Қазақстанда күнбағыс егіс алқабы соңғы онжылдықтағы ең жоғары көрсеткішке жетті. Сарапшылар бұл өсімдікті бүгінде еліміздегі "ең табысты дақыл" және "аграрлық алтын" деп атап жүр. Мұндай баға ресми статистикамен толық сәйкес келеді: 2024 жылы күнбағыс тұқымы өсімдік шаруашылығының негізгі өнімдері арасында ең жоғары табыстылыққа ие болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биыл күнбағыс егілген алқап көлемі 1,8 миллион гектарға жуықтады. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда бірден 38%-ға көп, әрі кем дегенде 1990 жылдан бергі рекордтық көрсеткіш.
Күнбағыс алқабының мұндай өсімі бұрыннан жоспарланған болатын. Бұл – егіс алқаптарын әртараптандыру және табысты дақылдарға басымдық беру саясатының жемісі. Сонымен қатар, сарапшылар күнбағыс өндірісінің әлеуеті бұдан да жоғары екенін айтады. Елдегі өңдеу қуаттылығы әлі де болса толық пайдаланылмай отыр, ал Қытайдан келетін сыртқы сұраныс жоғары.
Экспорт та, өндіріс те өсуде, бірақ нюанстар бар
Айта кетейік, 2023 жылы мемлекет күнбағыс тұқымын шетелге экспорттауға баж салығын енгізген болатын. Мақсат – ішкі нарықты шикізатпен қамтамасыз етіп, күнбағыс майы өндірісін ынталандыру. Соған қарамастан, 2024 жылдың қаңтар-мамыр айларында экспорт көлемі 2022 жылғы деңгеймен шамалас болып отыр. Сонымен қатар, ресми деректер импорттың қысқарғанын көрсетеді. Алайда сыртқы саудадағы бейресми тетіктерді нақты бағалау қиын.
Бұл ретте күнбағыс майын өндіру көлемі айтарлықтай өскен. Жылдың алғашқы бес айында елімізде 331,6 мың тонна май өндірілген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21%-ға артық. Алайда ішкі нарықта өнім жетіспеушілігі байқалып отыр. Биыл нарықта 95,6 мың тонна өнім қалған, бұл былтырғы 112,3 мың тоннадан аз.
Баға мәселесі: тұтынушыны не күтіп тұр?
Ішкі нарықтағы ұсыныстың азаюы мен сыртқы экспорттың өсуі тұтынушы бағасына да әсер етті. 2023-2024 жылдардағы салыстырмалы түрде төмен баға кезеңінен кейін, күнбағыс майы қайта қымбаттай бастады. 2025 жылғы 5 тамыздағы мәлімет бойынша, май бағасы жылдық көрсеткішпен салыстырғанда 32,9%-ға өскен.
Күнбағыс – бүгінде Қазақстан ауыл шаруашылығының ең тиімді әрі стратегиялық маңызды дақылы болып отыр. Өндіріс пен экспорттағы өсім экономикалық тиімділікті арттырып отырса, ішкі нарықтағы тапшылық пен баға мәселесі мемлекет тарапынан қосымша бақылауды қажет етеді.
Еске салсақ, Түркістан облысындағы судан қысылған шаруаның батыл қадамы жайлы жазған едік. 30 жылдан аса уақыт бойы ақ ұлпаға айналған мақтаны баптап келген шаруа биыл алғаш рет күнбағыс егіп, тың бастамаға бел буған.