Сарапшылардың айтуынша, зейнеткерлердің өмір сүру деңгейі – елдің қаншалықты бай және дамығанының айқын көрсеткіші. Қытайда қарттар сый-құрметке ие. Сонымен қатар көптеген дамыған батыс еліндегі қарттарға қарағанда олардың өмірлері әлдеқайда белсенді, әрі қызықты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін Аспан асты еліндегі зейнеткерлердің өмір сүру салтымен танысамыз.
Қытайлардың бүкіл әлем құрмет тұтатын басты қасиеттерінің бірі – салт-дәстүр мен аға ұрпаққа деген көзқарасы. Бүгінгі күні ата-анасына құрмет көрсетпейтін Қытай отбасын сирек кездестіруге, тіпті оны жоқ деуге де болады. Осындай сый-құрметке ие Аспан асты елінің тұрғындары зейнетке шыққанда өмірлерін қайта бастайды. Нақтырақ айтқанда, бұл жолы олар уақыттарын тек өздеріне арнайды, саяхатқа шығады, достарымен кездесіп, табиғат аясында демалады. Мемлекет зейнеткерлердің тіпті қартайған шағында да толыққанды өмір сүруге деген ұмтылысына белсенді түрде қолдау көрсетеді.
Қытайлықтардың зейнет жасы
Орташа өмір сүру ұзақтығы бойынша әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі Қытайда. Сондықтан ерлер зейнетке 60 жаста, ал әйелдер 55 жаста шығады. Сонымен қатар 55 және 45 жастағы ер адамдар мен әйелдер денсаулыққа зиян, қауіп келтіретін белгілі бір өндірістерде немесе лауазымдарда жұмыс істесе, онда олар мерзімінен бұрын зейнетақы алу құқығын иелене алады.
Қытайлық зейнеткерлердің музейлерге тегін кіру, саябақтарда цигун мен тай чи сияқты сабақтарға қатысуға мүмкіндік беретін жеңілдіктері бар. Ал туристік фирмалардағы жеңілдіктер оларға бүкіл әлемге саяхаттауға мүмкіндік береді.
ҚХР-дың қазіргі заманғы зейнетақы жүйесі 2 деңгейден тұрады: базалық зейнетақы және азаматтардың ерікті аударымдары есебінен құрылатын жеке зейнетақы жинақтары. Базалық зейнетақы Мемлекеттік мекемелердің қалалық қызметкерлеріне ғана қолданылады.
Қытайда зейнетақы алуға тікелей әсер ететін бірқатар фактор бар. Олар мыналар:
- жұмыс өтілі (ол кем дегенде 15 жыл болуы керек, осы уақыт ішінде жұмыс беруші мен қызметкер үнемі аударымдарды жүргізуі керек);
- мемлекеттік кәсіпорындарға, мемлекеттік қызметке, өнеркәсіптік өндіріске жұмысқа орналастыру немесе жеке кәсіпкер болуы;
- жалақы деңгейі;
- аймақ.
Қытайдың спортшы, биші, әнші қарттары немесе Қартайған шақтағы денсаулық құпиясы
Қытайлық зейнеткерлер аулада отырып алып, адамдардың немен айналысып жүргенін бақылап отыратын қарт адамның дәстүрлі бейнесінен әлдеқайда алыста. Олар көп жағдайда тіпті жалындап тұрған жастардан да асып түседі десек артық айтқанымыз болмас. Бұған Қытайда болған кез келген адам дәлел.
Егер сіз жазда Қытайға сапар шеккен болсаңыз, саябақтарда жүрген зейнеткерлерге бірден көзіңіз түседі. Олар таңертең дәстүрлі гимнастикамен айналысады, ал кешке саябаққа магнитофондармен келіп, жұп және топ болып билерді үйренеді. Бұл адамдардың арасында жастар жоқ, тек зейнеткерлер. Осыдан бұл қариялардың спорт, би, музыка арқылы өз көңілдерін көтеріп, өте бақытты өмір сүріп жатқанын байқауға болады.
Қытай халықаралық баспасөз орталығының бағдарламасына қатысып жатқан шетелдік жүрналистер де тайчи сабағына қатысып көрді. Шетелдік журналистерге шеберлік сабағын 71 жастағы жаттықтырушы Ян Сонгцюань өткізген болатын.
Ян Сонгцюань 1951 жылы Хэнань провинциясының Вэньсян қаласында дүниеге келген. Ол бала кезінен атасы, тайчи шебері Чен Чжаопиден дәріс алған. Ян Сонгцюань мырза 60 жылдан астам уақыт бойы осы спорт түрімен келеді. Қазіргі уақытта Пекин Тайцзицюань Чэньцзягоу оқу орталығының бас жаттықтырушысы, АҚШ пен Швейцариядағы көптеген шетелдік жекпе-жек спорт залдарының арнайы тағайындалған жаттықтырушысы, Кембридж университетінің Ицзин зерттеу альянсының тайчи бойынша аға кеңесшісі, Румыния Денсаулық өнері академиясының құрметті президенті және Қытай тайчи Денсаулық қауымдастығының сарапшысы.
Шанхайда жүргізілген сауалнамада қала зейнеткерлерінің шамамен 80%-ы аптасына кемінде үш рет спортпен шұғылданатыны анықталған.
Қытай қарттарының тағы бір сүйікті ісі, хоббиі - цигун сауықтыру жаттығуы. Ол - ежелгі қытайлық емдеу техникасы, ХХ ғасырдың 50 жылдары елде кең таралған Қытай дәстүрлі медицинаның бір бөлігі болып саналады. Цигун көптеген аурудың алдын алуға және емдеуге көмектеседі.
Мысалы, адам ағзасындағы процестерді реттеу арқылы иммундық жүйеге оң әсер етеді. Сондай-ақ бұл күйзелісті азайтуға, тыныс алу бұлшықеттерін нығайтуға және қабынуды жеңілдетуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, күйзеліс, абыржу деңгейін төмендетуге көмектесетін «іштің тынысы» деп аталатын жаттығуды жасау ұсынылады.
Білім, бизнес, саяхат. Егде жастағы хобби
Бір қызығы, қытайлықтар қартайғанда шағын дүкендер, химиялық тазалау, түрлі өнімдерді жеткізетін компаниялар ұйымдастырып, шағын бизнеспен айналыса бастайды. Бұл жерде әңгіме ақша жетіспеушілігінде де емес. Мұны Қытай зейнеткерлері бұрын өздерінің барлық жоспары мен арманын жүзеге асыруға уақыты болмағанымен түсіндіреді.
Қытай зейнеткерлерінің тағы бір қыры - білімге деген сүйіспеншілік. Қытайдың түкпір-түкпірінде қарттарға арналған арнайы институттар жұмыс істейді. Олардың саны 70 мыңнан асады. Мұнда әртүрлі ғылыми пәндерді үйреніп қана қоймай, адамдар сөйлесуге, жаңалықтарды білуге, жаңа достар табуға болады.
Қытайлық зейнеткер жұптардың балаларын ертпей, өздері саябақтарды аралап, табиғат аясында демалып жүргенін жиі кездестіруге болады. Олар қартайған шақтарында жаңа смартфондарды, электронды ақшаны белсенді пайдаланып, трендтен қалмай, белсенді өмір салтын ұстанады.
Қазақта «қарттарын қадірлеген ел ардақты» деген жақсы сөз бар. Сондай-ақ «қарттар – үйдің қазынасы» деп қазақ қарияларды құрмет тұтады. Біздің ата-әжелеріміз ауыр жұмыстан босатылып, отбасында немере-шөберелеріне үлгі-өнеге, тәрбие береді. Немерелерін мектепке, балабақшаға апарып, олармен бірге серуендеумен уақыттарын өткізеді.