Қуат Бораш: Мұндай бағдарлама ТМД елдерінде тек Қазақстанда ғана бар

9 Маусым 2021, 20:43
3235
Бөлісу:
Қуат Бораш: Мұндай бағдарлама ТМД елдерінде тек Қазақстанда ғана бар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін ғана Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы болып тағайындалған Қуат Бораш «Қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді басып шығару және тарату» мемлекеттік бағдарламасына қатысты пікір білдірді.

Бүгін Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы лауазымына кірістім. Осы жауапты қызметке арнайы шақырып, сенім білдіргені үшін Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Рахметоллақызы Райымқұловаға шынайы ризашылығымды білдіремін. Тәуелсіздік жылдарында архив ісін ілгерілету бойынша дербес комитеттің құрылуы мемлекеттіліктің жазба тарихын заманауи деңгейде орнықтыру және құжат түріндегі ұлттық құндылықтарымызға деген шынайы жанашырлықтың белгісі деп білемін. Комитет сондай-ақ, мемлекеттік рәміздер саласы және кітап шығару ісі бойынша мемлекеттік саясатты үйлестіреді - деді ол өз қызметі жайлы.

Ол, кітап шығару мәселесі бойынша әлеуметтік желіде жазылып жатқан бірқатар жайттер (қаламгер Қанат Әбілқайырдың жазбасы) бойынша өз ойымды бөлісуді жөн санағанын айтты.

Осы күнге дейін Мәдениет және спорт министрлігі өткізіп келе жатқан қос бірдей ерекше бағдарлама бар. Оның біріншісі – «Қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді сатып алу, басып шығару және тарату» бағдарламасы. Ашығын айту керек, мұндай бағдарламаны ТМД елдерінде тек Қазақстанда ғана жүзеге асырылып отыр. Басқа көршілес елдер нарыққа көштік деп қаламгерлерге кітаптарыңды өз қаражаттарыңа шығарып, әдеби агенттер арқылы өздерің өткізіңдер, өз күндеріңді өздерің көріңдер дегенде Қазақ елінің мемлекеттік бюджеттен арнайы қаржы бөліп, ақын-жазушылардың шығармаларына қаламақы төлеуі ерекше үлгі болар іс екенін ескеруіміз керек. Атап өтер жайт, мемлекеттік бағдарлама бойынша күні кешеге дейін қолжазба өткізген авторлар өздерінің авторлық құқықтарынан 70 жылға дейін айырылып отырса, былтырдан бастап бұл мерзімді 3-5 жыл аралығына дейін қысқарту мәселесі қарастырылды. Сатып алған қолжазбаны министрлік 3-5 жыл ішінде шығаруы тиіс. Осы мақсатта жыл сайын бірнеше кітап 3 000 данамен жарық көріп, республиканың түкпір-түкпіріндегі Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты кітапханаларға таратылады - деді Қуат Бораш.

Жалпы, «Қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді баспы шығару және тарату» мемлекеттік бағдарламасы шығатын кітаптарды бір жыл бұрын іріктеп (мысалы 2022 жылы шығатын кітаптардың іріктеуі 2021 жылы өтеді) алады.

Биыл «Қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді басып шығару және тарату» мемлекеттік бағдарламасының алдын-ала іріктеу жұмыстарын жүргізу міндеті Ұлттық мемлекеттік кітап палатасына берілгенін көпшілік біледі. Заңға сәйкес орын алып отырған өзгерістер туралы еліміздің жетекші бұқаралық ақпарат құралдарында бірнеше мәрте материалдар жарияланды. Ал осы бағдарламаға қызығушылық танытатын азаматтардың басып көпшілігі – ақын-жазушылар, журналистер, жалпы айтқанда, қоғамдық ортада жүрген азаматтар. Олардың мұндай өзгерістерден бейхабар болуы екіталай - дейді ол.

Әлеуметтік желідегі жазбаларда «Біз Абаймен, Шәкәрімен, Жамбылмен, Әбішпен қалай бәсекеге түсеміз» деген ұғымдағы пікір айтылады.

Расында Абай, Жамбыл, Шәкәрім сияқты ұлы тұлғалардың еңбектерін шығару – тарихты тану, тарихты насихаттау, болашақ ұрпаққа ұлыларымыздың ұлағатын сіңіру екенін түсіндіріп жатудың өзі артық. Сондай-ақ, тарихи тұлғалардың еңбектерін шығару туралы шешім қабылданар кезде олардың көркемдік формасына, шығарманың өзектілігіне, мазмұнына емес, бұл кітаптардың кітапханалардағы қажеттілігіне қарайды. Соңғы рет қашан басылғаны, қанша таралыммен таралғаны туралы сұрақтар қарастырылады - деді Қуат Бораш.

Оның сөзіне қарағанда, жастар шығармашылығы да мемлекет тарапынан қағажу қалған емес. 

Қажет болса, жас қаламгерлердің осы уақытқа дейін жарыққа шыққан кітаптарының ұзын-ырғасын санамалап беруге де әзірміз. Жаңа талаптарды хабарлау мәселесіне келсек, Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының айтуынша, «Қоғамдық маңызы бар әдебиеттері сатып алу, басып шығару және тарату» мемлекеттік бағдарламасы туралы сұрап келген қаламгерлерге жөн сілтеп, телефонға хабарласқан көпшілікті де жауапсыз қалдырмаған. «Қазақ әдебиеті», Qazaq radiosy, Abai TV сияқты беделді бұқаралық ақпарат құралдары мемлекеттік бағдарламаны өткізудегі дәстүрлі дағдылардың өзгергені туралы материалдарды жариялаған. Бұдан бөлек, Қазақстан Жазушылар Одағына, Қазақстан Баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар Ассоциациясына, барлық баспаларға хат жіберілген - деді комитет төрағасы.

Ол сөз соңында кітап шығару ісі - жас ұрпақтың кісілік келбетін қалыптастыру, ұлттық танымын кеңейту екенін атап өтті.

Бұл істе қолжазбаларды, шығармаларды сараптау, оқырман талғамына сай таңдау ісі мейілінше ашық жүргізіліп келеді. Бұл іс көпшіліктің ой-пікіріміен ұштала беретін болады. Ұсыныстарыңыз болса әрдайым тыңдауға әзірміз. "Тірліктің диірменін бірлік тартады " демекші, ұлт мұраты, ұрпақ келешегіне қатысты мәселелерде қашанда бірге болайық! - деді Қуат Бораш.

Өзгелердің жаңалығы