Қуантатын жағдай да бар. 3 жылда білім беру сапасы 3 есеге өсті - БҒМ

18 Ақпан 2021, 16:59
2162
Бөлісу:
Қуантатын жағдай да бар. 3 жылда білім беру сапасы 3 есеге өсті - БҒМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ОКҚ-де жоғары білім сапасын арттыру бойынша өткен брифингте БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова университеттердің жағдайы туралы сөз қозғады.

Кейбір ЖОО-да тиісті жағдай жасалмаған. Егер ЖОО-да тиісті оқытушы болмаса, қалай оқу үрдісі жүргізіледі? Бұл жерде көбіне сырттан шақыртылған оқытушылар қосымша сабақ беріп кетеді. Сонда қандай сапа болады? Бұл жерде бастысы – келген оқытушылардың тиісті біліктілігі жоқ немесе дайындалған пәннің мазмұны атауына сәйкес келмейді, - деп атап өтті комитет басшысы.

Ол атап өткендей, білім беру бағдарламаларының сапасы бойынша да сұрақ жоқ емес.

Министрлік жыл сайын «Атамекен» палатасымен бірлесе отырып, рейтинг жүргізеді. Ол жерде жұмыс берушілердің сапаға қатысты сұранысы, ойы нақты көрсетіліп отыр. Қуантатын жағдай да бар. Үш жылдың ішінде білім беру бағдарламаларының сапасы үш есеге өскен. Дегенмен әлі де кей университеттер жұмыс істеулері керек. Білім беру бағдарламаларының сапасын жұмыс берушілермен бірге жасау қажет, - дейді Көбенова.

Сондай-ақ ол екінші мәселеге де тоқталды.

Екіншіден, тиісті материалдық базасы жоқ. Лабораториялар жоқ. Шын мәніне келгенде практикаларды жүргізетін базалар мен кейбіреулеріне берілетін келісімшарттар жұмыс істемейді. Жағдай жасалмаса, қалай білім беріледі? Қалай сабақ жүргізіледі?! – деп мәселеге тоқталды Гүлзат Көбенова.

Оның сөзінше, кей ЖОО-ларда мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін де жағдай жасалмаған. Айта берсек, көптеген кемшілік бар.

Сапалы білім беру үшін жағдай болуы керек. Әр ЖОО осы жағдайларды жасауға тырысуы керек, - дейді Көбенова брифингте.

Өзгелердің жаңалығы