Күлдіре отырып ой тастайды

29 Наурыз 2023, 14:00
1449
Бөлісу:
Күлдіре отырып ой тастайды
PHOTO
Фото: автордан

Көкшетауда мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтың 125 жылдық мерейтойына орай «Сәлем» халықаралық комедиялық театр фестивалі өтуде, деп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Өнер шарасына 9 аталым бойынша Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан театрлары қатысуда. Театрлар арасындағы шығармашылық байланысты нығайтуды көздейтін фестивальге комедия жанрында да халыққа түрлі қойылымдарды ұсынып жүрген өнер ұжымдары келді. 

Комедия жанрындағы қойылымдарды көрермен назарына ұсынып жатқан фестиваль өңірде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Фестиваль театрларға тәжірибе алмасуға, актерлік шеберлік пен сахна мәдениетін арттыру бойынша өз жетістіктерімен бөлісуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, әр қойылымнан кейін талқылау ұйымдастырылады. Тәжірибелі актерлер жастарға шеберлік сағаттарын өткізеді, – дейді Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының басшысы Жарас Қалдаров.

Көрермен назарына алғаш ұсынылған – Астана қаласының Жастар театры алып келген Қанат Жүнісовтің «Пранк-Махаббат» комедиясы. Қойылым режиссері ҚР еңбек сіңірген қайраткер Дәурен Серғазин басты рольді өзі сомдады. 

Күлдіре отырып ой тастайды

Студенттер жатақханасындағы жігіттердің көңілі ауған қыздарға сезімін білдіру жолындағы түрлі құйтырқы әрекеттері көпшіліктің езуін жиғызбады. «Студенттік өмірді көріп, жатақхананың қызықты күндерін басынан кешірген әрбіріміз үшін бұл жанымызға жақын қойылым болды, әрі жалындаған жастық шағымызға қайта оралтты. Актерлердің әрбір ырғағы, ритмге сай қозғалысы, көз ілеспес жылдамдығы өнердің дәмін сезініп, тереңіне бойлап, өн бойынан өткізе алатын нағыз хас шеберліктің үлгісі екені сөзсіз, – дейді өнер жанашыры Аружан Қанатқызы.

Күлдіре отырып ой тастайды

Көкшетаулық көрермен Өзбекстаннан келген «Тұран» мемлекеттік әскери театрының жұмысын жоғары бағалады. Өнер ұжымы Хамза Ниезийдің «Ғул ғула» қойылымын ұсынды. Комедияның басты идеясы ерлі-зайыптылардың арасына от тастап, содан ләззат алатын адамдардың типін ажырата білуге үйрету. 

Біздің спектакль көрермендерге ұмытылмас әсер қалдырғанына сенімдімін. Комедия жанрындағы фестивальдер жиі өткізілмейтіндіктен,  осы жолы бас қосқан өнер ұжымдары бір жасап қалғанын атап өткім келеді. Әрі мұндай жиындар актерлар мен актрисаларға тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. «Тұран» театры Өзбекстан Қорғаныс министрлігінің жанынан құрылған. Көкшетауға алғаш келуіміз,  Бурабайдың әсем табиғаты туралы көп естідік. Қала шағын, жайлы. Шығармашылық адамдар өз тәжірибелерімен бөлісуі керек, жиі шығып, жаңа жерлерді көруі керек, содан кейін ғана шығармашылыққа деген ұмтылыс болады, - деп атап өтті қойылым режиссері Сайфиддин Мелиев.

Қазының теріс әрекеттері, ерлі-зайыптылардың өзара кикілжіңі, үйдегі күтушілердің қызықты қылықтары, бәрі-бәрі үйлесім тапты. Сахнада қойылымды дойрада жанды музыкамен әрлеген екі жігіттің ойыны, актерлар мен актрисалардың биі жарасымды болды. 

Мен облыс орталығында өтетін театр фестивальдеріне үнемі келіп тұрамын. Себебі өзге өңірлерден, өзге елден келген өнер ұжымдарын тамашалаудың өзі бір ғанибет. Жергілікті театрдың қойылымдарына да барып тұрамын. Ал осындай фестивальдердің берері мол. Бұл тек көрермен үшін ғана емес, сахна шеберлерінің өз тәжірибесін толықтырып, біліктілігін жоғарылатуға да ықпал етеді ғой, –дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Айнагүл Баржақсина. 

«Жастар театры» актерлік труппасының меңгерушісі Айгүл Баяділова комедиялық жанрдың күрделі екенін атап өтті.

Күлдіре отырып ой тастайды

Адамдарды жылатудан гөрі эмоционалды және психологиялық тұрғыдан күлдіру әлдеқайда қиын, комедия жанры ең қиын болып саналады. Менің ойымша, осындай фестиваль өткізу жақсы бастама және ол уақыт өте келе дәстүрге айналады. Репертуарымызда көптеген комедиялар бар, - дейді Айгүл Баяділова.

Қазақстан Республикасының халық әртісі Тілектес Мейрамов атап өткендей, мұндай өнер додаларының пайдасы зор.

Себебі мәдениет саласын өкілдерінің өзара байланыс, қарым-қатынас жасауы аса қажет. Әрі шыңдалады, әрі үйренеді. Бір-бірінің ойынын көріп, ой түйеді. Әсіресе, жастарға аса қажет. Олар сахна деген құдіретті де киелі орынның жауапкершілігін түсіне бастайды. Көрермен алдына шығып, өнер көрсету оңай дүние емес. Ол жерде барыңды салып, жан дүниеңмен сезініп, берілген рольді өз деңгейінде ойнап шығу үшін көп тер төгіледі. Сонда ғана сенің образың шынайы, көрермен жүрегіне жетеді, – дейді театр майталманы.

Театр әртістері көкшелік көрерменнің ыстық ықыласына алғыс білдірді. 

Адамдарды күлдіру әлдеқайда қиын. Өзім түрлі образда адамдардың көңіл-күйін көтеруді, эмоциялар беруді, көрермендердің шынайы реакциясын көруді ұнатамын. Біз үнемі жаттығамыз. Мимика, ым-ишара, дикциямен жеткізе білу маңызды. Гастрольдік сапармен ел өңірлерін жиі аралаймыз. Бұл басқа театрлармен ынтымақтасуға, олардың жетістіктерін көруге, өз тәжірибемізбен бөлісуге мүмкіндік береді. Жақында Алматыда және Балқашта гастрольдік сапармен болып, оған дейін Қызылорда, Петропавл, Шымкент, Түркістанда өнер көрсеттік, – дейді жас актер Әміре Әбутәліп.

Бірнеше күнге жалғасатын театр фестивалі аясында көкшетаулықтар  назарына сондай-ақ, қостанайлық өнер ұжымы «Сұлтанның аты сұлтан», қырғыздық театр «Алда жаш жубайлар, ай», шымкенттіктер «Айман-Шолпан», түркістандық өнер ұжымы «Турандот ханшайым», павлодарлықтар «Венециялық егіздер», талдықорғандықтар «Қазақы комедия», драма және комедия театры «Чарли Чаплинді» ұсынып отыр.

Өзгелердің жаңалығы