Сирек металдар Қазақстан үшін "екінші мұнайға" айнала ма?

Қазақстанда литий, никель, кобальт және сирек жер элементтері мол.

Бүгiн 2026, 15:15
АВТОР
 Жасанды интеллект Бүгiн 2026, 15:15
Бүгiн 2026, 15:15
231
Фото: Жасанды интеллект

Критикалық минералдар жаһандық экономиканың жаңа драйверіне айналып келеді. Литий, кобальт және сирек жер элементтері үшін күрес күшейген сайын, Қазақстан да бұл бәсекенің белсенді қатысушысына айналып отыр. Алайда негізгі сұрақ өзгермейді: ел осы ресурстардан нақты қандай экономикалық пайда көре алады? BAQ.KZ тілшісі мәселені талдап көрді.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда критикалық минералдарға деген сұраныс қарқынды өсіп отыр. Бұл өсім жасыл энергетика, цифрлық технологиялар және жоғары технологиялық өндірістің дамуына тікелей байланысты.

Критикалық минералдар – экономика мен технологиялар үшін аса маңызды, бірақ жеткізілім тәуекелі жоғары әрі баламасы шектеулі пайдалы қазбалар. Бұл санатқа тек сирек және сирек жер металдары ғана емес, сонымен қатар базалық металдар да кіреді. Әлемнің әрбір технологиялық дамыған елі осындай ресурстардың өз тізімін қалыптастырған.

Ресурстық әлеует: Қазақстан картасы

Қазақстан аумағында Еуропалық одақ пен АҚШ тізіміне енген көптеген критикалық минералдар бар. Олардың қатарында вольфрам, алюминий, барит, марганец, никель, кобальт, галлий, титан және басқа да элементтер бар.

Өңірлік бөлініске сәйкес:

  • Орталық Қазақстан – марганец пен вольфрам
  • Шығыс Қазақстан – титан, сирек және сирек жер элементтері, литий
  • Солтүстік Қазақстан – боксит
  • Батыс Қазақстан – хром мен барит
  • Оңтүстік Қазақстан – сирек металдар

Қазақстанның пайдалы қазбалар қорының мемлекеттік есебінде 41 никель және 57 кобальт кен орны тіркелген. Бұл кен орындары Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Павлодар облыстарында орналасқан.

Литий кен орындарының негізгі бөлігі Шығыс Қазақстанда шоғырланған. Сонымен қатар Алматы және Қызылорда облыстарында да кен орындары бар.

Өндіріс: бар мүмкіндік, бірақ жеткілікті ме?

Қазақстан сирек металдар өндірісі саласында белгілі бір деңгейде құзыретке ие.

Елде әлемдегі төрт толық циклді бериллий және тантал өндірісінің бірі орналасқан. Сонымен қатар рений өндіретін төрт мамандандырылған зауыттың бірі де Қазақстанда жұмыс істейді.

  • Үлбі металлургиялық зауыты бериллий мен тантал өнімдерін шығарады.
  • Қазцинк мырыш концентратын өңдеу кезінде висмут пен сурьма алады.
  • Қазақмыс корпорациясы мыс өңдеу барысында селен мен теллур өндіреді.

Қазақстандық титан өнімдерін Boeing және Airbus сияқты ірі компаниялар қолданады.

Сонымен қатар батарея өндірісіне қажетті марганец сульфатының моногидраты өндіріледі.

Алайда ішкі сұраныстың төмендігіне байланысты өндірілген өнімнің басым бөлігі экспортқа бағытталған.

Экспорт және серіктестік

Қазақстан Еуропалық одақ, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Корея, Жапония, Франция және Германиямен осы салада әріптестік орнатқан.

Қазақстан АҚШ-қа уран, күміс, титан, ферроқорытпалар, бериллий, тантал және ниобий жеткізеді. 2023 жылдан бастап «ӨКТМК» АҚ Boeing компаниясына титан құймаларын жеткізуде. Айта кетейік, Қазақстан АҚШ тізіміне енгізілген 60 критикалық минералдың 25-ін әртүрлі көлемде және қайта өңдеу деңгейінде өндіреді және өңдейді.

Қазақстанның сирек және стратегиялық металдар саласына шетелдік инвесторлар белсенді қатысуда. Мәселен, АҚШ-тың Cove Capital LLC компаниясы бірлескен кәсіпорындар арқылы отандық серіктестермен бірге вольфрам және сирек жер металдары жобаларын жүзеге асырып келеді. Ал австралиялық Sarytogan Graphite Limited компаниясы аккумулятор өндірісіне қажетті материалдар бағытындағы ірі Сарытоған графит жобасын дамытуда.

Сонымен қатар, литий кен орындарын игеру бойынша Германияның Bergbau AG компаниясымен бірлескен жоба іске асырылуда. Қытайлық Jiaxin International Resources Investment Ltd. компаниясы «Жетісу Вольфрамы» ЖШС-нің вольфрам триоксидін өндіру жобасына шамамен 350 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция құюда.

Саланы әртараптандыру мақсатында 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында кемінде бес жаңа сирек металл өндірісін іске қосу көзделген. Атап айтқанда, 2026 жылы ERG компаниясы жылына 15 тонна галлий өндіретін желіні іске қосуды жоспарлап отыр.

Бұдан бөлек, серіктестермен бірлесіп литий-ионды батарея қалдықтарын қайта өңдеу және рений өндіру жобалары пысықталуда. Ақсу қаласында «Taza Metal Technologies» компаниясы марганец хабын құру жобасын жүзеге асыруда. Бұл жоба аясында электролиттік марганец, марганец диоксиді және басқа да өнім түрлерін шығару жоспарланған.

Сондай-ақ тұрақты магниттер мен ыстыққа төзімді никель қорытпаларын қайта өңдеу бағыттары басымдыққа ие болып, оларды іске асыру мүмкіндіктері қарастырылуда.

Мемлекеттен қандай қолдау бар?

Қазақстан критикалық минералдар саласында тек шикізат жеткізуші рөлінде қалып қоюды көздемейді. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, ел өндірістік тізбектің «орта буынын» (midstream) дамытуға және кезең-кезеңімен жоғары қосылған құны бар өнімдер шығаратын downstream сегментіне өтуді басты басымдық ретінде айқындаған. Бұл саясат Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, жаһандық жеткізу тізбегіндегі орнын нығайтуға бағытталған, – деп жауап берді Өнеркәсіп министрлігі редакциямызға.

Қазіргі таңда өңдеу деңгейі салыстырмалы түрде төмен болғанымен, оны тереңдету бойынша жүйелі шаралар қабылдануда. Инвестиция тарту мақсатында 2026 жылға дейінгі инвестициялық саясат тұжырымдамасы жүзеге асырылып жатыр. Соған сәйкес, басым салалардағы инвесторларға салық және кедендік жеңілдіктер, сондай-ақ натуралды гранттар ұсынылады.

Бүгінде Қазақстанда 17 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді, оларда өндіріс ашатын кәсіпорындарға түрлі преференциялар қарастырылған. Сонымен қатар, Астана халықаралық қаржы орталығы алаңында британдық құқық нормаларына негізделген қолайлы инвестициялық орта қалыптасқан. Бұл шетелдік инвесторлар үшін құқықтық қорғаныс пен қаржылық қызметтердің кең спектрін қамтамасыз етеді.

Жер қойнауын пайдалану саласының ашықтығын арттыру мақсатында Minerals.e-Qazyna.kz бірыңғай цифрлық платформасы енгізілген. Бұл платформа арқылы кен орындарына аукциондар өткізіліп, барлық қатысушылар үшін тең әрі ашық шарттар ұсынылады.

Экологиялық қауіпсіздік мәселесіне де ерекше көңіл бөлінеді. Критикалық минералдарды өндіру Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексі және жер қойнауын пайдалану туралы заңнама талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

Қазіргі уақытта сирек металдар өндірісінің ЖІӨ-дегі үлесі жоғары емес. Алайда жаһандық технологиялық трансформация аясында бұл сала стратегиялық маңызға ие болып отыр. Жаңа өндірістерді іске қосу экономиканы әртараптандыруға, өңірлік дамуға және жұмыспен қамтуды арттыруға ықпал етеді.

Сонымен қатар, салада бірқатар тәуекелдер сақталуда. Олардың қатарында терең өңдеу технологияларының жеткіліксіздігі және әлемдік нарықтағы бағаның құбылмалылығы бар. Бұл факторлар инвестициялық жобалардың қарқынына әсер етуі мүмкін.

Министрлік бағалауы бойынша, алдағы 5-10 жылда жүргізіліп жатқан саясат пен инвестициялық белсенділіктің арқасында Қазақстанның критикалық минералдар нарығындағы позициясы айтарлықтай күшейеді. Ел көпвекторлы ынтымақтастықты дамыта отырып, АҚШ, Еуропа одағы, Ұлыбритания, Ресей, Үндістан, Жапония және Оңтүстік Корея сияқты негізгі серіктестермен байланысын кеңейтіп келеді.

Осылайша, Қазақстан минералдық-шикізат базасы, инфрақұрылымы және адами капиталының арқасында критикалық минералдар саласында midstream деңгейіндегі ел ретінде қалыптасып, жаһандық жеткізілім тізбегінің тұрақтылығын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқара алады.

Сарапшы пікірі: критикалық минералдар және жаңа геосаяси шындық

CEGREG жаһандық және өңірлік басқару орталығының директоры, Maqsut Narikbayev University халықаралық қатынастар профессоры Икболжон Корабоев айтуынша, соңғы жылдары Орталық Азияда критикалық минералдар мен көлік-логистикалық байланыстар тақырыбы стратегиялық деңгейге көтерілді.

Оның сөзінше, бұл бағыттар бүгінде тек экономикалық емес, ірі державалардың аймаққа қатысты саясатының негізгі элементіне айналып отыр.

Бүгінде біз Орталық Азия туралы айтқанда, тек аймақ ішінде емес, одан тыс жерлерде де критикалық минералдар, сирек жер металдары және көлік дәліздері туралы жиі айтамыз. Бұл тақырыптар Пекинде де, өңір астаналарында да стратегиялық талқылаудың орталығында тұр, – деді ол.

Оның пікірінше, Қытай мен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастықты тек прагматикалық немесе экономикалық тұрғыдан ғана қарастыру жеткіліксіз.

Бұл ынтымақтастықтың артында ортақ қағидаттар жатыр. Соңғы жылдары қабылданған екіжақты және көпжақты құжаттарда мемлекеттердің егемендігі, теңдігі және ішкі істерге араласпау принциптері бекітілген. Бұл – ынтымақтастықтың институционалдық негізі, – дейді Корабоев.

Сарапшының айтуынша, Қытайдың даму стратегиясында “ашықтық” пен “қауіпсіздік” бір-біріне қарама-қайшы емес, керісінше өзара толықтыратын факторлар ретінде қарастырылады.

Қытайдың жаңа стратегиясы өзара тиімді және қауіпсіз ынтымақтастыққа негізделген. Бұл жерде нарықтарды кеңейту, стандарттау, жасыл сауда және цифрлық экономика бағыттары маңызды орын алады. Орталық Азия елдері үшін бұл – жаңа нарықтарға шығудың нақты мүмкіндігі, – деп пайымдады халықаралық сарапшы.

Сонымен қатар, сарапшы Қытайдың “Бір белдеу, бір жол” бастамасы аясында көлік дәліздеріне ерекше назар аударылып отырғанын атап өтті. Әсіресе Транскаспий халықаралық көлік бағыты (Орта дәліз) және Қытай–Қырғызстан–Өзбекстан теміржолы маңызды жобалар ретінде қарастырылады.

Бұл жобалар Орталық Азия үшін стратегиялық маңызға ие. Бұрын аймақ географиялық тұрғыдан оқшау деп қарастырылса, қазір ол жаһандық логистикалық жүйенің маңызды бөлігіне айналып келеді. Бұл – географиялық әлсіздіктен геоэкономикалық артықшылыққа көшу, – деп айтты Икболжон Корабоев.

Критикалық минералдар тақырыбына тоқталған сарапшы бұл ресурстардың маңызы тек экономикалық емес, геосаяси деңгейде де өсіп отырғанын атап өтті.

Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан “сирек жер металдары – екінші мұнай” деген пікірдің мәні зор екенін жеткізді.

Бүгінде критикалық минералдар төңірегінде геосаяси бәсеке күшейіп келеді. Бұл ресурстар стратегиялық сипатқа ие. Қазақстан соңғы жылдары бұл секторда белсенді жұмыс жүргізіп жатыр, жаңа кен орындары ашылуда, саланы дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар қабылданып жатыр, – деп ойын айтты спикер.

Сарапшының айтуынша, Орталық Азия елдері, оның ішінде Қазақстан мен Өзбекстан, бұл бағытта халықаралық әріптестікті белсенді дамытып келеді. Аймақ елдері АҚШ, Еуропа, Жапония және Қытаймен келісімдер жасасып, инвестиция тартуға ұмтылуда.

Бұл процесті кейде геосаяси маневр ретінде бағалайды. Бірақ шын мәнінде бұл – көпвекторлы саясаттың көрінісі. Елдер әртүрлі серіктестермен жұмыс істей отырып, тәуелсіздігін сақтап, өз позициясын күшейтеді, – дейді ол.

Сонымен қатар сарапшы Қытайдың өзі де критикалық минералдар бойынша толық қамтамасыз етілмегенін атап өтті.

Қытай – әлемдегі ең ірі өндіруші және тұтынушы. Бірақ соған қарамастан, ол кейбір шикізат түрлері бойынша тапшылықты сезінеді. Осы тұрғыдан алғанда, Орталық Азия елдері жаһандық өндірістік тізбекте маңызды серіктеске айнала алады, – деп санайды Икболжон Корабоев.

Алайда сарапшы негізгі мәселе шикізат көлемінде емес, оны пайдалану моделінде екенін ерекше атап өтті.

Басты сұрақ – бұл серіктестікті қалай құру керек. Егер біз тек шикізат экспорттаумен шектелсек, бұл индустриялық даму әкелмейді. Ал егер қосылған құнды ел ішінде қалыптастыра алсақ, бұл экономиканы түбегейлі өзгертеді, – деп айтты ол.

Осы тұрғыда Қазақстан бастамашылық танытып, Астанада сирек жер металдары бойынша өңірлік зерттеу орталығын құру идеясын ұсынған. Сөзінше, мұндай орталық тек ғылыми алаң ғана емес, өңір елдері арасындағы нақты өндірістік және технологиялық кооперацияны дамытуға мүмкіндік беретін институтқа айналуы мүмкін.

Сарапшының пікірінше, критикалық минералдар мен көлік дәліздері өзара тығыз байланысты.

Өндіріс пен логистика бір-бірінен бөлек қаралмайды. Егер өңір осы екі бағытты қатар дамытса, онда Орталық Азия жаһандық жеткізілім тізбегінде маңызды рөлге ие болады, – деп айтты ол.

Қорытындылай келе, сарапшы Қазақстан үшін басты мүмкіндік – көпвекторлы саясатты тиімді пайдалану екенін атап өтті.

Қазақстан әртүрлі елдермен жұмыс істей отырып, бір ғана серіктеске тәуелді болмай, келіссөздегі өз позициясын күшейте алады. Бұл – қазіргі геосаяси жағдайда үлкен артықшылық, – деп ойын айтты ол.

Наверх