Криптовалютаға кіріптарлық. 4,5 млн теңгесінен айырылған көпбалалы ана

Криптовалютаға кіріптарлық. 4,5 млн теңгесінен айырылған көпбалалы ана

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Соңғы кездері тек біздің елде ғана емес, әлемде де криптовалюта мен биткойн ұғымдары жиі айтылып жүр. Оған қызығушылық танытып, ақшасын салып жатқандар да аз емес көрінеді. Сондай инвесторлардың бірі – түркістандық көпбалалы ана Раушан Алданқызы (кейіпкердің өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді). Ол жолдасы екеуі бір күннің ішінде маңдай терімен жинаған 4,5 млн теңгелерінен айырылып қалған.

Криптовалюта – электронды ақша. Оны мемлекет немесе орталықтан бақылайтын институт жоқ. Криптовалютадан ақша табуға бола ма? Жалпы «бизнестің» бұл түрімен кез келген азамат айналыса ала ма?

Криптовалютаның түрі өте көп. Мысалы, Биткойн, Ethereum, Litecoin, Ripple және басқалары. Ал біздің кейіпкеріміз алданып қалған криптовалюталық жоба – Smart Trade Coin деп аталады.

Smart Trade-тің сыры

Smart Trade Coin криптовалюталық жобасы автоматты түрде табыс табу үшін сауда ботына қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Бірақ компания осы қызметтерді ғана атқармайды, сонымен қатар барлық криптовалютаны бір шоттан енгізуге мүмкіндік беретін бағдарламасы бар. Штаб-пәтері оффшорлық аймақта, яғни Сент-Винсент пен Гренадин аралдарында орналасқан. Бірден айта кетейік, жобаның жұмыс істеуге лицензиясы жоқ. Құрылтайшысы – Daan Van Koelen. Smart Trade Coin жұмысының ешқандай заңды құжаты табылмады. Бұл компания нарықта 4 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келеді.

Бұл жоба робот ұсынады. Ол 30%-дан астам кіріс әкеледі, бірақ көрсеткіш ай сайынғы немесе жылдық есеппен шығарылмайды. Егер бағдарламаны DeFi монеталарына қосса, онда пайда 100%-ға дейін өседі.

Біздің отандасымыз осы роботтар арқылы пайда табамыз деп қомақты қаржысынан бір күнде айырылып қалған.

«Баспана аламыз деп жинаған 4 500 000 теңгеден бір сәтте айырылдық»

Түркістан облысының тұрғыны Раушан Алданқызы 30 жаста. Көпбалалы, «Күміс алқалы» ана. Жолдасы екеуі 6 бала – бір қыз, бес ұлды тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы. Қазір тұңғышы 12 жаста, ала ең кішкентайы 1,5 жаста. 

Раушан сұхбат кезінде криптовалютаға қалай кіргендері туралы айтты.

Smart trade coin-ды осыдан 4 жыл бұрын Түркиядан алып келген. Бұл криптовалюталық жоба trade және биткоин сияқты монеталарды сатады. Мысалы, біз алдымен 500 мың теңгеге робот сатып алдық. Ол робот біз үшін жұмыс істеп, ай сайын ақша тауып беретін болды. Яғни ол монеталарды қымбаттағанда сатып, ал арзандағанда керісінше бізге сатып алып береді. Осылай биржаның қызметін атқарады, - дейді көпбалалы ана.

Сөзінше, криптовалюталық жобаға қосылу үшін алдымен инвестор робот сатып алуы керек екен. Ол роботты Раушан мен жолдасы 500 мың теңгеге сатып алған.

Бұл криптовалюта проблемасы былтыр мамыр айында пайда болды. Мамырдың басында біз алдымен робот сатып алу үшін 500 мың теңге салдық, сосын бірден 4 млн теңге құйдық. Бізге бір айда 1 млн теңгеге 300 мың теңгеден аса табыс түсетінін айтты. Бірақ біз ешқандай пайда көрмедік. Себебі біз қосылған күннің ертесіне Smart Trade Coin жұмысы тоқтап қалды. Сөйтіп табыс табамыз деп, салған ақшамыздан да айырылып қалдық, - деп оқиғасын айтты отандасымыз.

Олар жиған-терген 4 млн теңгесін көбейтіп, үй алуды жоспарлаған екен.

Негізі бұл жобаға қосылуға туысымыз шақырған болатын. Ал ол туысымызды Smart Trade Coin-ды Қазақстанға алғаш алып келгендер шақырған екен. Біз өзіміз кіргеннен кейін артымыздан ешкімді қоспадық. Себебі біз ақшамызды салған күннің ертесіне-ақ биржа жоқ болып кетті, - дейді Раушан Алданқызы.

Раушан мен жолдасы екеуі криптовалютаға кіруге бірге шешім қабылдап, биржаға шақырған туысына ақшаны (4,5 млн теңгені – ред.) қолма-қол берген. Ол ақша «күймейтініне» 100 пайыз кепілдік беріп, сенімдеріне кірген.

Бізге алғашында криптовалюта – бизнес екенін айтып, ешқандай шығын болмайтынына сендірді. Бірақ алданып қалдық. Ақшаны салатын кезде ешқандай құжат толтырмадық, келісімшарт та болмады. Smart Trade Coin-ға онлайн тіркеп берді. Ал ақшаны бөлемізге (инвесторларды шақырған туысы – ред.) жібердік. Тіркелу процедурасының бәрін өзі реттеп берді. Бірақ ақшаны қалай салдық, солай ертесіне жоқ болып кетті. Кейін 2 апта өткен соң ақша қайтадан орнына түсетінін айтты. Алайда оны 2 аптадан кейін де көрмедік. Сосын қарашада қайта қалпына келетінін айтып, тағы сендірді. Ол кезде де түспеді. Кейін осы жылдың (2022 жыл) наурызында келетінін айтты. Бірақ әлі ақшамыз қайтарылмады, - деп шағымданды ол.

Қазіргі күні Smart Trade Coin сайтына кіретін жеке мәліметтері (логин, пароль – ред.) де жойылып, жоғалып кеткен көрінеді. 

Smart Trade Coin-ға алданған Түркістан облысының он шақты тұрғыны жиналып, органға арыз жаздық. Бірақ 8 адам арыздарын қайтарып алған. Не себепті арыздарын қайтарып алғанын түсіне алмадық. Қазір 4 адамның арызы ғана бар. Естуімше, осы қаржы пирамидасы республика бойынша 30 мыңға жуық адамды мұзға отырғызып кеткен, - дейді «күміс алқалы» ана.

25 млн теңге салғандар да бар

Ақшаларын көбейтіп аламыз деп қомақты қаржы салғандар көп. Біреуі тіпті 21 млн теңге салып жіберген. Қазір өзін қоярға жер таппай жүр. Одан басқа, Сарыағашта да бір тұрғын үйін, көлігін сатып, тіпті несие алып, сөйтіп 25 млн теңгедей салған. Өкінішке қарай, бұл жігіт 2-3 ай бұрын өзіне қол салып, қайтыс болды, - дейді Раушан Алданқызы.

Криптовалюта құрбаны болған инвесторлар алдымен арызды Кентау қаласының ішкі істер бөліміне барып жазған. Алайда орган арызды қабылдамаған көрінеді.

Алдымен арызды Кентауға барып жаздық. Бірақ Динараның (Smart Trade Coin-ды Қазақстанға алып келген ұйымдастырушы – ред.) адвокаты инвесторлардың арызын кері қайтартқызып алған. Сөйтіп Аудандық ішкі істер қызметкерлері біздің де қолымызға «Сіздердің арыздарыңыз қаралмайды. Бұл қылмыстық іске жатпайды. Өздеріңіз кінәлісіздер» деп арызымызды қайтарып берді. Амалсыздан елордаға келіп отырмыз. Мұнда республиканың түкпір-түкпірінен 15 адам болып келіп, ІІМ және Бас прокуратураға шағымымызды қалдырдық. Бұл органдар арызымызды тіркеп, істі толық тексеретіндерін айтып, шығарып салды, - деп отыр арызданушы.

Оның сөзінше, қаржы пирамидасына алданып қалғандардың көбінің тұрақты табысы жоқ. Кейбірі жиған-тергенін салса, бірі көлігін сатқан, тіпті кредит алып, криптовалютамен айналысуға шешім қабылдағандар да бар.

Әлеуметтік желілерді, интернет беттерін ашып қарасақ, бұл қаржы пирамидасына алғандар саны аз емес. Instagram-да криптовалютаға кіріптар болған бір топ инвестордың парақшасы да бар. Олар өздерін алдағандарды құзырлы органдар іздеп тауып, ақшаларын қайтарып алуды қалап, әділеттік іздейді.

Бөлісу: