрсету, дербес деректерді қорғау жəне қаржыландыру мəселелері бұған дейін осы мәселеге қатысты жолданған депутаттық сұрау салу шеңберінде де қаралғанын атап өтті.
Атап айтқанда, шарттың талаптары бойынша «Күнделік» ЖШС инвестициялық шығындарды өтеу жəне кірістер алу үшін жүйеге жарнама өнімдерін орналастыруға құқылы, бұл жалпы мемлекеттік-жекешелік əріптестік туралы заңнаманың талаптарына қайшы келмейді. Сондай-ақ «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ («ҰАТ») ресурстарында «Күнделік» АЖ орналастыруға жыл сайын сервер ұсынғаны үшін қаражат бөлінетінін хабарлаймыз, - деді ол.
Сөзінше, биыл оған 309 млн 893 мың теңге, 2022 жылы - 259 млн теңге бөлінді.
Бұл қаржыландыру цифрлық даму жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті мен 01.02.2023 ж. №230007/00 «ҰАТ» АҚ арасында хостинг ұсыну бойынша қызметтер көрсетуге арналған шартта көзделген.
Ұлттық экономика министрлігі уəкілетті орган ретінде «Күнделік» электронды журналдары мен күнделіктерінің жобаларына салалық сараптаманың оң қорытындысын берді. Қазіргі уақытта елдегі мемлекеттік мектептерде 4 цифрлық білім беру платформасы қолданылады.
«Күнделік» АЖ 15 өңірде пайдаланылады, қалған өңірлерде жергілікті атқарушы органдар өзге де цифрлық білім беру платформаларын («Edus mektep», «Bilim All» «Bilim class») дербес айқындады. Тиісінше, білім беру платформаларының балама нұсқалары бар, - делінген Бас прокуратураның ресми жауабында.
«Күнделік» АЖ жұмыс істеуіне қатысты, оның ішінде жарнаманы тарату мəселелері бойынша Бас прокуратураға қандай да бір шағымдар мен арыздар түспеген.