"Крокус Сити Холлдағы" теракт: 150 адамның өліміне кінәлілерге сот үкімі шықты

Мәскеу соты "Крокус Сити Холлдағы" терактіні жасағандарға өмір бойы түрме жазасын берді.

 Sergei Karpukhin/TASS/picture alliance 12 Наурыз 2026, 16:53
12 Наурыз 2026, 16:53
817
Фото: Sergei Karpukhin/TASS/picture alliance

Мәскеудегі Екінші Батыс округтік әскери сот 12 наурыз күні "Крокус Сити Холл" концерт залындағы теракт ісі бойынша үкім шығарды. Шабуылды тікелей орындаған төрт адам өмір бойына сотталды. Теракт салдарынан 150 адам қаза тапқан, деп хабарлайды BAQ.KZ DW басылымына сілтеме жасап.

Сот терактіні тікелей орындады деп танылған Далерджон Мирзоев, Саидакрами Рачабализода, Шамсидин Фаридуни және Мухаммадсобир Файзовты өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Олар террорлық акт жасау, терроризмге жәрдемдесу, террористік дайындықтан өту және басқа да бірқатар қылмыстар бойынша кінәлі деп танылды. Сонымен қатар әрқайсысына 990 мың рубль (шамамен 6,4 млн теңге) көлемінде айыппұл салынды.

Сот үкіміне сәйкес, сотталғандар жазасын ерекше режимдегі колонияда өтейді.

Тергеу оларды теракт ұйымдастырушыларына көмектесті деп санайтын тағы 11 адамға да өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Олардың қатарында Умеджон және Мустаким Солиевтер, Шахромджон Гадоев, Зубайдулло Исмоилов, Хусейн Хамидов, Мухаммад Шарипзода, Якубджони Юсуфзода, Назримад Лутфуллои, Джумахон Курбонов, Хусен Медов және Джабраил Аушев бар.

Ал тағы төрт айыпталушы 19 жыл 11 айдан 22,5 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

"Крокус Сити Холлдағы" теракт

"Крокус Сити Холл" концерт залындағы теракт 2024 жылғы 22 наурызда болған.

Қаруланған адамдар концерт кешені ішінде "Пикник" тобының концерті басталар алдында залға басып кіріп, көрермендер мен қызметкерлерге оқ жаудырған. Кейін ғимаратты өртеп жіберген.

Шабуыл салдарынан 150 адам қаза тапты.

Бұл теракт үшін жауапкершілікті "Вилаят Хорасан" тобы – "Ислам мемлекеті" (ИГ) террористік ұйымының ауғанстандық қанаты өз мойнына алған.

Ал Ресей президенті Владимир Путин лаңкестер бұл әрекетті Украина мүддесі үшін жасағанын мәлімдеген.

"Крокус Сити Холлдағы" терактіге қатысы бар күдіктілер АҚШ-та ұсталған болатын.

Наверх